Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы жүзеге асып жатыр. Биыл «Қайырымды істер марафоны» аясында республикалық және қалалық деңгейде барлығы 953 іс-шара жоспарланып отырса, оның екеуі республикалық, 436-ы қалалық, 549-ы аудандық деңгейде өтеді.
Алматы қаласында өтетін іс-шаралар әр айдағы атаулы күндер мен мерекелерге арналады. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Ренат Бекбергенов жыл басынан бері жүзеге асқан және алда жоспарланып отырған іс-шаралар барысына тоқталды. Мысалы, маусым айында Алматыда мемлекеттік рәміздер күніне, медицина қызметкерлері күніне және полиция күніне арналған 70-тен аса түрлі шара өткен. Сол іс-шаралар барысында тұрғын үй терезелеріне жалаулар қойылып, Әнұран бір мезгілде орындалған. Адамдар көп жиналатын аумақтарда Мемлекеттік ту таратылып, автокөліктер мен мотожарыстар өтсе, шілде айында астана күніне арналған онлайн және офлайн форматтағы іс-шаралар көпшілікті тәнті етті.
Сондай-ақ Р.Бекбергенов қалада жүзеге асқан маңызды оқиғалар қатарында 25 өнеркәсіптік және әлеуметтік-мәдени нысан пайдалануға берілгенін, оның ішінде Қазақстан-Швейцария туризм және қонақүй бизнесі институты, Ads Industries фармзауыты, «Терренкур» жаяу жүргіншілер аймағы, жаңа балабақша мен мектептер ашылғанын атап өтті. Оның айтуынша, екінші жартыжылдықта қала әкімдігі «Қайырымды істер марафоны» аясында 800-ден аса іс-шара өткізуді жоспарлап отыр. Тамыз айының соңы мен қыркүйек айының басында ұстаздардың тамыз конференциясы мен Конституция күніне арналған ауқымды іс-шараларды өткізу жоспарланған. Сондай-ақ Алматыда «Тәуелсіздік жетістіктері» тақырыбында бірыңғай қалалық сынып сағаты мен ашық сабақтар өтіп, ағартушы-ғалым Ыбырай Алтынсаринге арналған ескерткіш пен 13 жаңа білім беру нысанын ашу жоспарлануда.
Жыл соңына дейін қала тұрғындарын көптеген қызықты оқиға күтіп тұр. Мысалы, қараша айында индустриялық-инновациялық және әлеуметтік нысандарды іске қосу, «Алматы – тәуелсіздіктің алтын бесігі» республикалық форумы және Creative jastar инновациялық жобалар байқауы сияқты іс-шаралар өтеді. Желтоқсан айында қалада Тұңғыш Президент күніне арналған шаралармен қатар «Тәуелсіздік шежіресі» тақырыптық көрмелері, ғылыми-практикалық конференциялар жоспарланған. Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына арналған атаулы күнге ерекше назар аударылып, атаулы күн қарсаңында қайырымдылық іс-шаралары өткізіліп, мұқтаж жандарға қажетті қолдау шаралары көрсетіледі.
«Қайырымды істер марафоны» республикалық жобасы аясында 396 әртүрлі форматтағы іс-шара жүзеге асады. Жобаның арқасында мұқтаж отбасыларға азық-түлік жиынтығы түрінде материалдық қолдау көрсетіліп, тұрғын үйді жөндеуге мүмкіндік беріледі. Бүгінге дейін 22 мыңға жуық алматылыққа қолдау көрсетілген. Алматы кәсіпкерлері де «Қайырымды істер марафонына» белсене қатысуда. Осы жайында айтып өткен Алматы қаласы «Қазақстан ұйғырларының республикалық мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі өкілдігі төрағасының орынбасары Долкунтай Абдухалилдің мәліметі бойынша Metal Prom Group компаниялар тобы өткен жылы қайырымдылыққа 105 млн теңге жұмсап, жалпы алғанда, соңғы үш жылда мұқтаж жандарға 450 млн теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсеткен. Қаладағы барлық кәсіпкер үшін қайырымдылық шарасы – әлеуметтік жауапкершіліктің басты көрінісі.
«Егемен-ақпарат»