• RUB:
    4.98
  • USD:
    495.95
  • EUR:
    524.37
Басты сайтқа өту
Әдебиет 25 Шілде, 2021

Аристотель «поэтикасы»: Тұңғыш драма теориясы

3332 рет
көрсетілді

«Болжамды жағдай құшағында – арпалысқан алай-түлей көңілдің ақиқат­тылығы, адам сенерліктей сезім көрінісі – драмалық қаламгерден сұрайтын біздің ақыл-ойымыздың талабы осы», деп жазды А.С.Пушкин.

Пушкин мен Станиславский

Ресейлік интеллектуалдық орта Ста­ни­славский, тегі, Александр Пушкин афоризмін өз жүйесінің іргетасына айналдырды, деген қағидаға берік, бірақ «болжамды жағдайлар» талабын «ұсынылған жағдайларға» өзгертіп жіберді.

Мастер өзі төлтума атаған әдіс-мето­дын жұртқа жариялап, тиянақтап қояды: «Ұсынылған деген не сөз? Ол – пьеса фа­буласы, оның фактілері, уақиғалар, дәуір, әрекеттің уақыты мен орны, өмір жағдайы, пьеса туралы біздің актерлік және режиссерлік түсінігіміз, өз жанымыздан қосқандарымыз, мизансценалар, қойылым, декорациялар мен суретші костюмдері, бутафория, жарық қою, шу­лар мен дыбыстар және басқа, басқа за­т­тарға, бәріне, бәріне актерлер өз шығармашылығында көңіл бөлуі қажет».

Станиславский актер сенуі тиіс жайттарды кең көлемде қамтиды. Бұл пьесаны оқудан басталады.

Өз анықтамасында Станиславский жетік ойын санаға терең жеткізе түсіп, кемелдендіруге талпынады: «Осы шақ өткен шақсыз ғана емес, келер шақсыз да өмір сүре алмайды. Әдетте, жұрт оны біл­мейміз, тіпті, болжай да алмаймыз, дейді, алайда оны көксеуге, назарда ұстауға қабі­­летті ғана емес, тіпті, әрбірден соң, тиіс­тіміз.

Егер осы шақ өткенсіз және келешексіз өмір сүре алмаса, өмірді айнытпай салатын сахнада да басқаша болуы мүмкін емес».

Геройларымыздың бүгіні мен ертеңгі күнін қиял көзімен шола қарай отырып, қарым-қатынасын, туып-өскен ортасын, дә­уірін зерттей отырып, спектакль қоюдағы автор мұратын анық әрі терең сом­дауға, ұсынылған жағдайлардың қанша­лықты маңызды екенін сонда түсінері­міз хақ. Бірақ Станиславский Пушкинді ғана емес, Аристотельді де ұстаз тұтқаны сах­­­на­­­лаған қойылымдарынан көрініп қалады.

Экхофф пен Риккобони

Бірақ еуропалық театртанушылардың Станиславский жүйесі түпнұсқа екен­ді­гіне үлкен күмәні бар. Жалпы, өнерге театр режиссері деген мамандықты енгізген осы Конрад Экхофф еді.

Инге Мооссен өткен ғасырдың сек­сенінші жылдары Франкфурт қаласында «Станиславский жүйесінің мәні әрі мағы­насыздығы» атты кітап басып шығарды. Аса маңызды туынды.

Ал Франческо Риккобони, Komedi del arte артисі Луиджи Риккобонидің пер­зенті – реалистік театрдың негізін қа­лаушы, «Актер шеберлігі» атты оқулық жаз­ған адам.

Инге Мооссен кітабында Станислав­ский талғамын, жүйесін қатты сынға ұшыратады. Әзірше қос іргелі туындыға біздің қолымыз жетпей тұр. Екеуінің де орысша тәржімесі жоқ, қанша уақыт өтсе де аударылмаған. Риккобони оқулығын неміс тіліне Лессинг қотарған көрінеді.

Ең бір қызығы, үш маман да орыс тілді интернет кеңістігінде жоқ. Ресей елі өздері жасаған мифті аса бір сақтықпен қорғайтын секілді.

Әсемдік: құштарлық пен еліктеушілік

Платон тәлімгері – Аристотель өнер теориясына қатысты мол мұра қалдырды. Өзіне дейінгілерді тегіс зерттеді, қоры­тын­дылады, сосын эстетикалық ұстындарын қалыптастырған «Поэтика» атты жаңа кітабын жазды.

Кітабы сәтті шықты. Әлі күнге шейін әлем театрына әсер етіп келеді. Кейде – тікелей, кейде – жанама.

Әсілі, Платон мен Сократ сұлулықты ізгілік тұрғысында түсінсе, Аристотель әдеміліктің мәнін өзінен іздестірді. Ол не? Төл мағынасында нені білдіреді? Кө­не гректер этикалық-эстетикалық ұғым­ды қатар біріктірген «калокагатия» деген түсінік енгізеді. Ксенофонтты қараңыз.

Кезінде, біз эстетикаға – «әсемдікке құштарлық» деген анықтама берген едік. Бірақ академиялық нұсқада нені біл­діреді, оны да қосуды жөн көріп отырмыз. Оксфорд сөздігіне жүгінейік: өмірде, табиғатта, көркем шығармашылықта сұлулық формасы мен идеялық мәнін зерттейтін, қоғамдық идеологияның ерекше түрі ретіндегі, өнер туралы фило­софиялық ілім.

Пафосқа Оксфорд лұғаты – қатты ша­быт, көтеріле сөйлеу, энтузиазм деген анықтама береді. Немесе шексіз құштар­лық, көзсіз құмарлық, ес-түссіз ынтық сезім. Патетика – аудитория түйсік-се­зіміне, көңіл күйіне әсер ету жолы. Шығарма, қойылым стилін, мәнерін, амалын аңғар­тады. Әдетте, эмоцияға толы, асырып, есіріп айтуға бейім, қайғыны еселей көрсетуге, бояуын қалыңдатуға үйір метод.

Фальштің Отаны – пафос.

Пафос, кейде, көрермен қауымға ма­ғы­насын жеткізуге, ұлы оқиғалардың маңызын арттырып кейіптеуге нақ, алай­да көп­шілік жағдайда қолданысы – адасқақ, теріс. Қатты дауыс, зілді сөй­леген адам орынсыз пафосқа арқа сүйесе, фальш тудырады.

Көне Грекия ғұламалары ішінде Арис­­тотель көркем шығарма тілі, стилі жө­­нінде сараптамалық еңбек жазған тұң­ғыш ойшыл-философ.

«Сөз ажары – анық жазу және жазудың мөлдірлігі, төмендеу емес», деп қалам тартады Аристотель.

Әрине, еліктеу теориясы да көне грек­тік пайым еді. Мимесисті Аристотель ұстаздарынан иемденеді.

Платон философиясы дүниені жал­ған танып, оны алданыш көрсе, идея­лық тіршіліктің көлеңкесі ұғынса, Арис­тотель, керісінше, реалдылық санайды. Сезім, түйсік әлемі өнер мен поэзия тақы­рыбына айналады. Ол эстетикалық таным қабілетіне сенеді.

Тарихты белгілі бір өткен оқиғаны бейнелейтін пән есептеп, ал поэзияның ертеңгі күн болжамы шеңберінде, не қа­жеттілік, не мүмкіндіктен туындайтын дүние екендігін алға тартады.

Сондықтан поэзияда ой-толғаныс, тал­қы көп, жалпылама кейіп, себеп-сал­дар­лық кеп жеткілікті. Тұнып тұрған фило­софия.

Қысқаша ғұмырбаяны

Кемеңгер, данышпан, көне грек ойшылы, Платон шәкірті, перипатетика мектебінің негізін қалаушы, атақты Алек­сандр Македонскийдің ұстазы – Аристотельдің ғылым мен философияға сіңір­ген еңбегі ұшан-теңіз.

Өлшеусіз еңбек. Нәсілге мирас: асыл қазына, алтын көмбе, өшпес мұра.

Оның мұрасы – елу том кітапқа сыйған қалың мәтін, екі мың жылдан астам уақыт бойы адамзат өркениетіне әсер етіп келе жатқан: әрі ғылыми ізденістер, кешенді зерттеулер, қомақты табыстар, әрі мықты қағида-ережелерге құрылған ілім, формула, тұжырымдамалар.

Ол Фракияға бағынышты Стагир қала­сында туады. Тәуіптер әулетінен. Әке­сі Никомах (ұлының аты да – Никомах) – македондық патша Үшінші Аминтаның отбасылық дәрігері.

Анасы Фестида – текті елдің қызы. Емшілік қасиет қонған әулет ақылдаса келе, әке ұйғарымы бойынша, жас Арис­тотельді шипагерлік өнерге (кәсіп) бау­лымаққа бел буады.

Әке жоспары жүзеге аспай қалады. Ерте дүние салады. Он бестегі бала жігіт Стагирден Кіші Азияға, Проксен қолына көшеді, Проксен оны – әрі қарай, біз­дің жыл санауымызға дейінгі 367 жылы, Афинаға – академияға оқуға жібере­ді. Платонмен кездесіп, шәкірт болады. Пла­тон академиясында өткізген жиырма жыл ішінде көптеген сала бойынша ізденеді, саясатпен қатар, жан-жануар, өсімдік әле­мін зерттейді.

Ойшыл ретінде қалыптасқан Арис­тотель ұстазы жүйелеген күллі дүние тәнсіз мәндер идеясынан тұратыны жө­­ніндегі ілімін жоққа шығарады. Ол форма мен материяның бірінші екен­ді­гін, жан тәннен бөлінбейтіндігін алға тартады.

Біздің дәуірімізге дейінгі 345 жылы Аристотель Лесбос аралында, Митилену қаласында алғашқы мектебін ашады: кешегі досы әрі өзі тәрізді Платон шәкірті, әмір иесі Гермийді парсылар қолға түсі­ріп, жер үшін күресте қарсы майдан ашқаны үшін жазаға тартады. Аристотель ықпалында өмір сүрген Гермий өліп бара жатып, мен философияға қарсы ешқандай қылмыс жасаған жоқпын, дейді.

Екі жылдан соң Филипп патшаның шақыруымен, он үштегі баласы Алек­сандр­ды тәрбиелеуге Македонияға аттанады. Сегіз жыл бойы ғұлама ұстаздан тәлім-тәрбие көрген болашақ қолбасшы ұлы жорықтарында көптеген әскери табыстарға қол жеткізеді.

Ойшыл-ғалым ғылымды үш салаға бөледі: теориялық, практикалық және шығармашылық. Бірінші топқа физика, математика және метафизиканы енгізеді. Білім үшін қажет ғылымдар. Екіншіге мемлекет тыныс-тіршілігін қа­лып­тай­тын, құрайтын саясат, этика жатады. Соң­ғысына күллі өнер атаулыны, поэзия мен риториканы да қосады.

Ғұлама философ әлемнің төрт бастауы бар деп түсінеді. Материя («неден тұратыны»), форма («қалай бар екен­дігі»), туғызатын себеп (қайдан екендігі), мақсат («не үшін»).

Бұл аталған төрт бастаудың құрамына қарай, ізгілік пен зұлымдықтың орны анықталады – қайсысына, қай топқа жататыны айқындалады.

Ол категорияны көп сатылы жү­йеге бөлген алғашқы ойшыл болды. Өзі қалыптастырған он категория төмендегідей рет­­пен жіктелді: түпқазық (сущность), саны, сапасы, қатынасы, орны, уақыты, иемденуі (обладание), жағдайы, әрекеті, мехнаты.

Күллі сущее (түпқайнар) бар дүниеге (өлі/тірі) тең таралады.

Аристотель идеясы – еркін түп­қа­зықтар құраған объектілердің өзара әре­кетінен туған арақатынас, жүйе тұр­ғысында – уақыт пен кеңістіктің негізгі тұжырымдамалары ретінде қалыптасты.

Идеалды мемлекет бейнесін Арис­то­тель «Саясат» атты еңбегінде талдайды.

Аристотель логика, физика, астроно­мия, биология, философия, этика, диалектика, поэзия және риторика тақы­рып­тарына да қалам тартты. Ізденімпазығына, бейнетқорлығына, сергек­тігіне, ақыл-ойына дән риза шәкірттері, тарихи тұлғалар, жалпы кейінгі ұрпақ оның көптомдықтарына «Аристотельдік корпус» деген атау берді.

Жеке өмірі туралы деректер аз, екі әйелі болған, екі бала сүйген. Біздің жыл санауымызға дейінгі 347 жылы, 37 жа­сында, Аристотель Гермийдің қызы Пифиадаға үйленеді. Дүниеге қыз бала келеді. Алғашқы әйелі дүние салған соң, қызметші әйел Герпеллидамен тұрады. Ол – Никомах атты ұлының анасы.

Александр Македонский қазасынан кейін Афинада македондық үстемдікке қарсы бүлік көбейеді, Аристотельді Маке­­­донскийдің кешегі ұстазы ретінде има­н­сыз деп айыптайды. Философ елден кетеді.

Сократты улап өлтірген жабайылық қастандық өзіне де қарсы жа­салынаты­нына көзі жеткен ол: Афина­ларлықтарды философияға қарсы жаңа қылмыс жасаудан құтқаруды ойлап кетіп бара жатырмын, деген пікір айтады.

Эвбей аралында орналасқан Халкис қаласына тұрақтайды. Күллі шәкірті соңынан ереді. Көп ұзамай, екі жылдан соң, алпыс үш жасына қараған шағында, Аристотель өзін өмір бойы азап-мехнатқа салған, қинаған асқазан дертінен қазаға ұшырайды.

Аристотель орнын – ботаника, музыка, тарих және философия саласы бойынша ұстаз ілімін жалғастырушы тәлімгері – Теофраст басады. Әрі «Ликей» мектебін өз қолына, қарамағына, құзырына алады.

Жазба тарихы

Еуропа ес жиғанша, схоластика би­леп-төстеп, шіркеу догматтары салтанат құрды. Қолжазба араб тіліне аударылды, со­сын, қозғалмай қалтарыста көп жатты. Фило­софияны қуғындаған жұрт қараң­ғылыққа ұрынады.

Егер грек не латын қарпінде сақта­лып келген, көне антикалық деректерді қопарып, ақтарып, бай мұраға (ката­лог­тарға) сүйене жатсақ, жаңа дәйектер табатынымыз сөзсіз.

Аристотель еңбегі, архив материалдары бойынша, екі бөлімнен тұратын көлемді трактат болса керек, бірақ біздің заманымызға дейін жеткені – бірінші жартысы ғана.

Екінші бөлігі комедияны талқылауға арналғаны жөнінде мәліметтер көп: бар екендігіне Коалендік трактат меңзейді. Жалпы, сақталып қалғаны бес қолжазба көрінеді. Ең ескісі – 1100 жылғы.

Ал «Поэтика» мәтіні кездесетін ко­декс­тер ішіндегі ең бастапқысы – X-XI ға­сырлар ширегінде көшірілген, көбейтуге дайындап қойған Париждік кодекс (Codex Parisinus, 1141).

XIII ғасырға дейін, 1256 жылы Гер­ман Алеманн Аверроэс нұсқасын латын тіліне аударғанша, трактат туралы ешкім білген жоқ: алайда еуропалық интеллектуалдар­ға мәтін қатты өзгеріске ұшыраған күй­де жетті.

1278 жылы наурыз айында Мёрбикелік Вильгельм трактаттың аман-есен қолға тиген нұсқасын латынға толық аударып шықты. 1498 жылы Моденедегі Эсте кітапханасынан табылған Париждік кодекстен аударған Джорджо Валлдың латынша тәржімесі жарық көреді.

«Поэтиканың» грекше үлгісі 1508 жылы венециялық Альд Мануция бас­па үйінде басылып шығады. 1537 жылы «Поэтика» мәтіні Венецияда грек пен латын тілінде қатар, Алессандро Пацци аударған нұсқада жұрт қолына тиеді.

Жанр мен образ. Катарсис

Ол өнердің шын мазмұны реалды дүниеден тұратындығын көрсетеді. Оны кейіптейтін поэзия жанрлары мен түр­леріне сипаттама, анықтама береді.

Жақсыға да, жаманға да еліктеуге болады: яғни трагедия мен эпосқа, содан соң, комедияға.

Аристотель ойынша, поэзияның бас­ты объектісі – адам өмірі. Адамды бейнелеудің үш түрі бар, өткенде қандай бол­ды, қазір қандай, болашақта қандай бол­мақ немесе болуы керек.

Софокл келешегін болжады, Еврипид осы шағын кейіптеді.

Әдеби жанрлар ішінен трагедияны алға шығарады, ол – әрекет үстіндегі еліктеушілік. Эпос тәрізді әрекетті баян­дамайды. Көрсетеді. Сондықтан трагедия әсері мен қуаты жағынан эпостан артық болады.

Аристотель, трагедияны – маңызды әрі күрмеуі бар, белгілі бір көлемге сыйымды, әр бөлігі сөзбен безендірілген – әрекетке еліктеушілік, деп атайды, әң­­гімелеп емес, жанашырлық пен қор­қы­ныш туғыза отырып ұқсауға ұмтылыс, бұл – тазалану жолы: «катарсис».

Әрекет біртұтастығы

Трагедия жаны – әфсана (миф), фабуланы құрайды.

Оны алтыға бөледі: фабула, мінез, ой образы, сахналық жағдай, сөз без­бені және музыкалық композиция. Қа­һармандар мінезі орнына шытырманды («перипетия»), «тосын не күрт тану сценасын», азап-мехнат кешу жолдарын көрсетуді, қолдануды ұсынады.

Аристотель трагедия құрылымына көбірек көңіл бөледі. Ол әрекет біртұтас­тығы жөнінде мәселе қозғайды, алайда уақыт пен орын біртұтастығы драматур­гиялық шарттылық ретінде ертеден келе жатқан ереже еді.

Оның айтып қалдырғаны – әрекет біртұтастығы.

Көркем шығарма тілі ғылыми-зерт­теу объектісіне айналмай тұрып, көне дәуірде, сұңғыла автор көркем стиль туралы мәсе­ле көтереді.

Аристотель «Поэтикасы» орыс тіліне он сегізінші ғасырдан бастап аударыла бастады. В.К.Тредьяковский «Жыр мен поэзия қайнары жөнінде бірер пікір» деген еңбегінде пайдаланды. Кейін Б.И.Ор­дынский тәржімеледі.

Бақылаушылық. Мимесис

Әуелі Аристотель кез келген өнер мимесиске (еліктеушілік) бағынышты деген пікір айтады.

Поэзия екі себептен өмір сүреді: адам­ның бойында жас кезінен еліктеуге деген қажеттілік (қасиет) бар әрі адам елік­тегеннен рақат кешеді.

Сонымен қатар, адам бойында бір нәрсені бақылауға деген қызығушылық та қатты.

Комедия – төмен пенделерге еліктеу, бұл еліктеу жеккөрініштіліктен туындамайды, күлкілігінен. Күлкілі нәрсе – тұл­ғасыз, азап-мехнат шақырмайды.

Трагедия – әрекетке еліктеу. Байып­ты,тәмамды қаракетке. Трагедия жана­шырлық пен қорқыныш туғызады. Бұл катарсис (тазару) әкеледі. Трагедия жаны – фабула, дедік.

Кез келген трагедияда мінез бен мі­нез­деме болуы тиіс.

Аристотель кез келген әрекеттену­ші қаһарман мінезінде төрт қасиет болға­нын қалайды: бекзаттық, мінездердің бір-бірімен үйлесуі, адамсенерліктей­лік («правдоподобность»), жүйелілік («после­до­вательность»).

Поэтикада – «перипетия», «тану», «гамартия» (бір геройдың – артынан үл­кен бейнетке түсірген, мінезінен немесе жағдайдың кесірінен туған, тосын жіберген қателігі), «катастрофа», «катар­сис», «мимесис» – ұғым-түсініктері қарастырылады.

(Есте сақтайтын термин: «немезис» (кек, зауал, жаза). Немезида құдайы есі­мінен шыққан).

Өнер – шығармашылық еліктеушілік («творческое подражание»). Эстетикалық рақаттың танымдық қызметін растайды.

Өнерде өмірге еліктеушіліктің үш түрі бар немесе үш жолы – ырғақ, сөз және үндестік (гармония) арқылы.

Ақын міндеті – келешекте не болатыны жайлы ойлану, тарихшы өткен жайтты қозғайды. Бірі – жалпылама деңгейде, бірі – белгілі бір нақты деңгейде. Өнерде бәрінен биік тұрған – поэзия, ал поэзия формалары ішінен – трагедия.

Ол, трагедияда эпостық элемент – уақиғаны бейнелеу бар, тіпті, лирикалық элемент – эмоцияны бейнелеу де бар: алайда екеуінде де жоқ – бейнелеуді сахнада көрсету (қойылым) – тек трагедияда ғана бар, дейді.

Трагедияда белгілі бір терең идея бейнеленуі тиіс: бұл жанрда фабула мен мінездеме рөлі өте үлкен.

Финал – фабуладан.

Күллі кейіпкердің сөзі өз принцип­терінен шығуы тиіс. Жақсы да, жаман да емес, жағымды да, жағымсыз да қаһарман жоқ.

Сірә, автор катарсис деп спектакльдің көрерменге тигізген оң әсерін шамалаған шығар. Шығарма қандай ой туғызады, ол аса маңызды талаптарының бірі. Ой кейіпкер атынан сөйлейді.

Ақындар белгілі бір сезімді шынайы кешсе, елді де сол сезімге бөлейді. Тол­қыған актер көрерменді де толқытады, шын ашуланса, тамашалап отырған аудитория да шынайы наразы.

Сөз әшекей сияқты. Сөздің ішінде метафора – қымбат.

Аристотельдің көптеген ұстаным-ұс­тындары трагедиямен қатар эпосқа да қатысты. Классицизм орын, уақыт және әрекет біртұтастығын талап етті. Аристотель тек әрекетті ғана топтады.

Бірақ ол шығарма қатты талас-тар­тысқа құрылуы тиістігін алға тартты. Шиеленісті іздеді. Идеялық мазмұнға ба­са мән берді, бас кейіпкерге аса үл­кен мін­­дет жүктеді. Композициялық жүйе­лілі­лігіне көңіл аударды.

Осындай Аристотель.