Қауылжыр ауылының тұрғыны Елена Жылбаеваның әр ісі халқымыздың байырғы салт-дәстүрін бойына сіңірген, ақ жаулықты аналарымызбен тең түседі деуге болады. Мойнына «Алтын алқа» таққан көпбалалы ананың ел асып келіп, қазақы ауылдың тірлігіне сіңісуінің өзі бір бөлек әңгіме.
Солдаттың көзі түскен қыз
Орынбай аға кеңес заманында Ресейдің Чуна қаласында әскери міндетін өтейді. Техникаға жастайынан ептілігі басшылықтың назарына ілігіп, батальон командирі мінетін көліктің жүргізушісі болып бекиді. Казармадағы жауынгерлерге қарағанда көлік жүргізіп, сыртқа шығатын жауынгерде мүмкіндіктің мол болары белгілі.
– Менің енді бойжетіп келе жатқан кезім. Көшеде жүрсем, ағаң көлігімен бір өзі келе жатса, жаныма тоқтай қалып, «қарындас» деп әңгімеге тартатын. Астында «Зил» маркалы ірі көлік. Сонымен командирін тасиды және батальонға нан жеткізеді. Алғашқы таныстығымыз осылай басталды. Көшеде жиі ұшырасуымыздың арты бір-бірімізді іздейтіндей сезімге ұласты. Әскери борышын өтеген соң ол еліне кетті. Бірақ арамызда «мәңгілік бірге боламыз» деген уәде бар еді. Көп ұзамай, 1985 жылдың мамыр айында Чунаға мені іздеп келіп, сол серті бойынша туған жеріне жар етіп алып кетті. Осы әулетке келін болып түскен кезде үйде марқұм Боранбай деген қайын інімнің Шолпан есімді келіншегі бар еді. Қазақ тілін тез үйренуіме сол келінімнің көмегі көп тиді. Үйренісе келе, осы жердің салт-дәстүрі, ауыл халқының ақжарма пейілін өзім де ұната бастадым.
Шаңырақ көтерген соң ағаң туған жері Қауылжырда теміржол саласында жұмыс істеп, 2017 жылдың ақпанынан бастап денсаулығына байланысты одан өз еркімен босады. Мен де осы темір жолда 1989-1996 жылдар аралығында бағыттама бұрушысы болып еңбек еттім. Бір-бірімізді демеп, Алла берген балаларымызды тәрбиелеп, ел қатарлы бір әулеттің бұтағын жайып отырған жайымыз бар, – дейді Елена апай.
«Алтын алқалы» ана қазақтың салт-дәстүрін жоғары бағалайды. Қасиетті Рамазан айында Ораза ұстауды өзіне парыз санайды. Төрт түлік мал өсіріп, сауын сауып, дастарқанын ағарғаннан арылтқан емес. Иркутскідегі сіңлісі өзге елге тұрмысқа шығатын болған соң, анасы Вера Шестакованы да 1997 жылы Қауылжырға көшіріп әкеледі. Қазақ жерінің тірлігіне тез үйреніскен қарт өткен жылдың жазында 81-ге қараған шағында дүние салған.
Ал Ресейде тұратын өзге туыстарымен арадағы қатынас осында келін болып түскеннен бері үзіліп қалған екен. Ол жаққа талай хат жазылса да бір жауап болмапты. Туыстарын тауып, бір дидарласуды кейде ол кірпік ілмей түнімен ойлайтыны бар. Балғын балалық шағы есіне түсіп, туған жеріне деген перзенттік сағынышы артқанда ой тұңғиығына құлдилап бара жатқандай болады. Сондай сәтінде саңылаудан түскен бір жарық сәуле оған үнемі үміт сыйлап тұратын. Сол үміті оны ешқашан алдамады.
35 жылдан соң табылған бауырлар
Өткен жылдың 1 мамыры – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай ауыл кітапханасы санитарлық талаптарды назарға ала отырып, «Тәуелсіздік: бірлік және ынтымақ» тақырыбында өзге этнос өкілдерін қатыстырып, іс-шара өткізеді. Оның басты қонағы ретінде Елена апай шақырылды. Орайлы тұста Елена апаға: «Сіз туыстарыңызбен хабарласып тұрасыз ба?» деген сауал қойылады. Бұл сұрақ оның жүрегін елжіретіп, көзіне сағыныштың жасын үйіреді. Тұрмысқа шыққаннан бері өз тума-туыстарымен арадағы қатынас ажырап қалғанын сол жерде ашық айтады. Кейіпкерінің көңіл толқынысын түсінген кітапханашы Алтынгүл Сегізбаева дереу «Евразия-1» телеарнасындағы «Жди меня» бағдарламасына ауылдасының мән-жайын тәптіштеп баяндап, хат жолдайды. Арада көп уақыт өтпей ол жақтан ақжолтай хабардың лебі еседі. «Іздегенге сұраған» дегендей, ондағылар да Қазақ елінде тұратын қыздарын іздеп жүр екен.
Телеарнаның облысымыздағы тілшілері апаны басты кейіпкер ретінде көрсету үшін оны қатыстыра отырып, Ақтөбе қаласындағы Пушкин атындағы орталық саябақта сюжет әзірлейді. Өткен жылдың шілде айындағы «Жди меня» бағдарламасының 322-шығарылымы осы кісілерге арналады. Бейнебайланыс арқылы апалары Нина Шестакова, Галина Филимоновалармен араға 35 жыл салып тілдесуі бір ғана Елена апайдың емес, оған тілекші ауылдастарының да ортақ қуанышына айналады.
Елена апай қазір Ресейдегі туыстарымен телефон арқылы жиі тілдесіп, құрақ ұшып көріспесе де бейнебайланысқа шығып, сағынышын басады.
– Апаларым маған келгісі келеді, мен де туған жерімде жерленген әкемнің басына бір барып қайтсам деймін. Бәріне мына індет тұсау болып тұр, бұйырса енді ешқашан ажырамай, бәрі ойлағанымыздай болады, – дейді ол.
Тігіншілікпен тірлігін түзеген
Ауылдастары Еленаны жақсы тігінші ретінде де құрметтейді. Жастайынан ине-жіпке құмар болып өскен оның осы қызығушылығы есейе келе тігіншіліктің қыр-сырын білуге жетелейді. 2016 жылы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бизнес-кеңесші» жобасын оқып, сертификат алып, кәсібін дамыту үшін 900 мың теңге несие алады.
– Қазір түрлі тігісте тігетін төрт тігін машинам бар. Әу баста қол машинамен тігетінмін. Кейін олардың қатарын көбейтуге тура келді. Өйткені тапсырыс берушілердің талғамы жоғарылады. Қазақтың ою-өрнегін көрпеге түсірудің тәсілін өзім үйреніп алдым. Ине ұстамай ұзақ жүре алмаймын. Тігін тіксем, жаным сабырлылыққа суарылып, содан ләззат аламын. Ауылдастарым да осы өнерімді бағалап, тігінге қатысты шаруалары болса, маған хабарласады. Осы кезге дейін әрісі Ақтөбе, Шалқар, Ембі қалаларына қыз жасауларын жөнелткен екенмін. Ісмерлік қасиет мүмкін арғы ата-тегімде бар шығар, оны нақты білмеймін. Бірақ қазақ халқына қажетті бұйымдарды тігуді осы жерге келіп үйренгенім рас, – дейді тігінші апай.
Орынбай аға мен Елена апайдың тұңғыштары Мейрамбек есімді ер бала. Одан кейінгі Мейрамгүл, Сәнімгүл, Айжан, Сәуле атты қыздары тұрмыс құрған. Анжела мен Тоқжаны қолдарында. Отағасы биыл Пайғамбар жасы – 63-ке, ал апамыз 53-ке келіп отыр. Ендігі тілектері – шаңыраққа ибалы келін түсіріп, немере-шөберенің қызығын көру. Қазақ тілінде еркін көсілетін Елена Юрьевна, міне, осындай жан.
Мұхтар МЫРЗАЛИН,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
Ақтөбе облысы,
Шалқар ауданы