• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Өнер 28 Шілде, 2021

«Көзіңнің мөлдірін-ай» немесе Sukiyaki

1043 рет
көрсетілді

Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филар­мо­ниясының әртістері Токиода өтіп жатқан Олим­пиа­да қарсаңында достық, келісім және өзара қол­дауға арналған бейнеролик жариялады.

Бейнероликке Жамбыл атындағы Қазақ мемле­кеттік филармониясының жеке орындаушылары Ержан Әлімбетов (домбыра), Федор Артамонов (вио­лончель), Б.Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласының әртісі Индира Құдабаева (вокал), STEPPE SONS альтернатив-фольк тобының мүшесі Мұратбек Раманқұлов секілді қазақ музыканттарымен қатар, жапондық музыканттар Юмико Фурухаши (моринхуур), Такеши Такеучи (электрлі бас), Тузан Хирано (сякухачи), Аи Ямагучи (вокал) да атсалысты.

Әртістер бірігіп Рокусукэ Эйдің сөзіне, композитор Хатидай Накамураның музыкасына жазылған жапондық әнші Кю Сакамотоның әйгілі Sukiyaki әнін орындады. Бұл ән елу жыл бұрын шыққан. Жапонияның өзінде, бірнеше мемлекеттің топ-чартында, соның ішінде америкалық Billboard hot 100 чартында бірінші орындарды иемденген. Сонымен қатар музыканттар әйгілі қазақтың «Көзіңнің мөлдірін-ай» атты халық әнін нақышына келтіріп орындады.

– Менің ойымша, қазақ музыканттарымен бірігіп жасаған композициямыз өте жылы әрі шынайы шыққан секілді. Бұл шығармашылық коллаборация керемет болды, мен жұмыс қорытындысына таңғалып отырмын. Жобаға қатысқан барша музыканттарға және жобаға қатысуға шақырған Серік Нұрмолдаевқа алғысымыз шексіз! – деп жазды өзінің жеке парақшасында жобаға қатысушылардың бірі Юмико Фурухаши.

Жоба музыканттардың композицияға қазақ және жапон халықтарының көне музыкалық аспаптарын пайдалануымен және әндердің түпнұсқадағы тілде орындалуымен ерекшеленген. Бейнероликте екі мемлекеттің айрықша табиғаты мен көне салт-дәстүрлері көрсетілді.