Бүгін Алматыда белгілі қоғам қайраткері, тележурналист марқұм Бейсен Құранбектің жаңа кітабының тұсауы кесілді. Рухани кеш Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасында өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Парасат биігі» атты еңбектің таныстырылымына зиялы қауым өкілдері мен жастар жиналды. Жаңа кітапты жинап, зерделеп құрастырған – белгілі қаламгер Есболат Айдабосын. Баспадан шығуына облыс әкімі Амандық Баталов демеушілік етіпті.
Жинақтың мазмұны үш бөліктен тұрады. Алғашқысына Бейсен Құранбектің мақала репортаждары болса, екіншісіне сұхбаттары, соңғысына рухани ой толғамдары топтастырылған.
Жиынға қатысқан зиялылар мен Бейсен Құранбектің замандастары, шәкірттері қайраткердің өмір жолы мен еңбектері туралы естеліктер айтты. Сапалы қазақ қалыптастыру идеясы өз жалғасын тапса деген ниеттерін аңғартты. Үлкендер жастарды Бейсеннің биігіне талпынуға насихаттады.
500 тиражбен шыққан жаңа кітап тегін үлестірілмейді, сатылады. Алайда, оның нақты бағасы жоқ, оқырман туындының құнын шама-шарқынша өзі бағалайды. Өйткені қайырымды жанның кезекті еңбегімен жиналған қаражат та түгелдей қайрымдылыққа жұмсалмақ.