Кеше Қазақстанның Ел бірлігі доктринасының қорытынды нұсқасының тұсаукесеріне арналған баспасөз мәслихаты өтті. Доктрина жобасын 2009 жылғы 26 қазанда өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XV сессиясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жалпыхалықтық талқылауға ұсынған болатын. Жұмыс барысында қоғамдық, саяси, үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтар тарапынан 500-ден астам ұсыныстар, сондай-ақ жеке жобалар түсті. Құжат қоғамдық комиссияның отырысында, Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесінде талқыланып, Президент тарапынан мақұлданған еді.
Қоғамдық комиссияның құрамында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі, комиссиясының төрағасы – Е.Тоғжанов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Б.Әбдірайымов, Байланыс және ақпарат вице-министрі Н.Оразов, “Ұлт тағдыры” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Д.Көшім, Қазақстан кәрістері қауымдастығының вице-президенті, тарих ғылымдарының докторы, профессор Г.Кан, А.Сәрсенбаев атындағы қоғамдық қордың басшысы А.Сарым, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, заң ғылымдарының докторы Е.Нұрғалиева, қоғам қайраткері, жазушы Д.Нұр-Ахмет, Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы Г.Коченов жұмыс істеді.
Баспасөз мәслихаты барысында қоғамдық комиссия мүшелері Доктринаның мәні мен мазмұны туралы әңгімелеп, бұл үрдіске азаматтардың мүдделілігі мен ерекше қызығушылығын атап өтті. Және де азаматтар мен азаматтық қоғам институттарының көптеген ұсыныстары ескерілген қорытынды құжаттың негізгі ережелерінің тұсаукесері ұйымдастырылды. Шараға қатысушылардың айтуынша, Доктрина осы деңгейдегі құжаттардан талап етілетін стандарттарға сәйкес келеді, ол жалпы ережелер, үш бөлім және қорытындыдан тұрады.
Доктринада Елбасы Жолдауындағы халықтың басты құндылығы ретінде Тәуелсіздік идеясын ту ету негізі қаланған және онда біздің мемлекеттілігіміздің мәртебесіне сай Доктринаны қабылдау қажеттілігі атап айтылған. Бұл ретте “...басты мақсат ел дамуының жаңа кезеңінде, стратегиялық басымдық ретінде, қоғамның барлық азаматтары мойындаған ортақ құндылықтар мен қағидаттар жүйесіне негізделген Ұлт Бірлігіне жету болып табылады” деп нақты көрсетілген.
Осыған орай, Доктринада Қазақстанның ел бірлігінің төмендегі қағидаттары ұсынылады:
Біріншіден, “Бір ел – бір тағдыр” ұстанымы аясында ұлт бірлігін негіздейтін бірінші қағидат – әр азаматтың өзінің ортақ тағдыры мен Отанының – Қазақстан Республикасының ортақ екенін ұғыну.
“Қандай да бір елдің азаматы болу – әр адамның тағдыры. Алайда, адамдар әрқашан таңдау құқығына ие – ал біз өз таңдауымызды жасадық. Біздің таңдауымыз терең дара сипатта, осы таңдау – біздің барлығымызды отандастар етеді. Себебі, біздің ортақ еліміз, ортақ отанымыз бар, ол – Тәуелсіз Қазақстан” делінеді онда.
“Жаңа тарихи кезеңде мемлекетіміз Қазақстанға өзінің асқақ есімін берген қазақ халқының алдында ұлтты ұйыстырудың алтын діңгегіне айналу жөнінде жаңа тарихи миссия тұр. Жаңа тарихи жағдайда қазақ халқының алдында жаңа тарихи парыз тұр” деп ерекше атап көрсетіледі құжатта.
Екіншіден, “Тегі басқа – теңдігі бір” ұстанымы шеңберінде біздің ұлттық бірлігімізге негізделген екінші басты қағидат – этностық, болмаса басқа да шыққан тегіне, діни ұстанымына және әлеуметтік жағдайына қарамай, барлық азаматтарға тең мүмкіндік беру. “Бұл қағидат әрбір Қазақстан азаматы өзінің жеке артықшылығы мен шығу тегіне қарамай, қабілетіне қарай барлық мүмкіндігін жүзеге асырып, жетістіктерге жете алатынын аңғартады. Отан мен қоғамға қызмет етуге бағытталған қабілет пен дарын еркін дамуы тиіс, оған ешқандай кедергі болмайды” деп көрсетілген.
Үшіншіден, “Ұлт рухының дамуы” ұстанымына сәйкес, ұлт бірлігінің үшінші негізгі қағидаты ретінде Ұлт рухын нығайту және дамыту қажеттігі аталады.
Біздің Ұлттық рухымызды көтеру үшін негізгі басымдықтар мыналар: дәстүр мен отансүйгіштік рухы, жаңару рухы, жарыс пен жеңіс рухы, делінеді Доктринада.
Қорыта айтқанда, құжатта атап көрсетілгеніндей, тәуелсіздікті сақтау және мемлекеттілікті нығайту, мүмкіндіктер теңдігін және азаматтар құқығы мен бостандығын қорғау, интеллектуалды ұлт құру және ұлттық рухты дамыту – біздің ұлттық бірлігіміздің басты ұстанымы әрі әрбіріміздің өмірлік қағидаттарымыз болуы шарт”.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.