Жақын арада біздің нарықта «жасыл облигациялар» термині айналымға енуі мүмкін. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауынша, қазіргі уақытта қазақстандық тәжірибеге инвестициялық және «жасыл» облигацияларды енгізу мәселесі пысықталып жатыр.
Биыл жыл басында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданғаны белгілі. Сол заң аясында қаржы құралдарының жаңа түрлері енгізілмек. Бағалы қағаздар нарығы департаменті директорының міндетін атқарушы Гүлчехра Талқамбаеваның айтуынша, бұл бастама еліміздегі жасыл экономикаға көшу жобасымен үндеседі.
– Елімізде қоршаған ортаны қорғауға бағытталған бірқатар шаралардың қолға алынып отырғаны белгілі. Мемлекеттік қолдау шаралары «жасыл» қаржыландыру шеңберіндегі жобаларға да көрсетіледі. Инвестицияларды тартуға арналған құралдардың бірі «жасыл» облигациялар болып табылады, – дейді Талқамбаева.
Спикердің айтуынша, «жасыл» облигация – борыштық бағалы қағаз. Оның көмегімен эмитент компания («жасыл» бағалы қағазды шығарушы компания) экологиялық проблемаларды шешуге қауқарлы жобаларды іске асыру үшін қаражат тартады. «Жасыл» облигациялар арқылы қаржыландыру үшін «жасыл» жобаларды жіктеуді экология министрлігі дайындап, үкімет бекітеді. Кез келген басқа бағалы қағаздар сияқты «жасыл» облигацияны коммерциялық ұйымдар шығаруға құқылы. Олар басқа да құнды қағаздар секілді айналыс мерзімі бойынша әртүрлі болуы мүмкін, қамтамасыз етілген немесе қамтамасыз етілмеген, айырбасталатын немесе айырбасталмайтын болып бөлінеді.
– «Жасыл» облигацияларды орналастырудан алынған ақша қолданыстағы табиғи ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыруға, қоршаған ортаға теріс әсер ету деңгейін төмендетуге, энергия тиімділігін, энергия үнемдеуді арттыруға, климаттың өзгеру салдарын жұмсартуға және климаттың өзгеруіне бейімделуге бағытталған жобаларды қаржыландыруға байланысты мақсаттарға ғана пайдаланылуы мүмкін, – дейді Гульчехра Талқамбаева.
Спикер атап өткендей, эмитент «жасыл» облигацияларды орналастыру мерзімі ішінде қаржыландырылатын жобаның қоршаған ортаға әсері бойынша жыл сайынғы есепті жариялауға міндетті. Ол инвестициялық бағалы қағаздардың қалай жұмыс істейтінін де түсіндірді. «Халықаралық тәжірибеге сәйкес, негізгі сыйақыны алумен қатар, инвестициялық облигацияны ұстаушының белгілі бір жағдайлардың туындауына не туындамауына байланысты қосымша сыйақы алуға құқығы бар. Инвестициялық облигациялар бойынша кірістілік ол тәуелді базалық актив құнының серпініне байланысты болады», дейді. Бұл ретте инвестициялық облигациялар қор биржасының тізіміне енгізілуі немесе тиісті азаматтық-құқықтық мәмілелер жасасу арқылы алаңнан тыс орналастырылуы мүмкін.
Спикердің айтуынша, облигация бойынша кірістің белгілі бір көрсеткішке, индикаторға немесе индекске қосылуы белгілі бір нарықта мамандандырылған және ұзақ мерзімді болжамдар жасай алатын инвесторлар үшін тартымды. Екінші жағынан, бұл бағалы қағаз ол бойынша сыйақы төлеу шарттарын неғұрлым икемді етуге және осылайша эмитенттің нарықтық тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді. Төлемдер эмитент табысының мөлшеріне, бағалы қағаздардың немесе өзге де қаржы құралдарының пайыздық мөлшерлемелеріне және баға белгілеулеріне, бағалы металдардың, шикізаттың немесе өзге де тауарлардың баға белгілеулеріне, қор және тауар индекстеріне, үшінші тұлғалардың міндеттемелерді орындамауына байланысты болуы мүмкін.
Агенттік өкілінің айтуынша, қазіргі таңда қаржы нарығын қадағалаушы орган инвестициялық және «жасыл» облигацияларды шығару, айналысқа шығару және өтеу тәртібіне қойылатын талаптарды көздейтін тиісті түзетулерді әзірлеп жатыр. Бағалы қағаздар биыл жыл соңына дейін енгізілмек. Еліміздің «жасыл» экономикаға көшуді жылдамдатуы тұрғысынан қарағанда «жасыл» қағаздың нарыққа келуі эмитенттердің де, инвесторлардың да ықыласын оятады деген сенім басым.