Іле-Балқаш резерватында бұқар бұғыларының кезекті легі табиғат аясына жіберілді. Қазір қырда ойнақтаған осынау жануарлардың қарасы әжептәуір көбейіп қалды.
«Біз бұл жұмысты Дүниежүзілік жабайы табиғат қорымен бірлесе атқарудамыз. Еркіндікке шыққан түз тағысының тыныс-тіршілігін үздіксіз бақылау үшін тиісті аумақтарға фототұзақтар орнатылды», дейді Алматы облыстық орман шаруашылығы жəне жануарлар дүниесі инспекциясының бөлім басшысы Леонид Сидоренко.Маманның айтуынша, Қазақстанның қызыл кітабына енген бұқар бұғыларын сақтап қана қоймай, өз төлі есебінен көбейту бағытындағы игілікті іс ілгері басып келеді. Баяғыда Балқаш өңірінде олар үйір-үйірімен өрген көрінеді. Бірақ өткен ғасырдың басында күрт азайып, кейін тіпті жоғалып кеткен. Енді сол олқылықтың орнын толтыру мақсатында талпыныс жасалуда. Мына шара соның бір айғағы екені анық.
«Егемен-ақпарат»