Жаңаөзен қаласында орналасқан Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы атындағы Маңғыстау индустриалды техникалық колледжінде «Компрессорлық стансалар мен жер асты құбырларының электр жүйесін жөндеу және қызмет көрсету», «Технологиялық процестерді автоматтандыру» мамандығы бойынша «Жас маман» жобасы аясында заманауи және халықаралық өндірістік талаптарға сай шеберханалар ашылған болатын. Ондағы оқу жабдықтары мен қондырғылар мемлекеттік сатып алу бойынша ашық конкурс өткізу арқылы сатып алынды.
Бұл мамандықтардың таңдалу себебі – автоматтандыру және энергетика қазіргі таңда әлемде орын алып жатқан жаппай цифрландырудың негізі болып саналады. Бұл колледждің іргесінде құзыреттілік орталығын ашуда ең басты мақсаты колледж базасын мамандыққа қойылатын жаңа талаптардың пайда болуына сәйкес жаңғырту, шеберханалар аумағын кеңейту және білім алушылардың өндірістік талаптарға дайын маман болып қалыптасуына оңтайлы жағдай жасау және осының әсерімен осы мамандық бойынша білім беру бағдарламасына түбегейлі оңтайлы өзгерістер енгізу болды. Көп ұзамай колледж Нұр-Сұлтан қаласындағы «Талап» КеАҚ ұйымының қатысуымен өз жобасын қорғап, Білім және ғылым министрлігінің мемлекеттік бюджетті ұтып алды.
Шеберхана қарастырылған бюджеттің шектеулі қалыбына сәйкес білім алушылардың мамандығына қойылатын барлық дағдылар мен құзыреттіліктерді толық қамтитындай етіп жасақталған және студенттерге орталықта тек қана «Бақылау өлшеу аспаптары және автоматика слесарі», «Электрмонтаждаушы» біліктілігін ғана емес, «Электромеханик» біліктілігін алып шығуына жағдай жасалған. Орталық «Индустрия 4.0» кезеңіндегі даму тенденциясына сәйкес етіп жасақталғандықтан оның республика көлемінде аталған мамандық бойынша оқытатын колледждерде теңдесі жоқ. Бұл – өндірістік талаптардан озық инновациялық шешімдері бар мамандардың қалыптасуына, өндіріс орындарында тек қана өз қызметтік функцияларын толық орындап қана қоймай, сол өндірістің дамуына ықпал ететін және өндірісті модернизациялауға қабілетті мамандар болып шығады деген сөз. Өйткені қазіргі таңда әлемнің техникалық прогресс пен технологиялық дамуы аясында туындап жатқан өндіріс орындарын жаппай цифрландыру мәселесі еліміз үшін де маңызды.
Орталықтағы жабдықтар Siemens, Emerson, Fanuc, Festo, Mathworks әлемдік деңгейдегі алпауыт өндірушілерінен тікелей жеткізілді және заманауи соңғы өндірістегі қондырғыларымен жабдықталды. Оқытушылар орталықты оқу жабдықтарымен жабдықтау барысында жұмысшы мамандардың халықаралық деңгейдегі Worldskills талаптарын да ескерген. Осының нәтижесінде білім алушылардың халықаралық деңгейдегі мамандыққа қойылатын талаптарына сай кәсіби шеберлігін арттыра түсуіне зор мүмкіндік туып отыр.
«Жас маман» жобасы аясында жасақталған оқу орталығында халықаралық сарапшылар және мамандармен бірге халықаралық оқыту курстары мен шеберлік чемпионаттарына қатысқан шәкірттер 30-ға жуық халықаралық деңгейдегі сертификаттарға ие болып отыр. Бұл – өндіріс орындарында техникалық сауатты, озық технологияларды меңгерген жоғары білікті болашақ инженерлер құрамын қалыптастырады деген сөз. Сондай-ақ орталықтан шыққан жұмысшы мамандар еліміздегі осы мамандық бойынша ең үлкен мәселе болып саналатын өндіріске технологиялық және инновациялық шешімдерді енгізе алатын техникалық сауатты мамандардың жетіспеушілігінің орнын толтырады.
Қазіргі таңда өндіріс орындарындағы мамандардың айтуы бойынша автоматтандыру біліктілігін алып шыққан мамандарда автоматтандыру жүйелерін іске қосу және баптау, автоматтандыру жүйелерін модернизациялау бойынша жаңа жүйелерді өндіріске енгізу дағдылары қалыптаспаған. Бұл мәселенің туындау себебі – республика көлеміндегі орта кәсіптік білім беруші орындарда автоматтандыру мамандығында білім алушыларға цифрлық технологиялардың пайда болуына байланысты бағдарламалау және компьютерлік жүйелерде автоматтандыру интерфейстері мен ақпаратты тасымалдауға арналған байланыс жүйелерін меңгерту дағдыларын білім беру бағдарламасына енгізілмегендігі. Дамыған шетелдік мемлекеттердегі орта кәсіптік білім беру орталықтарында автоматтандыру мамандығында білім алушыларға осы дағдылар мен білімдер кеңінен қарастырылған, сондықтан ол аймақтарда осы мамандықты тәмамдаушылар өндірістік орындарға толығымен дайын маман болып қалыптасып шығады. Осы мәселелер Жаңаөзен қаласындағы О.Тұрмағанбетұлы атындағы Маңғыстау индустриалды техникалық колледжінде де қамтылып, «Жас маман» жобасы арқылы іске асырылады деп сенеміз. Біз өз мамандарымыз арқылы ел аумағында инженерлік өндіріс саласында тапшы мамандарды даярлап, ел дамуына үлес қосамыз.
Таңат УСКИМБАЕВ,
О.Тұрмағанбетұлы атындағы Маңғыстау индустриалды техникалық колледжі директоры