• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Өнер 27 Шілде, 2021

Көз тартар көркем әлем

571 рет
көрсетілді

Елена Бейсембинова – әй­гілі қазақстандық график, кескіндемеші, 1960 жылдардағы суретшілер буынының көрнекті өкілі. Ол өзінің шығармашылық жолын гобелен, мультипликация, кітап иллюстрациясы, түпнұсқа және баспа графикасының сурет­шісі ретінде бас­тады. 1985 жылы кескіндемеге бет бұрып, жүзден астам көркем туын­ды жазды.Табиғатқа деген адалдығынан танбаған талант иесі тазалықты сүйеді.

Елена Сергеевнаның көр­кемдік дүниетанымының ерек­шеліктерін оның қол­таң­басынан анық аңғаруға болады. Суретшінің жан дү­ниесінде әлем туралы және өзінің сезімдері жайлы әр түрлі тілдерде сөйлей алатын ақын өмір сүреді дерсіз. Туындыгердің Ә.Қастеев атындағы өнер музейінде ашыл­ған «Көз тартар шынайы әлем» көрмесі тіршілік бояулары мен адам кө­ңі­лінің ішкі ырғақтарын шы­найы жеткізе білген. Оның өмірі өнер­ден өріс тауып, қоршаған әлемнің сұлу­­лығына тәжім етумен қанық­қан.

– Суретші шексіз таңдану мен табиғат көріністерінің байлығына сүйсіну дарынына ие. Оның қылқаламы бү­кіл тіршілік бөлшектері мен мәңгілікті, тіпті бір сәттік бояулардың өзін ұс­тап алуға және жазып алу­ға ықыласты. Суретші үшін бар­лық нақтылық қай­та­ланбас сүйкімділікте жатыр. Бей­сембинова алма, өрік бұ­тағын немесе сәлдегүл сұлулығын көр­сету арқылы, өзінің жарық әлемге деген сүйіспеншілігін аңғартады. Ол не жазса да жа­нымен жазатын шебер. Көр­меге музей қорынан және автордың жинағынан алынған 90-нан астам туын­ды қойылды, – дейді көрме жетекшісі Күлжазира Мұқа­жанова.

Елена Бейсембинова Са­ратов қаласында дүниеге келген. Мәскеудің жоғары көр­­кемдік-өнеркәсіптік учи­лищесін (бұ­рынғы Строга­нов­ское) бітірген.

Оқуды бітіргеннен кейін, жұбайы Арсен Бей­сем­би­новпен бірге Алматыға келді. Сол кезден бастап оның өмі­рі мен шығармашылығы Қа­­зақстанмен, дәлірек айт­сақ, Алматымен тығыз бай­­ланыста. Еске салсақ, Еле­на Бейсем­бинова әйгілі кеңестік суретші Татьяна Яб­лон­скаяның қызы. Яб­лонскаяны заманында тұтас ТМД-ға танымал етіп, түрлі журналдардың мұқабасына жаппай жарияланған «Таң­ер­­­­­­тең» деп аталатын кар­ти­наның басты кейіпкері де қызы Елена. Аталған туынды туралы газетіміздің 2018 жылдың 18 мау­сымындағы санында «Таң шапа­ғына шомылған таныс қыз» атты мақа­ламызда кеңірек жазған болатынбыз.

 

АЛМАТЫ