Бүгін әлем мұсылмандары Құрбан айт мейрамының алғашқы күнін ерекше ықыласпен қарсы алуда. Исламдағы ең ұлық мерекенің пандемия мен еліміздегі қуаңшылық салдарынан туындаған күрделі жағдайда қалай өтетінін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫНАН сұрап білдік.
– Күллі мұсылман баласы асыға күтетін ұлық мейрам – Құрбан айт мерекесі келіп жетті. Атаулы күнді биыл екінші рет пандемия жағдайында қарсы алып отырмыз. Мерекені қалай атап өтуді ұсынар едіңіз?
– Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Бағзы заманнан бері халқымыз Құрбан айтты ерекше дайындықпен қарсы алған. Құрбандыққа шалатын малдың ең үлкенін әрі семізін күн ілгері таңдап, оны айтқа арнайы баптап, ізгі ниетпен құрбан шалған. Бұл игі дәстүр ғасырдан-ғасырға жалғасып келеді.
Мерекені атап өту кезінде орындалатын ең абзал амал – құрбан шалу. Жағдайы бар мұсылман үшін құрбан шалу – міндет. Жағдайы келмейтін мұсылман үшін құрбан шалу – міндет емес. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің өсиетті хадистерінің бірінде: «Адам баласы Құрбан айт күні құрбан шалудан сүйікті басқа іспен Алла тағалаға жақындаған емес... Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар», деген.
Құрбандық шалу адам баласын тақуалыққа жетелейді. Өйткені мұсылман адам құрбандығын шынайы ниетпен, Алла разылығы үшін шалады. Алла тағала адамның амалына емес, ниетіне қарайды. Сондықтан Ислам дінінде орындалатын кез келген амалдың сыртқы формасына емес, ішкі мазмұнына, яғни ниетке мән беріледі. Ниетті түзетудің мәні осында. Шын мәнінде бүкіл әлемнің Жаратушысы болған Раббымыз адамның шалған құрбандығына мұқтаж емес. Алла тек шынайы ниетпен жасалған құлшылықты қабыл етеді. Сондықтан Құранда мынадай аяттар келтірілген: «Аллаға олардың еттері де, қандары да жетпейді. Алайда Оған сендердің тақуалықтарың ғана жетеді» («Хаж» сүресі, 37-аят).
Құрбан айтты атап өту кезінде орындалатын келесі игі амал – қайырымдылық жасау. Құрбан айт күндері жабырқаған жандарды, қамкөңіл адамдарды, мүгедектер мен жетімдерді, жесір әйелдер мен қараусыз қалған қарттарды қуантудың сауабы мол. Құрбандық етінің мұқтаж жандарға таратылуының мәні үлкен. Бай мұсылман құрбандық шалғаннан кейін оның етін көмекке зәру адамдарға тарату арқылы бойындағы қатыгездік, тәкаппарлық секілді жағымсыз сипаттардан арыла бастайды. Өйткені садақа беру – мұсылмандардың арасына мейірім сынды сезімді ұялататын сауабы мол іс.
Қасиетті Құрбан айт тек құрбан шалумен шектелмейді. Айт күні отбасын, туған-туыстарды, көрші-қолаңды, жалпы мұқтаж жанды қуантып, оларға мерекелік көңіл-күй сыйлаған абзал. Сыйлық беріп, сүйіспеншілікті арттыру – Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) орындаған сүннет амалдарының бірі. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сыйлық сыйлаңдар, сонда араларыңда сүйіспеншілік, бір-біріңе деген құрмет артады», деген. Айт күндері ата-анамызға, бала-шағамызға, туыстарға, жетімдерге сыйлық беруді әдетке айналдырған дұрыс. Әсіресе, айт күні балаға сыйлық беріп, қуантудың жөні бөлек. Айт күні ерекше сезімге бөленген бала ұлық мейрамның құндылығы мен мән-маңызын сезініп өседі. Айт мейрамын асыға күтетін болады.
Өкінішке қарай, осы жылы да Құрбан айтты пандемиялық жағдайда қарсы алып отырмыз. Әр істің соңғы нәтижесі Аллаға ғана аян. Сынақ жағдайдың тек қайырын тілейміз. Осы ретте халықты барынша сақтанып, адам көп шоғырланған қоғамдық орындарға бармауға шақырамын. Сақтық үшін Құрбан айтты отбасылық деңгейде атап өтуге үндеймін.
– Еліміздің кейбір өңірлерінде қуаңшылық салдарынан қыруар мал шетінегені белгілі. Осыған байланысты кейбір азаматтар биыл құрбандыққа мал шалмау бастамасын көтеріп жатыр екен. Осы мәселеге қатысты пікіріңіз қандай?
– Тағы да қайталап айтып кетейін, Құрбан айт намазынан кейін үш күн ішінде материалдық мүмкіндігі бар, жағдайы жақсы мұсылман адамға құрбандық шалу – міндет. Шариғатымыз бойынша «бай» деп мал-дүниесі нисап мөлшеріне жеткен адамға айтылады. Нисап мөлшері – 40 қой немесе 40 ешкі, яки 30 ірі қара, немесе 5 түйе. Ол да болмаса қажеттілігінен артық 85 гр. алтын, яғни 1 230 000 теңге қаражат. Мал-дүниесі нисап мөлшеріне жетпеген, яғни жағдайы төмен мұсылманға құрбан шалу – міндет емес. Бұл – Алланың мұсылман баласына жіберген әмірі әрі мейірімі. Бұған қатысты қасиетті Құранда Алла тағала: «Раббыңның разылығы үшін намаз оқы және құрбан шал» («Кәусар» сүресі, 2-аят) деп бұйырған. Алланың бұйырған амалын өзгертуге, оны бұрмалауға әсте болмайды. Ал Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өміріне зер салсақ, Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құрбандыққа екі ақ қошқарды сойған. Екі ақ қошқарды жатқызып, оны аяғымен тіреп, бисмилләні және тәкбірді айтып бауыздаған. Бұл – шариғатымыздың бізге бұйырған амалы.
Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «...Кімде-кім мұсылман бауырының қажетіне жараса, Алла тағала да оның қажетін өтейді...» деген сүйінші хабар жеткізген. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қуаңшылықтан зардап шеккен өңірлердегі шаруаларға қолдау көрсету мақсатында «Қиындықта ел бірге» қайырымдылық акциясын бастады. Акция аясында Қызылорда, Маңғыстау облыстарына жемшөп жіберіледі. Осы игі іске үлес қосып, сынақты сәттерді бастан кешіп отырған отандастарымызға қол ұшын созуға шақырамын. Адамға жақсылық жасау үшін Алланың әмірін «өзгерту» шарт емес. Алла тағала адам баласы үшін қайыр-жақсылығы болғаны үшін белгілі амалдарды парыз етеді. Ал оны орындамау немесе адамдарды сол парызды орындамауға шақыру – өте өрескел қателік.
– Кейбір мұқтаж адамдар еттің орнына ақшалай көмек беруді сұрап жатады екен. Соған орай, ет орнына ақша берген ауқатты азаматтардың қайырымдылығы құрбан шалуға жата ма, әлде жатпай ма?
– Материалдық мүмкіндігі бар адам белгілі малды Алла жолында, Жаратқанның разылығына бөлену ниетімен құрбандыққа шалуға тиіс. Біздің Әбу Ханифа мәзһабында Құрбан айт күндері құрбандық шалудың орнына оның ақшасын садақа ете салу дұрыс емес. Өйткені шариғат бойынша құрбандық шалу – міндет. Алайда сатып алған құрбандығын айт күндері шала алмаса, оны тірідей садақа етеді.
– Мерекеге дайындық жайына тоқталып өтсеңіз. Мүфтият тарапынан қандай іс-шаралар қолға алынды?
– 2021 жылы құрбан шалу рәсімі екі жолмен жүзеге асырылады. Біріншісі – мемлекеттік санитарлық-эпидемиялық қадағалау органдары тарапынан рұқсат берілген жергілікті қасапханаларда санитарлық ережелерді қатаң сақтай отырып, «сары» және «жасыл» аймақтарда онлайн және офлайн форматта өткізу. Екіншісі – еліміздің «қызыл аймақтарында» бүгінгі пандемия жағдайында құрбан шалушыға қолайлы жағдай жасау және көмекке мұқтаж жандарды қолдау мақсатында өткен жылдың тәжірибесін қолданып, құрбан шалу рәсімін шариғаттағы «өкілдік» қағидасына сәйкес qurban2021.kz сайты арқылы тек онлайн режімде жүзеге асыру. qurban2021.kz жобасына тоқталатын болсам, бұл жобаның мақсаты – қайырымдылыққа дәнекер болу, халықтың денсаулығы мен өміріне төнген қауіпті сейілтуге үлес қосу, құрбан шалуға ниет білдірген жандарға карантин жағдайында оңтайлы жол ұсыну.
Аталған сайт айттың үшінші күні, яғни 22-ші шілдеге дейін жұмыс істейді. Құрбан шалуға ниет еткен азаматтар осы аралықта тапсырыстарын бере алады. Ауылдық жерде жеке тұрғын үйде тұратын әр адамның мұсылмандық міндетін атқаруына ҚМДБ тарапынан ешқандай шектеу жоқ екенін жеткіземіз.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан, сонымен қатар барлық облыстағы өкілдік жанынан Құрбан айтты атап өтуге байланысты арнайы жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы ұйымдастыру, үйлестіру, қадағалау, бақылау, құрбандық етін мұқтаж жандарға жеткізу, т.б. іс-шаралармен айналысады. Жұмыс тобы мал бағасын тұрақты ұстап тұруға мүмкіндігінше ықпал етеді. Өйткені осыған дейін біз шаруа қожалықтары басшыларымен арнайы кездесіп, оларға мал бағасын қымбаттатпау туралы насихатымызды жеткізіп, Абай айтқандай, пайда емес, ар ойлауға шақырдық. Адамның алғысын алып, батасына бөлену – сауапты істің бірі. Халқымыз: «Алғыс алған арымас», «Бота алғанша бата ал» дейді емес пе?
Құрбан айт қарсаңында кәсіпкерлерге арнайы үндеу жолдадым. Құрбан айттың құрметіне мал құнын шарықтатпай, халыққа оңтайлы бағаны ұсынуға шақырдым. Сонымен қатар барша кәсіпкерді тұрғындар күнде тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына мүмкіндігінше жеңілдік жасауға үндедім.
Құрбан айттың негізгі мәні – мұсылмандар арасында өзара мейірімділік, жомарттық, қайырымдылық, қанағат сынды адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру. Алланың рақым нұры төгілетін Құрбан айтта жұртымызға жақсылық жасап, көпшіліктің ризашылығына бөленейік.
Жаратушы Иеміз Құранда: «Өздерің жақсы көрген нәрсені Алла жолына жұмсамайынша, игілікке жетпейсіңдер» («Әл-Имран» сүресі, 92-аят) деп баяндаған. Сауаптар еселеніп жазылатын сәттерде Алла разылығы үшін елдің жағдайын ескеріп, тауар бағаларына жеңілдік жасап, әр отбасыға қуаныш пен мерекелік көңіл-күй сыйлауға тырысуға тиіспіз.
Аллаға шүкір, үндеуімізге үн қосып, сауапты іске үлес қосуға ниетін білдіріп жатқан жандар көп. Оларға Алла разы болсын дегім келеді.
– «Қызыл аймақ» тұрғындарына арнап арнайы qurban2021.kz сайты жұмыс істейтінін атап өттіңіз. Бір жағынан тұрмысы төмен отбасылардың көбінде интернетке қосылу мәселесі күрделі екенін ескерсек, көмек алуға өтінішті басқа қандай жолмен беруге болады?
– qurban2021.kz сайты арқылы республика бойынша мұқтаж отбасылар құрбандық етін алу үшін 17 шілдеден бастап өтініш білдіре алатынын осыған дейін хабарладық. Мұқтаж отбасылардың өтініштерін қабылдау, сараптау және құрбандық еттерін жеткізіп беру жұмыстарымен ҚМДБ-ның жергілікті өкілдіктері және еріктілер айналысады. Егер интернетке қосылу мәселесі қиындық тудырса, телефон шалу арқылы немесе мешітке келіп өтініш білдіруге болады.
– Қазақ еліне Құрбан айт мерекесіне орай ақжарма тілегіңізді арнай кетсеңіз.
– Қазақ елін күллі исі мұсылман баласы асыға күтетін ұлық мейрам – Құрбан айттың келуімен тағы да шын жүректен құттықтаймын! Айт қабыл болсын! Халқымызға амандық, мықты денсаулық, әр отбасыға береке, мол ырыс пен бақыт тілеймін! Қасиетті Құрбан айтта шалатын құрбандығымыз, берген садақамыз, жасаған әрбір игі амалымыздың сауабы еселеніп жазылғай.
Алла тағала жер бетін жұқпалы дерттен тазартып, жақсылығы мен берекетін жаудырғай. Аса Мейірімді, ерекше Кеңшілік Иесі Раббымыз осы сынақты тезірек жақсылыққа алмастырғай. Әмин!
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Меруерт БҮРКІТБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»