Еуропаға бет алған босқындар өлімі көбейіп барады. БҰҰ Көші-қон агенттігі биыл теңізде қайтыс болған мигранттардың саны екі есе артқанын мәлімдеді.
Көші-қон ұйымы биыл қаңтар мен маусымның арасында кем дегенде 1 146 адам қайтыс болғанын хабарлады. Оған себеп – Ливия мен Италия арасындағы Жерорта теңізіндегі қауіптің күшеюі. Одан кейін Батыс Африка мен Испаниядағы Канар аралдары арасындағы Атлант мұхиты да мигранттар үшін қауіпті жол болып отыр. Грекияға бағыт алған босқындар да діттеген жерге жетпей, қаза тапқан көрінеді.Адам құқықтары ұйымдары үкіметтердің бұл жайтқа бейжай қарап, жоғалған адамдарды іздемегеніне сын айтты. Дегенмен Еуропа мемлекеттері теңізде жоғалғандарды іздеу тобы іске кіріскенін хабарлады. Тунис болса, биыл іздеу тобының жұмысын күшейтті. Ливия бұл қатердің алдын алу үшін жолға шыққан азаматтарын кері қайтаруға күш салып отыр. Биыл 15 000 ливиялықты кері қайтарған. Ал былтыр елге қайтарылғандар саны 5 мың болыпты.