Өмір бойы жан серігіңе айналған кәсібіңнің шексіз кеңістігінде бастан кешкен сан алуан оқиға санаңнан еш өшпейді екен. Кейде бір көңіл толқыны үстінде езу тартқызар естеліктер еске түсе кетіп, ой иірімдерінде шыр айналып, шарқ ұратының да бар... Сағым-сағыныш боп қалған қоғамның құбылу сатысындағы өткен сол бір ұмытылмас ыстық сәттерді оқырман назарына ілтипатпен ұсынғанды құп көрдік!
«Астроном» үшін өртелген газет
Шаруашылықтарда күзгі қой ұрықтандыру науқаны жүріп жатқан. Дәл осындай қарбалас-қауырт шақта аудандық «Екпінді еңбек» («Атамекен») газеті (Жамбыл ауданы) аяқастынан «төтенше жағдайға» душар болды!..
Керемет ақын әрі таңғажайып эстет фототілші Сейітхан Молдахметов ақ желең жамылған қой ұрықтандырушы веттехник-маманның микроскопқа үңіліп іс үстіндегі отырған бейнесін таспаға мұнтаздай тап-таза күйінде түсіріп әкеліпті. Айшықты бейне дереу нөмірге салынды. Содан не керек, қызық азанда, газеттің бетін ашып жібергенде басталды ғой. Микроскопқа күллі денесімен ұмсынған қой ұрықтандырушы-веттехник... овсерваторияда телескопқа тесіліп, көктен жұлдыз санаған ғалым-астрономға айналыпты! Ал суреттің мәтінінде Ленин атындағы кеңшардың үздік қой ұрықтандырушысы... деп жазылған. Абырой болғанда, күн шықпай аудан орталығынан алыстағы Рославль ауылына аттанатын пошта машинасындағы газет бумалары оқырманға жетпей, жарты жолдан кері қайтарылды. Барлығы 7 мың дана газет баспахана ауласында «құпия жағдайда» бірі қалмай өртелді. «Астроном веттехникке айналып» газет қайта басылды, сол күнгі нөмір оқырманға бір күн кешігіп жетті...
Оқиға былай болған... Мырыш пластинаға жапсырылатын клише-суреттер ол кезде кешкісін пресс-қондырғыда тапталып, таңғы беске дейін сақталатын. Әрине әр беттегі әр суреттің көлемі әртүрлі болып келетіні бар. Бірақ баспаханаға газет басушы күн шықпай ерте келеді де суреттерді престен босатады. Клише-суреттерді ретіне қарай құйылған қорғасын беттегі бос ұяшықтарға орналастырады. Төрт бұрышы тең суреттен «келіскен астрономның бейнесін байқаған» Антонина апамыз сурет астындағы мәтінге көз қиығын да салмай, салғанмен түсінбейді, бұрқыратып басқан да тастаған.
Партияның қателіктерді «майшаммен» қарайтын беймаза шағында күллі редакцияны «Құдайдың сақтап қалғаны» бұл бір емес еді... Мәтін линотип машинасымен терілгенмен, мақала тақырыптары қолмен жиналып, кендір жіппен байланатын өткен ғасырдың технология атаулыдан «жұрдай» 70-80-жылдары емес пе?!. Бірде, ауыл-село тілшілеріне арналып шығарылатын «Газет – бұқараның органы» бетіндегі «айқайлап» тұрған үлкее-ен тақырыптан қас-қылғандай екі әріп ұшып кетіп... «Газет – бұқаның органына» айналып, «аймандай» болғанымыз да бар. О нөмір де баспахана ауласында өртелді...
Бұрыла алмаған «Волга» ма, Гриша ма?
Алматы облыстық «Жетісу» газеті астаналық болғандықтан «Социалистік Қазақстанмен» («Egemen Qazaqstan») бір баспада таң атқанша «жарысып-жағаласып» шығып жататын. Күнделікті жарық көретін бар басылым таңғы сағат 08.00-де партияның идеология хатшысының (аудандық, облыстық, республикалық) үстелінде бояуы кеппей, «буы бұрқырап» жатуы тиіс деген қатаң қағиданың күйіп тұрған кезі ғой.
Сондай аласапыран түндердің бірі... Кезекшілікті тәмамдаған топты аузы-мұрнынан шығара толтырып «тиеген» есік пен төрдей ақ «Волга» корректор қыздардың бірі тұратын «Компоттағы» қылдырықтай тар көшеге кіріп, тұмсық тіреген. Ентелеп келген көлікке тас қараңғыда кері бұрылу да оңай соқпай, алға бір ырғалып, артқа бір ырғалып тұрды да қалды. Көлікке бір отырса, қайтып түсуі мұң саналатын қанар қаптай нығыз, жирен қаба сақалы бет-аузын дым қалдырмай жапқан, «мойны жоқ» шопыр Гришаның ой, жаны қысылды-ай! Салонның алдыңғы орындығында оқиғаны сабырмен бақылап отырған бас кезекші – редактордың орынбасары Жұмаш аға Арғымбаев мұндай түн қызықтарын, сірә, бірінші көруі-ау, қапелімде «Өзі мынандай тар қуыста көлікке бұрылу да оңай емес екен-ау» деп қойды. Ырсылдақ семіз шопырдың шарасыз әрекетіне шыдамаған газеттің техникалық редакторы Әлия Сейілханованың сонда ғой қарап отырмай:
– Жұмаш аға, Гришаның машинасы емес... өзі бұрыла алмай жатыр?– дегені-ше...
Түні бойы бет оқудан қалжырап әрі ұйқысырап қажып отырған корректор қыздарымыздың көз алдына күндізгі кәдімгі «бауырсақ» Гришаның бейнесі елестей кетті ғой деймін, аяқастынан күлкінің тығыны атылды да кетті... Бұл кезде «қияметтің қыл көпірінен» өтіп арқасынан ауыр жүк түскен жүргізушіміз түкке түсінбесе де білетін екі ауыз қазақшасын іске қосып, риза көңілмен «Не бол-дээ» деп, күллі салонды одан да бетер күлкіге қарық қылды.
Әл-ло!.. Айып болмаса, авторды шақырып жіберіңізші!
Жоғарғы Кеңес бақуат еді ғой, бақуат... Құзырындағы парламенттік «Халық кеңесі» газетінің жауапты хатшысы Басқар Битанов отыратын бөлменің әр бұрышында нөмірі бөлек бір-бір телефоннан тұратын. Қолымыз қалт етіп «бақуат» «бас штабқа» бас сұға қалған бір күн еді...
– Бүгінгі мақаласымен Серік Жұмабекұлын құттықтадыңдар ма? – деген жауапты хатшы, орынтағын ашық тұрған терезеге бұрып, темекісін тұтатты. – Келіңдер... оқырмандар атынан лебіз білдіріп қояйық, – деді де, телефонның құлағын қуақылана көтерді.
Басқардың тосын тапқырлығы мен әзілқойлығына, әртістерше даусын құбылта салатынына әуелден тәнтіміз. Жауапты хатшының орынбасары Қыдырәлі Қойтай мен бас суретші Айдарбек Ғазиз – бірі макетке үңіліп, бірі бөлмедегі екінші телефонмен «сөйлескен» сыңай танытты. Самат Ибраим мен Серғазы Мұхтарбек және мен жауапты хатшының үстелінің айналасында басталған оқиғаның қалай өрбуін күтіп, тынши қалдық...
Бұрыштағы үшінші телефон «шар» етті. Дәлізде жүрсе керек, ішке жүгіріп кірген иесі Серік Жұмабекұлы телефонның құлағына жармасты. Бұл кезде Басқар «рөліне» алаңсыз кірген.
– Әл-ло... сәлеметсіз бе ағай, Серік Жұмабекұлын телефонға шақырып жібересіз бе?
– Бұл кім болды екен?
– Газет оқырманымыз ғой, Серік ағайдың бүгінгі «Атпен сүйреген атом бомбасы» деген мақаласын сүйсініп оқып шығып едік. Ағай, айып болмаса автордың өзін шақырып жіберіңізші...
– Серік Жұмабекұлы ағаларың тыңдап тұр...
– Ой... ағай, шын айтасыз ба?
– Шын, шын... өзіңіздің аты-жөніңіз кім, қалқам? Қай өңірден телефон шалып тұрсыз?
– Ой, ағай, сене алмай тұрмын, қалжыңдамай Серік ағайды шақырыңызшы, болмаса телефонның тұтқасын тастай саламын...
– Оу, айналайын, менмін деп тұрмын ғой Серік Жұмабекұлы, менмін..
– Шын айтасыз ба... Кәдімгі сақалы бар Серік ағайсыз ба?
– Иә...
– Ім-м... шашы жоқ Серік ағайсыз ба?..
Бір бөлменің екі бұрышындағы «автор мен оқырманның – жігіт пен қыздың» телефон-диалогы осы жерден үзілді. Өйткені күлкі буған жігіттер одан арыға шыдай алмаған...
Сақал-мұрты жарасып, бір бейнесі жазушы Сәтімжан Санбаевтан аумайтын тақырбас құрдасым Серік Жұмабекұлы бір рет, иә, бір рет... осылай Басқардың әзіл қақпанына «оңбай» түскені бар еді.
Майктің миын ашытқан «сони-гейн» мен «они-гейн...»
Майк Уайл – мен алғаш әрі жақынырақ танысқан америкалық журналист. Бостон қаласындағы «7-ші арна» телекомпаниясының иесі, Қазақстан астанасында офис ашқан «Интерньюс нетуорк» (Халықаралақ ақпарат желісі – АҚШ) ұйымына медиа-тренер санатында келіп жүрді. Майк өткізетін 10 күндік тренингтен еліміздің әр түкпірінен келген қазақ тілді қаншама жас тележурналист дәріс алды. 1998 жыл. Шілде болатын...
Кезекті жаңа топпен танысу рәсімі жүріп жатқан. Бұл топтың ішіндегі алғыры Шымкенттен келген жас өрен (есімін өзгерттім) болып шықты. Алғашқы сөзді «Май нейм Азамат...» деп бастаған телешәкірт, әрі қарай қазақша төпелетті, өзі жылдам сөйлейді екен: «Бір жыл бұрын Шымкенттегі мемлекеттік университеттің филология факультетін бітірдім, өнегейін жарты ай «Отырар» телеарнасында сынақтан өттім... өнегейін ақпарат бөлімінде... өнегейін спорт бөлімінде...» деп судыратып ала жөнелді. Тәртіп бойынша, Азаматтың қазақшасын мен орысшаға аударып, ол орысшаны Ақтөбеден келген аудармашы жас жігіт Майк үшін ағылшын тіліне аударуы тиіс.
– Сәл кідірші, Азамат, мүмкін болса, «өнегейінді» айтпашы, өзіңді таныстыруыңды басқаша айтып көрші.
Бұл кезде әр бұрыштан қыздардың күлген дауыстары шығып жатқан...
– Жарайды, аға. Қазір басқаша айтып көрейін.
«Бір жыл бұрын Шымкенттегі мемлекеттік университеттің филология факультетін бітірдім... сөнегейін жарты ай «Отырар» телеарнасында сынақтан өттім... сөнегейін ақпарат бөлімінде ... сөнегейін спорт бөлімінде...».
Күллі аудитория күлкіден «тарс» жарылды.
Әлі бірауыз сөз ағылшын тіліне аударылмай аң-таң күйде отырған Майк Уайл америкалық кең пішімді жымиыспен, дымға түсінбей бізге таңдана қарай қалыпты.
Бүкіл жиналған қауым (қазақша түсінетіндері) жарыла күлген осы оқиғаның мән-мағынасын, түп-төркінін екі сатылы аудармамен Майкке түсіндіріп бере алмадық! Ондай бір әріп ауысқанда күлкі шақыратын сөздер америкалықтарда да кездеседі деген Майк түсіністік танытқандай болып-ақ жатыр. Біздің тегіміз, тіліміз, діліміз өзгеше екені өз алдына, «өнегейін мен сөнегейін» сөздері кездейсоқ үйлескенде неге күлкі шақыратыны өз алдына мүлдем басқа бір лексикалық құбылыс екенін біз де сол күні өз хал-қадерімізше ұғынғандаймыз! Америкалықтардың ауызекі сөйлегенде «р» әрпін айтпай аэропортты «аэпоот», мистерді «містә», интерньюсті «интееньюз» дегені секілді әр ұлттың тіл ерекшелігі болады екен-н...
Үзіліс кезінде Майк бетіме бажайлап қарап, күлімсіреп «сони-гейн»... «они-гейн» дер еді. Менің күле қоймағаныма таңданғанын әріптестің ойлы көкшіл көздерінен байқайтынмын... Екі жылдан соң келгенде де ұмытпапты. Қайталады. Қазақтың сөз тіркесіндегі, сөйлеу мәнерінде тек өзімізге ғана тән осы бір құбылысты білмей, ол жолы да Бостонына бос қайтты Майк мырза...
* * *
«Егеменнің» «партасына» үзіліс араластырып отырған сегіз жылда өзім куә болған, құлақпен естіген редакция «қызықтары» қаншама! О-Һо-о! Ол әңгімелерді «СҚ»-ға тарыдай боп кіріп, «EQ»-дан таудай боп шыққан, редакцияда жарты ғасырға жуық табан аудармай қалам тербеген ардагер журналист, Ақпарат саласының үздігі, Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты Гүлзейнеп Сәдірқызының (Әбдірахманова) үлесіне «челлендж» ретінде қалдыруды жөн санадым...
Ел газетінің естеліктерін жақұттай жарқыратып, болған уақиғаны көз алдыңа бояусыз елестетіп, әзіл-күлкісімен әрлеп айтса, шіркі-ін, әпкем айтсын!
АЛМАТЫ