Жамбылда көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы тағайындауға мониторинг жүргізілді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мониторинг барысында мемлекетке 14 млн теңгеден астам залал келгені белгілі болды.
Аталған заң бұзушылықтарды ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті анықтаған. Бұл туралы департамент басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев «Antikor» орталығында өткен брифингте айтты.
«Ерлі-зайыптылар арасында неке бұзылған жағдайда ата-ананың біреуімен балалардың бірге тұруы сот шешімімен расталады. Алайда, бірнеше жәрдемақы алатын азамат өтінішінде балалары бірге тұрады деп көрсеткенімен, сот шешімімен олардың шешесімен тұратыны белгілі болған», дейді Р. Төлебаев.
«Азаматтарға арналған үкіметтен» көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақының ата-аналар арасынан тек әкесі тарапынан өтініш білдіргендер туралы ақпарат сұратылып, ол тізім бойынша қалалық сот шешімімен сәйкестендіріліп, қаралды.
«Бас тартылған қалған істер бойынша жәрдемақы алушылар артық төленген соманы ерікті түрде қайтаруға міндеттеніп отыр. Зерттеу барысында 27 төлем алушы бойынша 14 337 143 теңге артық төлемді құрады. Артық төленген сомадан 150 000 мың теңге республикалық бюджетке қайтарылды. Көпбалалы отбасылар, әдетте, аз қамтылғандықтан, ақшалай қаражатты қайтаруды олар біртіндеп жүргізіледі. Сондай-ақ тағы 38 төлем алушы бойынша тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр. Ал 18 төлем алушы ай сайын жәрдемақыны алу үшін, өтінімдерінде дұрыс емес ақпарат енгізу арқылы бірге тұратын балалар санын көбейткен. Аталған азаматтардың іс-әрекетінде алаяқтық белгілерінің байқалуына байланысты шешім қабылдау үшін полиция департаментіне жолданды», дейді департаменттің басқарма басшысы Дәурен Омаров.
Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің ақпаратына сәйкес қазіргі таңда 124 адамның ішінен 59 отбасы жәрдемақыны заңға сәйкес алып отыр.