Елімізде ауыл әкімдерінің сайлауы қарсаңында белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Бүгінде негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары бекітілген. «Сайлау туралы» Заңға тиісті өзгерістерге Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл мамыр айында қол қойған болатын.
Мемлекет басшысы Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында саяси және экономикалық реформалар, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын дамыту, цифрландыру, адам құқықтарын қорғау мен экологиялық мәселелерді шешу маңызды екенін ерекше атап өтті.
Кәсіби деңгейді арттыру мен жергілікті басқарушылардың жұмыс форматын өзгерту, жергілікті деңгейдегі басқаруды жаңа сатыға шығару – заман талабы. «Рухани жаңғыру» Қазақстандық қоғамдық даму институты (ҚҚДИ) осы көктемде жүргізген «Ауыл отбасысының әлеуметтік портреті» тақырыбындағы зерттеу нәтижесіне назар салсақ, респонденттер бәрінен бұрын ауыл әкімдерінің жұмысын төмен бағалаған. Бес балдық шкала бойынша 3,45 деген баға берген. Сондықтан ауыл әкімдерін сайлау ауылдық жерлердегі елеулі өзгерістерге жол ашады деп ойлаймын.
Жыл соңына дейін шамамен 800-ге жуық әкімнің тікелей дауыс арқылы сайлануы жоспарлануда. Бұл сайлаудың тағы бір ерекшелігі – азаматтар өздерін де үміткер ретінде ұсына алмақ.
Мемлекеттік шешімдер қабылдау мен саяси үрдіске азаматтардың араласуы туралы айтар болсақ, ішкі саясат мәселесі барлық қазақстандыққа қатысты екенін, тіпті саяси жағдайға қызықпаймын дейтін азаматтар да кейбір жағдайларда субъектіге не объектіге айналатынын түсінулері керек. ҚҚДИ жүргізген әлеуметтік зерттеу нәтижесі азаматтарымыздың саясатқа деген қызығушылығы айтарлықтай төмен екенін көрсетті. Алдын ала ақпарат бойынша, «саясатқа бейжай қарау» көрсеткіші 2019 жылдан бері 3,6 пайызға өскен. Қатысушылардың 37,7 пайызының жеке бас мәселесін шешуден қолы босамайды. Дегенмен өздері тұрып жатқан аймақтағы саяси оқиғалар азаматтарды қатты алаңдатады. Жергілікті саясатқа араласу көрсеткіші сауалдамаға қатысқандардың арасында 64,4 болып отыр («иә», «жоққа қарағанда иә» жауаптарының ортақ есебі).
Сауалдамаға қатысқандардың көбі үшін елдің саяси өміріне араласу деген сайлауға қатысуды білдіреді. Жауап бергендердің 55 пайызы осындай пікір білдірді. Қазақстандықтардың сайлауға қатысты мінез-құлқы олардың мемлекетпен байланысын көрсетеді. Ал ауыл әкімдерін сайлау тұрғындардың өздері тұратын аймақтың өмірін жақсартуға атсалысуын күшейтеді.
ҚҚДИ жүргізген зерттеу нәтижесі қазақстандықтардың партия жүйесіне көңілі толатынын көрсетеді. Жауап бергендердің тең жартысы бұл ойды айқындай түсті: «толықтай көңілден шығады» – 19,4 пайыз, «көңіл толады» – 30,6 пайыз. Партия жүйесі қанағаттандыратындардың көпшілігі – әйелдер. Олардың үлесі 51,2 пайыз, ал ер адамдардың үлесі 48,7 пайыз болып отыр. Ауыл халқының 50,9 пайызының көңілінен шығады (қалалықтар – 49,4 пайыз). 61 жастағы және одан асқандар үлесі – 53,3 пайыз. Жауап бергендердің үштен бірі қазіргі партия жүйесіне көңілі толмайтынын айтты.
Олардың көбі – Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары (63,0 пайыз), павлодарлықтар – 50,9 пайыз, Алматы облысының тұрғындары – 45,7 пайыз.
Жауап бергендер арасында сайлауға қатыспайтындардың да үлесі жоғары екенін ескерген жөн. Жауап берушілердің 22 пайызы саяси науқанда қалыс қалатынын білдірді. Бұл ақпаратты ҚҚДИ 2021 жылдың екінші тоқсанындағы қоғамдық-саяси жағдайды анықтау үшін жүргізген әлеуметтік зерттеу айқындай түсті.
Мемлекеттің тыныс-тіршілігін тек оның «жүзі» – елорда мен мегаполистер емес, ауылдық аймақтағы жағдай да көрсетеді. Ал мұнда ауыл әкімінің жұмысы маңызды рөл атқарады. Жаңадан сайланатын басшылар көңіл аудару керек негізгі бағыттар: халықтың жұмыспен қамтылуы мен жұмыссыздық, табыс пен кедейшілік, білім беру мен денсаулық сақтау жүйесінің дамуы. Тағы бір маңызды мәселе – елдің жағдайын ондағы мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен зейнеткерлердің өмір сүру деңгейіне қарап бағамдауға болады. Сондықтан бұл салаға да баса мән беру қажет.
Ләззат НҰРҚАТОВА,
«Рухани жаңғыру» Қазақстан қоғамдық даму институтының профессоры, әлеуметтік ғылымдар докторы