Биыл 25 шілдеде елімізде тұңғыш рет ауыл әкімдерін тікелей сайлау өткізілмекші. Жаңалықтан құлақтанған жұрт жақсылықтан үмітті. Өңірдегі саяси науқан қалай ұйымдастырылып жатыр? Маңызды өзгерістен халық не күтеді? Біз осы сауалдарға жауап іздеп көрдік.
Шынтуайтында, үміткерлердің қаншалықты іскерлігін, елге қаншалықты жаны ашитындығын жақсы білетін халық жаза баспасы анық. Тікелей сайлау арқылы сайланған әкімдер жауапкершілік жүгін жақсы түсінетін болады.
–Біздің облыс бойынша ауылдық деңгейде 239 әкім бар. Осы жылы солардың 96-сын, яғни 40 пайызын ауыл тұрғындарының өздері сайлайтын болады, – деді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Манарбек Сәдуов. – 95 әкім осы айда, ал біреуі қазан айында сайланады. Сайлау 227 елді мекенде өтеді. Оларда 153 мың адам тұрса, соның ішінде 100 мың сайлаушы сайлау процесіне қатысады. Жауапты іске 238 сайлау комиссиясы тартылады деп жоспарлап отырмыз. Оның ішінде 20 аумақтық, 218 учаскелік сайлау комиссиясы бар. Облыс бойынша 721 сайлау учаскесі бар болса, бұл жолы сайлау процесіне өңірдегі барлық сайлау учаскесінің 30 пайызы қатыстырылады. Олар сайлауға дайындық жұмыстарына биылғы жылдың 25 маусымында кірісті. Сайлау өтетін орындарды дайындап, сайлаушылардың тізімі нақтыланды. Облыстық сайлау комиссиясы аудандық сайлау комиссияларының төрағалары мен хатшыларын оқытып, сертификаттарын тапсырдық. Саяси науқан алдында оқу ұйымдастырған себебіміз, еліміздің көптеген заңнамалық актісіне, соның ішінде «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға көптеген өзгеріс пен толықтыру енгізілді. Сайлау процесіне жауапты адамдар заңды жетік білуі тиіс.
Ендігі кезекте оқытудан өткен тұлғалар жергілікті жерлерге барып, учаскелік сайлау комиссиясының мүшелерін оқытады. Сондай-ақ облыстық сайлау комиссиясы Мемлекеттік басқару академиясы облыстық филиалының оқытушыларымен бірлесіп, семинарлар ұйымдастыруда. Сайлау комиссияларының мүшелері заңды неғұрлым жақсы білсе, сайлау жоғары деңгейде өтетіндігіне сенім мол.
Орталық сайлау комиссиясы сайлау құжаттарының нысандарын белгілейді және сайлау іс-шараларын қаржыландыруды қамтамасыз етеді. Әкімдердің сайлауы биыл алғаш рет өтетіндіктен, сайлауды қаржыландыру мәселесін Орталық сайлау комиссиясы өз мойнына алып отыр. Ал 2023 жылдан бастап қаражат жергілікті бюджеттен қарастырылмақ.
Облыстық сайлау комиссиясының атқаратын негізгі міндеті – науқанды ұйымдастыру және өткізуді қамтамасыз ету, учаскелік сайлау комиссияларының шешімдері мен әрекеттерін, арыз-шағымдарды қарау. Ал саяси науқан кезінде негізгі салмақ аудандық сайлау комиссияларына түседі. Олар өздері қаулы қабылдап, интернет сайттарда жариялады. Қазір олар кандидаттарды, кандидаттардың сенім білдірген өкілдерін тіркеп, куәліктерін беріп жатыр. Кандидаттардың тіркелгені жайлы бұқаралық ақпарат құралдарына хабарлама береді. Сайлау бюллетеньдерін дайындайды. Учаскелік сайлау комиссиясы әкімдер сайлауының қорытындысын аудандық, қалалық сайлау комиссиясына тапсырады. Сөйтіп, үш күннің ішінде сайлау қорытындысы шығарылады.
Сайлау пандемия жағдайында өткелі тұрғандықтан, қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету өз алдына, сайлау комиссияларының мүшелерін вакциналау жұмысы жүргізілуде. Ал денсаулық жағдайына байланысты вакцина алмаған комиссия мүшелері міндетті түрде ПТР тест тапсыруы керек болады.
Өзгерістер де аз емес. Мәселен, бұрын сайлау кезінде «бәріне қарсымын» деген баған болмайтын. Заңнамаға енгізілген өзгертулерге сәйкес, енді сайлаушылар сондай құқыққа ие. Мысалы, әкім болуға үш кандидат болды делік, оның ешқайсысы көңіліңізден шықпаса, сіз «бәріне қарсымын» деген бағанды белгілей аласыз. Ал бұрынғы заңнамаға сәйкес, сіз міндетті түрде бір кандидатты таңдауыңыз керек болатын.
Кандидаттарды ұсынуда да жаңашылдықтар бар. Мысалы, әкімдердің сайлауында саяси партиялар да өз кандидаттарын ұсынуға құқылы. Азаматтар өздерін өздері ұсына алады. Өзін өзі ұсыну үшін ол азамат сайлаушылардың дауысының бір пайызын жинауы керек. Егер кандидат тіркелмесе, аудан әкімінің екі адамды ұсынуға құқы бар. Заңдағы өзгерістерге сәйкес бір әкім екі реттен артық сайлана алмайды. Бұл заңға жаңадан қабылданған өзгерістер болғаннан кейін бұрын ауылда әкім болған азаматтарға да сайлауға қатысу құқығы беріліп отыр. Ал саяси партиялар ұсынатын кандидаттар міндетті түрде сол партияның мүшесі болуы тиіс.
– Статистикалық деректерге сүйенсек, әкімдерді мәслихат депутаттары сайлаған кезде 2013 жылы облыс бойынша 246 әкім, 2017 жылы 157 әкім сайланған екен. Өмір болғаннан кейін адамдар басқа қызметке ауысып немесе басқа жаққа қоныс аударып жатады. Есептеп отырсам сондай себептермен кезектен тыс 745 сайлау өткізген екенбіз, – дейді Манарбек Сәдуов. – Әкімдер әлдебір себептермен қызметінен босатылса, 40 күннің ішінде кезектен тыс сайлау өткізуіміз керек.
Облыста ауыл әкімдері сайлауына үміткерлерді тіркеу жұмыстары жүргізілуде.
– Барлығы 95 әкім сайланады. Оның ішінде 66-сы өкілеттік мерзімі аяқталуына, 29-ы өкілеттікті мерзімінен бұрын доғаруға байланысты сайланады. Шілденің 9-ына дейінгі жағдай бойынша 318 кандидат ұсынылды. Оның 100-і саяси партиялардан, 218-і өзін өзі ұсынған тұлғалар, – дейді Манарбек Сәдуов. – Әзірше 318 кандидаттың 229-ы тіркеуден өткен. 100 сайлау округі бойынша 76 кандидатты – Nur Otan, екеуін – «Ауыл», алты кандидатты – «Ақ жол», 13 кандидатты – Қазақстан халық партиясы, тағы екеуін – Adal және біреуін Жалпыұлттық социал-демократиялық партия ұсынған. 73 сайлау округінде кандидаттар бір саяси партиядан ұсынылған. 10 сайлау округінде – 2, ал, екі сайлау округінде үш саяси партиядан ұсынылған. Тағы 10 сайлау округінде кандидаттар – тек қана өзін өзі ұсынған үміткерлер. Айта кетейік, ұсынылған 318 кандидаттың 104-і, яғни 32,7 пайызы – әйелдер.
Ауылда қордаланып қалған мәселе аз емес. Ауыз су, жол, жұмыссыздық, жайылым, интернет байланысы дейсіз бе, толып жатыр. Міне, осы мәселелердің қайсысын бірінші кезекте қалай шешеміз? Жаңа сайланған әкімнің жанын ауыртатын осы тақылеттес сұрақтар. Биылғы жаз ересен ыстық болды. Зеренді ауданындағы Қызылегіс ауылының тұрғыны Қонай Демесіновтің айтуына қарағанда, ауылдағы ахуал ушығып тұр.
– 2019 жылы аудан әкіміне құдық қазып беру туралы өтініш айтқан болатынбыз, – дейді ол. – Бірақ нәтиже шықпады. Ауыл тұрғындары әне бір жылы өздері қаражат жинап, құдық қазып алып едік, көп ұзамай бітеліп қалды. Екінші мәрте қауымдасып, қаржы жинауға тұрғындардың жағдайы келетін емес. Біздің жайымызды аудан басшылары жақсы біледі. Ал ауылдық округтің әкімі ұйытқы бола алмай отыр. Ауылда мал басы баршылық. Малсақ қауым 500-ден астам жылқы, үш жүздей қой, 200-ге жуық қара мал бағуда. Бар керегі – мал суаратын суат қана. Енді ауылдық округ әкімдерінің тікелей сайлауынан үміт күтеміз.
Бурабай ауданындағы Атамекен ауылдық округіне Қытайдан қоныс аударған ондаған отбасы мал бағатын тоқымдай жерге ие бола алмай, түңіліп отыр. Ал округте әкім шешуге тиісті мәселе аз емес. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Әкім сайлаудағы басты мақсат та осы. Ауылға ие болатын, жақсылыққа бастайтын жанашыр да іскер әкім керек. Әкімі мықты ауылдың ажары артатындығын ауыл тұрғындары күнделікті өмірден жақсы біледі.
Ақмола облысы