• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қоғам 16 Шілде, 2021

Дағдарыс орталықтарына мониторинг жүргізіледі

740 рет
көрсетілді

Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Министрліктің мәліметінше, 1 тамыздан бастап «Қазақстанның тең құқықтар мен тең мүмкіндіктер институты» қоғамдық қорының сарапшылар тобы «Дағдарыс орталықтарының қызметін жетілдіру, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және агрессорлармен жұмыс істеу жөніндегі шараларды әзірлеу және іске асыру» әлеуметтік жобасы аясында еліміздің 17 өңірінде баспаналарға мониторинг жүргізуге кіріседі.

Мониторинг барысында ұйымдастырушылар тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары үшін салынған баспаналардың, дағдарыс орталықтарының жұмыс моделі қаншалықты тиімді, қауіпсіздік жүйесі ойластырылған ба, зардап шеккендер қандай көмек ала алады деген сұрақтарға жауап беруі керек.

«Мониторингтің мақсаты – баспаналарда, дағдарыс орталықтарында қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнайы қызмет көрсету стандарты бойынша олардың қаншалықты жұмыс істеп отырғанын көру. Әрине, біз көрсетілетін қызметтердің сапасына назар аударамыз. Ол үшін вебинарлар мен тренингтер өткіздік. Олардың негізгі мақсаты дағдарыс орталықтары мамандарының білімі мен дағдыларын арттыру, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнайы қызмет көрсетуде кейс-менеджмент технологиясын қолдануды үйрету болды», деді «Қазақстанның тең құқықтар мен тең мүмкіндіктер институты» ҚҚ президенті Маргарита Өскембаева.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне сәйкес 2021 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша елде 29 баспана мен дағдарыс орталығы жұмыс істеген.

«Бірнеше ай ішінде олардың саны арта түсті. Ондағы қызметтерді мемлекеттік органдар ғана емес, барлық өңірлердегі ҮЕҰ-да мемлекеттік тапсырыс аясында ұсынады. Баспанаға және зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсету қажеттілігі айтарлықтай артуда», деп хабарлайды Қор өкілдері.

Қазақстандағы БҰҰ агенттіктері жүргізген жедел бағалау нәтижелері бойынша өзін-өзі оқшаулаудың салдарынан үйдегі тирания жағдайлары 50%-дан астам жиілеген. 2020 жылы 8 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 79 мыңға жуығына қорғау нұсқамасы толтырылған.

Айта кетсек, жобаны ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша және Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының мұрындық болуымен «Қазақстанның тең құқықтар мен тең мүмкіндіктер институты» ҚҚ жүзеге асыратын болады.