Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында егемен ел атанып, жаңа мемлекеттілікті қалыптастыру кезеңіндегі тағдыршешті тарихи қадамдарды бөлісе отырып, халық игілігі жолында бірлесе жұмыс атқаратын қажетті мамандардың тапшы болғанын айтады.
«Менің кадрлық саясатым шу дегеннен-ақ қатал әрі жалғасты болды. Ол жауапты қызметтерді, қажетті білім мен машығы болуымен қоса, бірінші кезекте мемлекет пен халықтың мүддесінен туындайтын реформа жұмыстарына бүкіл күш-жігерін сарқа жұмсауға дайын мінсіз профессионалдар атқаруы тиіс деген сенімге негізделді», дейді Тұңғыш Президент.
Елбасы сол уақытта асқан көрегенділікпен тап басып таныған, сондай-ақ қандай күрделі, жауапты қызметтерге тағайындаса да, міндетін мінсіз атқаруға тырысқан білікті басшылардың бірі – Қанат Саудабаев еді.
Қанат Бекмырзаұлы 1968 жылы Ленинград мемлекеттік мәдениет институтын бітіріп келгеннен кейін алғашқыда Халық шығармашылығы үйінде әдіскер, кейін М. Әуезов атындағы театрда режиссерлік қызметке кіріседі. Екі жылдан соң Қазақ мемлекеттік циркіне ауысып, 26 жасында мекеме тізгінін қолына алады. Тоқсаныншы жылдардың басына дейін Мемлекеттік кинематография комитетінің төрағасы, Мәдениет жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы қызметтерін атқарып, кино және театр өнерінің дамуына тер төгеді. «Отырар сазы» оркестрі, «Сазген» ансамблінің құрылуына ықпал етіп, Әлібек Дінішев, Роза Рымбаева, Тимур Мыңбаев, Рамазан Бапов сияқты табиғи таланттардың танылуына жағдай жасайды.
Ал 1991 жылы Елбасы сенімімен Қазақ КСР-нің Мәскеудегі тұрақты өкілдігіне алғашқы өкіл болып тағайындалып, бұрынғы Одақтан еншісін алған еліміздің сыртқы саясатын қалыптастыруға және халықаралық аренадағы саяси міндеттерді шешуге білек сыбана кіріскені де көз алдымызда. 1992 жылы Қазақстанның Түркиядағы елшілігі ашылып, Қанат Бекмырзаұлы тұңғыш Төтенше және өкілетті елші атанды. Қазақстан тәуелсіздігін алғаш мойындаған туысқан мемлекетпен екі арадағы саяси байланыстар мен сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастардың нығаюына қажыр-қайратын жұмсады.
Түркия Республикасын халықаралық деңгейде мойындатып, экономикасын алға сүйреген сол уақыттағы Президенті Тұрғыт Өзалдың Қазақстанға алғашқы ресми сапарын, сондай-ақ Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасының Анадолудағы іскерлік кездесулерін ұйымдастырды. Түрік инвесторларын еліміздегі құрылыс, сауда, білім, медицина салаларына тартуға жол ашты.
Сол жылдары Елбасының сенімді өкілінің жанында Түркиядағы елшілікте қызмет атқарған алғашқы жас дипломаттардың шоғырында жұмыс істеу бақыты бізге де бұйырған еді. Қанат Бекмырзаұлының мектебінен өтіп, тәжірибесін шыңдаған Бекжасар Нарбаев, Әбутәліп Ахметов, Өміртай Бітімов, Дулат Қуаныш, Қайрат Сарыбай сынды азаматтар уақыт өте келе, түрлі елшіліктерге жіберіліп, еліміздің беткеұстар тұлғаларына айналды.
Жұмыс барысында байқағанымыздай, Қанат Бекмырзаұлының Түркия Президентімен, Премьер-министрімен, Сыртқы істер министрімен және басқа да саладағы басшылармен тікелей қарым-қатынаста жұмыс істеуі орталықтан берілген тапсырмалардың жедел жүзеге асуына үлкен септігін тигізіп жататын. Анкарадағы саяси орта ТМД елшіліктері арасында Қазақстан елшісінің беделі жоғары әрі рухани жақын саясаткер екенін үнемі мойындап, тілге тиек етіп отыратын. Қанат Бекмырзаұлы сол кезеңде Сүлеймен Демирельдің қабылдауында жиі болып, президенттердің ресми сапарларын жыл сайын кезекпен өткізуді дәстүрге айналдырды. Екі ел басшылары сыйластықтарының бауырластыққа ұласуына ұйытқы болды.
Өзара сенім мен келісім нәтижесінде Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің іргетасы қаланды. Ахмет Хамди басқаратын «Ахсель Холдингі», Бекир Окан жетекшілік ететін «Окан Холдингі», сондай-ақ «Жейлан Холдингі», «Энка», тағы басқа құрылыс компанияларының кәсіпорын салып, өндірісте жұмыс істеуі жандана түсті. Екіжақты барыс-келіс, алыс-беріс нәтижесінде Қазақстан мен Түркия қарым-қатынасы стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілді.
Қанат Бекмырзаұлы Түркия елшілігінен кейін Сыртқы істер министрі, Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елші, Премьер-Министр кеңсесінің басшысы – Үкімет мүшесі, Қазақстан Республикасының Америка Құрама Штаттарындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалды және Қазақстан Республикасының Канададағы Төтенше және Өкілетті Елшісі міндетін қоса атқарды. Англия мен Америка арасындағы қарым-қатынасымызға да қаяу түсірмей, мемлекеттер арасын жақындастыруды өзіне басты бағдар етіп алды. Британия Парламентінде Қазақстанға тілектес адамдардың бастамашыл тобы құрылып, екі ел депутаттары арасында алтын көпір орнады. Американың ең ықпалды саясаткерлері қазақ жеріне табан тіреп, маңызды мәселелерді ортаға сала бастады.
Қанат Бекмырзаұлы ұлттық мәдениетіміздің мұхиттың арғы бетінде танылуына еңбек сіңірді. Қазақ музыканттары алғаш рет Вашингтондағы Кеннеди орталығында және Нью-Йорктағы Карнеги холда өнер көрсетті.
2010 жылы ел өмірінде және Қанат Саудабаевтың қызмет жолында тағы бір айтулы оқиға болды. Қазақстан ТМД елдері арасынан алға суырылып шығып, ЕҚЫҰ ұйымына төрағалық ету мәртебесіне ие болды. Афинада өткен ЕҚЫҰ сыртқы істер министрлерінің 17-ші отырысында грек тарапы халықаралық деңгейдегі беделді ұйымға жетекшілік жасау төрағалығын ресми түрде Қазақстанға тапсырғанда таңданысын жасыра алмағандар жеткілікті еді. Бұл туралы Елбасы: «ЕҚЫҰ-дағы төрағалық Қазақстан үшін кезеңдік тарихи оқиға болды, біздің әлемдегі орнымызды күшейте түсті. Бұл ірі халықаралық табыс еді», деген болатын.
Ал ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында: «Қазақстан кандидатурасын басқа елдер бірден қолдай кеткен жоқ. Елбасымыз жылдар бойындағы ресми сапарлары кезінде көптеген мемлекет басшыларымен кездесе жүріп, Қазақстанның осындай ұйымға төрағалық етуге қай жағынан да пісіп-жетіліп тұрғанын көз жеткізе дәлелдеді, ақыры Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығын қолдауына қол жеткізе алды. Бұл арада Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық аренадағы аса биік беделімен қатар, айтқан сөзіне елді ұйытып, ұсынысын өткізбей қоймайтын қасиетінің, жоғары дипломатиялық шеберлігінің және елден ерекше харизмасының да үлкен рөлі болғанын айтқым келеді», деген еді.
Кезінде Сыртқы істер министрінің орынбасары болған және Қанат Бекмырзаұлымен ұзақ жыл бірге қызмет істеген Роман Василенко: «Қанат Бекмырзаұлы Президент сенімін ақтау үшін жан терін сығып жүріп еңбек еткенінің куәсі болдым. 56 елдің әртүрлі деңгейдегі құрылым басшыларымен келіссөз жүргізіп, маңызды кездесулер ұйымдастырды. Қазір- гі таңда біз Нұр-Сұлтанда өткен ЕҚЫҰ саммитін және күрделі келіссөздер нәтижесінде дүниеге келген Астана декларациясын мақтанышпен еске аламыз. Бұл құжаттың қабылдануы Елбасының, саммит қатысушыларының және ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың ерен еңбегінің жемісі болатын», деп еске алады. Сөзінің дәлелі ретінде Нұрсұлтан Назарбаевтың арада аз уақыт өткенде Қанат Саудабаевты мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген ерекше еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» орденімен марапаттағанын алға тартады.
Қат-қабат жұмыстардан қолы босаған бір сәтте Қанат Бекмырзаұлының: «Мен Қазақстанның әлемдегі қазіргі құрметіне қол жеткізу Н.Назарбаевқа қандайлық күшке түскенін жақсы білемін. Сирек кездесетін стратегиялық ойтанымының, таңғаларлық интуициясының, дипломатиялық таланты мен айрықша жұмыс істеу қабілетінің арқасында Н.Назарбаев елдегі жағдайды бақылауда ұстап қана қалған жоқ, сонымен бірге елді әлеуметтік-экономикалық дамудың бірте-бірте жүзеге асатын, бірақ сенімді траекториясына алып шыға білді, бұл үшін қажетті қолайлы сыртқы жағдайларды, ең алдымен, халықаралық қоғамдастықтың сенімін қамтамасыз етті.
Елбасымыздың сыннан өткен көшбасшылығының арқасында біздің халқымыздың алда әлі талай асулардан абыроймен асатынына күмән жоқ. Сондықтан да мен үшін Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның жаңа тарихындағы ең маңызды және тағдыршешті оқиғалардың қатысушысы және куәгері болу мүмкіндігін сыйлағанынан, күшім, мүмкіндігім жеткенінше осы жылдар ішінде туған еліме пайдалы болу бақытын бергенінен артық ештеңе болмақ емес. Өмірімнің кешегі, бүгінгі және ертеңгі асқақ мұраты – осы», деп ағынан жарылғаны есімізде.
Жетпістің жартысын бағындырып отырған мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның дамуына қажыр-қайратын арнаған ұлтжанды тұлға – Қанат Саудабаев өмір жолында өзі айтып өткен осы асқақ мұраттарға қол жеткізе алды деп айтуға толық негіз бар. Ол туған еліне пай-далы болу бақытын сезінді және өзгелерге де сезіндіре алды деп есептеймін.
Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басқарма төрағасы-ректоры