• RUB:
    4.86
  • USD:
    441.66
  • EUR:
    475.14
Басты сайтқа өту
Әлем 20 Шілде, 2021

Вирустың екі түрін бірден жұқтырғандар бар

159 рет
көрсетілді

Бір уақытта COVID-19-дың екі түрден бірден жұқтырып алуға болатыны белгілі болды. Бельгияда Ұлыбритания мен Оңтүстік Африкада анықталған коронавирустың альфа және бета түрлерін жұқтырған 90 жастағы әйел биыл наурыз айында қайтыс болған.

Дәрігерлер марқұм вирусты екі адамнан жұқтырған болуы мүмкін деген пікірде. Бұл – тіркелген алғашқы жағдай. Оқиға Еуропалық клиникалық микробиология және жұқпалы аурулар конгресінде талқыланған.

2021 жылдың қаңтарында Бразилия ғалымдары екі науқастың коронавирустың қос түрін бірден жұқтырғанын хабарлаған еді. Ал Португалия зерттеушілері жақында COVID-тен емделіп жүрген 17 жастағы жасөспірімнің вирустың екінші түрін жұқтырып алғанын мәлімдеді.

Бельгияда індеттің ең ауыр мутацияланған түрлерін жұқтырған қарияның жағдайы алғашында бірқалыпты болған, ауруханаға түскеннен кейін жағдайы күрт нашарлаған. Зерттеу нәтижесі оның вирустың альфа және бета түрлерін жұқтырғанын көрсеткен. Зерттеуші мамандардың бірі бұл екеуінің де сол кезде Бельгияда кең тарағанын айтады. Қария жалғыз өмір сүргенімен, оған көмекке келіп-кететіндер көп болған.

Мамандар вирус уақыт өткен сайын өзгеріп, мутацияға ұшырап отыратынын айтады. Олардың ішіндегі ең қауіпті дегендерін зерттеушілер бақылауда ұстайды. Қазір әлемде тарап жатқан қауіпті түрі Үндістаннан шыққан дельта штамы болып тұр. Ал бір адамда бірден екі вирус түрінің анықталуы өте сирек жағдай және ол толық зерттеуді қажет етеді.