Мәдени ынтымақтастықтың мәні зор. Мұнда ел мен елді, жер мен жерді байланыстырып тұратын ұлы күш бар. Ұлттың рухани түлеуіне өзге ұлттың да септігі тиетіні, бір-біріне ықпал ететіні белгілі. Оған Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың Беларусь Республикасының Мәдениет министрі Анатолий Маркевичпен кездесу сәтінде тағы бір мәрте көзіміз жетті.
Екі елдің мәдениет саласына жауапты министрлерінің жүздесуіне Қазақстанның Беларусь Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі, ТМД Жарғылық органдары жанындағы Тұрақты өкіл қызметін қоса атқарушы Асқар Бейсенбаев пен «Қазақконцерт» мемлекеттік концерт ұйымының директоры Жеңіс Сейдуллаұлы да қатысты.
Алдымен Ақтоты Райымқұлова бүгінде екі ел арасындағы тату көршілік қарым-қатынас тұрақты дамып, мәдени-гуманитарлық байланыс екі халық арасын байланыстырушы көпірге айналып келе жатқанын атап өтті.
«Ынтымақтастық аясында бірқатар ауқымды мәдени жоба жүзеге асып жатыр. Мәселен, еліміздің өкілдері «Беларусь кітаптары» халықаралық жәрмеңкесіне, Витебскідегі «Славян базары» халықаралық өнер фестиваліне, «Лістапад» халықаралық кинофестивалі сынды мамандандырылған мәдени іс-шараларға тұрақты түрде қатысады. Беларусь халқының мәдени мұрасын елімізде таныту шеңберінде Беларусь пен Қазақстанның мемлекеттік мұрағаттары мен мұражайлары арасында әріптестік орнатылды. Сонымен қатар әдебиет пен өнер, кинематография қайраткерлері арасында серіктестік жанданып келеді», деді ведомство басшысы.
Айта кетейік, биыл Беларусь Республикасында режиссер Бекболат Шекеровтің «1941 жылдың жазы» атты көркем фильмінің түсірілімі өткен болатын. Бұл Ұлы Жеңістің 75 жылдығына және Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушы, ғалым, жазушы және қоғам қайраткері Әди Шәріповтің жауынгерлік жолы жайлы тарихи туынды.
Оған қоса жыл сайын дәстүрлі түрде Витебскіде өтетін «Славян базары» халықаралық өнер фестивалі ТМД көлемінде ғана емес, құрлық аралық деңгейде танылған жобаға айналып үлгерді. Біздің өнерпаздар ұзақ жылдан бері «Славян базарына» тұрақты қатысып, жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр. Жалпы, онда қазақтың қанжығасы бос қайтқан емес. Кезінде дүлдүл әнші Димаш Құдайберген осы фестивальге қатысып, бағы жанған еді. Оны да айта кеткеніміз жөн шығар. Бүгінде сол додада қазылар қатарында отыр.
Ал биыл Қазақстан атынан эстрада орындаушылары байқауында Қазақ ұлттық өнер университетінің 3-курс студенті Рухия Байдүкенова бақ сынап, мерейімізді өсірді. Енді ХІХ халықаралық балалар музыкалық байқауына «Бозторғай-2019» халықаралық балалар шығармашылығы байқауының жеңімпазы 10 жастағы Амина Асгатова қатысады. Оның да жетістікке жетеріне сенім сол.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова екі мемлекеттің мәдениет күндерін өткізу мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты нығайтуда маңызды қадам екенін жеткізді.
«2018 жылы Беларусь Республикасында Қазақстанның Мәдениет күндері ұйымдастырылды. Биыл 30 қыркүйектен бастап 3 қазанға дейін елімізде Беларусь Республикасының Мәдениет күндерін өткізуді жоспарлап отырмыз. Мәдениет күндері аясында Беларусь Республикасының үздік шығармашылық ұжымдары өнер көрсетеді. Осы мәдениет күндері аясында Беларусь киносының күндерін өткізу жоспарда бар. Біздің «Қазақконцерт» мемлекеттік концерт ұйымы Беларусь мемлекеттік филармониясымен Меморандумға қол қою мәселесін талқылауға дайын», деді А.Райымқұлова.
Сондай-ақ Беларусь Республикасының жеке орындаушылары мен шығармашылық ұжымдарын 2022 жылы өтетін «Опералия» халықаралық фестиваліне, Бибігүл Төлегенованың Халықаралық вокалистер байқауына, музыка аспаптарында орындаушылардың халықаралық телевизиялық балалар байқауы сынды іс-шараларға қатысуға шақырды. Екі тараптың осы іс-шараларға қатысуы өзара іс-қимылға жаңа серпін беретініне, мәдениет пен өнер саласында байланыс орнатуға және тәжірибе алмасуға ықпал ететініне сенімді екенін жеткізді.
Өз кезегінде Анатолий Маркевич екі мемлекет арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты Беларусь тарабы жандандыруға ниетті екенін тілге тиек етті.
«Екі елдің өнер, әдебиет, спорт және өзге саладағы қайраткерлерінің байланысы ұзақ жылдан бері жалғасып келеді. Сіздердің осы кездесу барысында айтқан ұсыныстарыңызды қарастырып, пандемияға қарамастан әріптестіктің өрісін кеңейтуге дайын екенімізді жеткіземін», деді А.Маркевич.