Екінші жылға ұласқан жаһандық пандемия жұртты түгел тұсаулап отыра алмақ емес. Індет туризм саласының дамуын тежеп тұрса да, ебін тапқан жиһанкездер таза ауа, тау, жаңа әсерлер іздеп әлемнің әр түкпірінде жүр.
Ал өз тау, көлдеріміздегі жазатайым оқиғалардың қаупін азайту үшін Алматыда 2019 жылдан бері тау туристері арасында танымал жерлерге маршруттық автобустар іске қосылып, визит-орталықтар құрылып, жаяу соқпақтар абаттандырылған-ды. Қала билігі туристер мен құтқарушыларға барынша қолайлы жағдайлар жасауға ұмтылғанымен, әлі де реттелуі тиіс шаруалар бар. Алдымен туристер өзі қалаған нысандарға қалай жетеді, әңгімені осыдан бастау керек.
«Алматы агломерациясының таулы курорттарында туристердің көбеюін ескере отырып, 2019 жылдың наурыз айынан бастап №209, №210, №211 бағыттар бойынша ГАЗ маркалы 9 автобус жүргізіліп, бұлар Балуан Шолақ Спорт сарайынан Ski Park Pioneer мен «Ой-Қарағай–Лесная сказка» тау курорттарына дейін, сондай-ақ «Алма-арасан» шатқалына дейін барады», деді Алматы қалалық Туризм басқармасы басшысының орынбасары Марлен Маралов.
Биылғы наурыз айынан бастап Орталық стадионнан биік таулы «Ақ бұлақ» курортына дейінгі №224 бағдар бойынша тағы үш автобус іске қосылды. Бұл бағыттар қазірдің өзінде 80 мыңнан астам адамға қызмет көрсеткен.
Сондай-ақ М.Маралов тау жолдарын абаттандыру мен төрт кемпинг аймағын құру мәселесіне қатысты: «Таулы жерлердегі туристік инфрақұрылымды жақсарту мақсатында мың шақырымнан астам жаяу жүру маршруттары цифрландырылды, олардың 500 шақырымы абаттандырылды. Барлық цифрланған бағыттар 2GIS және ViewRanger платформаларында қолжетімді», деді.
Осы бағыттар бойында ақпараттық стендтер, көрсеткіштер, ақпараттық қалқандар, ақпараттық бағаналар, орындық пен күркелер орнатылған. Барлық навигациялық стендтерде QR-кодтар бар, онда туристер маршруттың күрделілігімен әрі ұзақтығымен және өту уақытымен таныса алады.
Биыл Үлкен және Кіші Алматы шатқалында жалпы ұзындығы шамамен 172 шақырым тау маршруттарын абаттандыру жоспарланып отыр.
Сондай-ақ Туризм басқармасы басшысының орынбасары биыл үлкен Алматы көлінің маңында жалпы ауданы 950 шаршы метр және 800 шаршы метр визит-орталық пен глэмпингтің құрылысы басталатынын баяндады.
«Визит-орталықта санитарлық-гигиеналық торап, тамақтану пункті, жазғы террасасы мен тегін Wi-Fi бар туристік ақпараттық орталық болады. Онда әрбір адам туристік бағыттар, соқпақтар туралы ақпараттық қызметтерді, ұлттық парк аумағындағы нысандардың байланыс деректерін, сондай-ақ барлық қажетті жайлылықтары бар глэмпингтерді ала алады», деді М.Маралов.
Бұдан басқа, 2022 жылы Qazaq Ayul аумағында «Медеу Парк Отель» қонақүй кешенінің логикалық жалғасы болатын глэмпинг-отель салу жоспарланған, ол 15 үйден тұрады. Былтыр жеке қаражат есебінен «Аюсай» шатқалында, «Горельник» жылу көзінен жоғары, «Медеу» базалық орталығы мен Шымбұлақтың ең биік нүктесінде төрт визит-орталық салынған еді.
Сапар орталықтарында келушілер маршрут карталарын алады және саяхатқа шықпас бұрын қажетті жабдықты сатып алады. Ең бастысы, туристер өздері туралы және таңдалған бағыт туралы барлық ақпаратты қалдырады. Бұл тауда жоғалу қаупін азайтады және құтқарушылардың жұмысын жеңілдетеді. Айта кетсек, соңғы екі жылда ТЖД қызметкерлері 178 адамды құтқарыпты.
Смарт-навигаторы мен Wi-Fi-ы бар күркелер
Туризм басқармасы алға тартып отырған мәліметтерге сенсек, биыл Алматыда тау туристерінің саны 4 есеге артқан. Осыған байланысты әкімдік саяхатшылар қауіпсіз әрі жайлы демалуы үшін қажетті жағдайлар жасау жоспарына сәйкес, таулы маршруттардың шалғай тораптық учаскелерінде жаз соңына дейін туристер паналайтын 15 күрке салуы тиіс.
Әрбір үйшікте іздестіру, құтқару қызметтері үшін картаға және GPS-координаттарға байланған реперлік бастырма да болады. Төтенше жағдайлар туындаған кезде немесе ауа райы күрт құбылса, бұл үйшіктерді туристер паналап, қажетті көмек жиынтығын алуға мүмкіндік береді. Бұл күркелерден алғашқы медициналық көмек жинағы, маршрут карталары, мобильді құрылғыларды зарядтау стансасы, жылы көрпе мен бұзылмайтын азық-түлік жиынтығын табуға болады.
Үйшіктің жанына SOS спутниктік сигналын құтқарушылар пультіне енгізу жүйесі бар діңгектер орнатылмақ. Діңгектер шұғыл әрекет ету қызметтеріне қашықтан қосылады (ТЖД/112).
Апат сигналын беруге арналған барлық спутниктік жабдықтар таудағы үйшік конструкциясына біріктіріледі, сондай-ақ мачталар Wi-Fi функциясымен жабдықталады. Бұл жүйе шалғай таулы маршруттарда қиын жағдайға тап болған тәжірибесіз туристерге арналған. Пайдаланушы интерфейсі минималды-дауыстық қоңырау түймесі, бейне қоңырау камерасы мен бірнеше тілдегі нұсқаулар болады.
Қосымша туристік навигацияның бірыңғай жүйесін құру мен тауға шығуға арналған смарт-навигатор түріндегі қосымшаны іске қосу бойынша жұмыс жүргізіледі. Ол ТЖД базасымен интеграцияланады.
Сонымен бірге биыл Кіші және Үлкен Алматы шатқалдарында 2 бақылау-құтқару пункті салынады. Алғаш рет құрылған 16 адамнан тұратын тау құтқарушыларының жасағы тәулік бойы кезекшілік етеді. «Тұйықсу» шатқалында қосымша тікұшақ алаңы құрылады.
Туризм қызметкерлерін даярлайды
Осы шілде айында Алматыда біткен істің бірі – Қазақстан-Швейцария туризм және қонақүй бизнесі институтында Швейцария бағдарламасы бойынша туризм қызметкерлерін даярлау басталды.
Айтқандай, Оқу орталығының базасында Швейцария бағдарламасының студенттері ғана емес, сонымен қатар Алматы технологиялық университеті мен колледжінің мейрамхана ісі және қонақүй бизнесі бағдарламасы бойынша барлық оқушылар тәжірибеден өтеді.
Жоба туризм саласындағы болашақ мамандар үшін жаңа жаттығу базасы болады. Мұнда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Жұмыспен қамту орталығы мен колледждер жасасқан «Жаңа жұмыс орындарын құру және жаңа мамандықтарға қайта даярлау» келісімі шеңберінде даярлау мен біліктілікті арттыру орталығының студенттері білім алады.
Қазақстан-Швейцария туризм және қонақүй бизнесі институтының директоры Ғалия Өтебекованың айтуынша, студенттерді қабылдау 2021 жылдың қыркүйегінде басталады. Кешенде білім беру мейрамханасында 10 нөмірлі шағын қонақүй қарастырылған. Инвестиция көлемі 750 млн теңгені құрайтын 10 жұмыс орны ашылды.
Оқу мейрамхана-қонақүй кешенінің мақсаты – туризм, мейрамхана және қонақүй бизнесін басқару саласында заманауи білім мен практикалық дағдыға ие, қазақстандық және шетелдік нарықта бәсекеге қабілетті кәсіби кадрларды сапалы даярлау.
Жаңа оқу орталығы 30 орынды құрайды, әрі қарай 100 орынға дейін кеңейтілмек. Мұнда аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан қала тұрғындары, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі адамдар білім алады. Сабақтар мастер-класс форматында өткізіледі.
Тағы бір қызығы, аспаздық саласындағы сұранысқа ие мамандықтарға оқыту үшін Түркиядан кәсіби шеф-кондитер Четин Чалышкан шақырылып отыр. Оқу орталығының түлектері жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады. Жоба әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту аясында жүзеге асырылды.
Серіктестермен байланысты нығайту қажет
Осы шілде айында Алматыға инвесторларды тарту және инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі Кеңестің отырысы денсаулық сақтау, туризм саласындағы серіктестермен байланысты нығайту мәселесін аттап өткен жоқ.
Мегаполистің инвестициялық тартымдылығын атап өткен Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Бүкіләлемдік банктің рейтингінде Алматының бизнесті жүргізу бойынша Қазақстанның барлық өңірі арасында бірінші орында тұрғанын мәлімдеді.
Осы жылдың алғашқы 6 айында Алматыда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 126,5%-ға өсті және 460,7 млрд теңгені құраған. Сондай-ақ өткен жылдың күзінде Fitch агенттігі Алматы қаласының BBB деңгейіндегі несиелік рейтингін бекітті және инвестициялар тарту мәселелерінде оператор болып табылатын «Алматы «ӘКК» АҚ-на ВВВ деңгейінде несиелік рейтинг берілді, бұл инвестициялар үшін тәуекелдің төмен деңгейін көрсетеді.
ЕҚДБ-ның Қазақстандағы басшысы Агрис Прейманис осы Кеңестің бірқатар өзекті мәселелерді, оның ішінде шетелдік инвесторларды салықтық және кедендік әкімгерлеу, виза беру және кіруге рұқсат ету процедураларын, тиісті инфрақұрылымды құру, жасыл экономика қағидаттарын енгізу және цифрландыру деңгейін арттыруға қатысты істерді шешуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Қазірге Алматыда туризмді табыс көзіне айналдыру жолындағы біткен істердің бір парасы осындай.