• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Коронавирус 22 Шілде, 2021

«Қызыл аймақтағы» қызу қарекет

186 рет
көрсетілді

Өңірде жұмыр жерді қусырған жаман індет дерегі күн сайын көбейіп келеді. Мамандар осылайша дабыл қағуда. Өкінішке қарай, індетке тосқауыл болар вакцина туралы алыпқашпа әңгіме тыйылар емес. Дерттің өршіп кетуіне осы жайдың да бірден-бір қатысы бар.

Таяуда жаман тұмаумен күресіп жатқан медицина орталықтарына баспасөз туры ұйымдастырылды. Әрине, барлық сақтық шарасы сақ­талды. Бас көтеруге мұршасы болмаса да, ақ халатты абзал жандар ста­тис­тикалық деректердің әншейін ойдан шығарылмағанын, адам жанын тітіркентетін деректердің барлығы шын­дық екенін ашына отырып айтып берді. Енді сол деректерді келтіре кетелік. Өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда, облыста індет үш есе өскен. Әсіресе 18 жасқа дейінгі балаларға, жүкті әйелдерге, созылмалы сырқаты бар адамдарға ешкімді аяуды білмейтін қауіп-қатер төндіріп тұр. Себеп біреу-ақ, әзірше олар үшін вакциналау жоқ. Тығырықтан шығар жалғыз жолды мамандардың нұсқап көрсетуіне қарағанда, тұрғындардың бұл санатын тек ұжымдық иммунитетпен қорғауға болады. Бірақ бұл тарапта да олқылықтың орын алып отырғанын ашына айтуға тиістіміз. Мәселен, облыс орталығындағы вакцина алуға жататын 780 мыңнан аса адамның бүгінде небәрі 140 мыңға жуығы ғана екпе алған. Иммунитетті қорғаныстың қанат жаймауы да сол себепті. Осыдан барып індеттің бой бермей тұрғанын байқауға болады. Керісінше өрши түскен. Айталық өткен жылдың алты айында облыс бойынша 143 бала емделсе, биылдың басынан бері екі мыңнан аса кәмелетке толмаған бала дерт шең­геліне іліккен.

Індетпен алысып жатқан медицина қызметкерлерінің айтуына қарағанда, сырқаттардың 70 пайызға жуығы ауыр жағдайда түседі екен. Бұл арада балалардың жайы алаңдатпай қой­майды. Сондай-ақ жүкті әйелдердің дерт­ке шалдығуы да азаймай отыр. Тек соңғы аптада ғана індет жұқтырғандар саны екі есе көбейіпті. Орны толмас қайғы – адам өлімі де жиілеген.

Нақты көрініс осылай бола тұра, адамдардың біраз бөлігі вакцинаға әлі де күмәндана қарайтынын жасыруға болмас. Оның үстіне карантин талаптарын сақтай бермейді. Бәз-баяғыдай жүздеп адам жиналатын той-томалақ, ас, жаназа, құдалық өткізіліп жатыр.

– Қазір вакцина өте маңызды. Елді аман алып қалатын жалғыз қадам – осы, – дейді облыстық аурухананың бас дәрігері Нұрлан Жаров.

Ауру көбейген сайын жедел жәр­дем дәрігерлеріне түсетін салмақ та ауыр­лаған. Баспасөз туры барысында облыстық жедел жәрдем стан­сасының бас дәрігері Александр Высоц­кий ұжымының қаншалықты қажыр­лы қызмет етіп отырғанын таратып айтып берді. Өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда, ауруханаларға жатқызылғандар саны 54 пайызға өскен. Оның ішінде аса ауыр халдегі сырқаттардың саны екі есе көп екен. Маусым айында ғана ковид жұқтырды деген күдікпен 3 800 адам ауруханаларға жеткізіліпті. Тәулі­гіне мыңдаған шақыру түседі. Облыс орталығының өзінде ғана 400-ге жуық тұрғын жедел жәрдем қызметіне жүгінеді.

Қазір 68 медициналық жедел жәр­дем бригадасы жанталаса жұмыс істеп жатыр. Өткен жылы жүктеменің көбе­юіне байланысты қосымша реанимобильдер сатылып алыныпты. Талап та өскен. Жедел жәрдем көлігін тексеруге, сырқаттарды ауруханаға жатқызуға, одан кейін дезинфекциялауға бір сағат­қа жуық уақыт кетеді екен. Оператор­лардың өтініш білдірген тұрғындармен сөйлесу тәртібі де өзгерген. Аурудың белгілері мен науқастың жағдайы, адам­дар көп жиналған іс-шараларға қатысқан-қатыспағандығы, жол сапарға шыққан-шықпағандығын анықтау үшін сұрақтар қояды.

Індет өрши бастағаннан-ақ әр күн сайын денсаулық сақтау басқармасы, жергілікті атқарушы орган өкілдері ресми парақшаларда бүгінгі орын алып отырған жайды айна-қатесіз көрсететін, бір қарағанда, барынша қорқынышты көрсеткіштермен бөліседі. Алғашқы бетте дүрлігіп қалғанымен, қазір еті үйреніп кеткен көпшілік мәселеге жеткілікті мән бермей отыр.

 

Ақмола облысы