• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 28 Шілде, 2021

Көзі тірі классикке құрмет

742 рет
көрсетілді

Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Ұлттық академиялық кітапханада көзі тірі классик жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің шығармашылығына арналған халықаралық онлайн конференция мен жазушы атындағы залдың ашылу салтанаты қатар өтті.

Алдымен Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Ра­йымқұло­ва, Жазушылар ода­ғы­ның төрағасы, ақын Ұлық­бек Есдәулет және «Altyn Qyran Foundation» қоғам­дық қорының қам­қоршылық кеңесінің төр­ағасы Исламбек Сал­жанов арнайы лентаны қиып, жазушы атындағы залды ресми ашқан соң, конференцияға қа­тысушылар мен қонақтар зал­ға өтіп, ішкі көрінісін тамаша­лады. Ұлт­тық академиялық кі­тапха­на­ның ішіндегі заманауи талаптар­мен безендірілген залдың қа­бырғасына қаламгердің өзі, отбасы, ортасы, дос-жарандары бейнеленген суреттер, портреттер ілі­ніпті. Жазушының әйгілі «Қан мен тер» романына жасал­ған көр­кем стенд те қабырғадан орын алған. Шыныдан жасалған іш­кі бөлменің кітап сөрелерінде жазу­шының әр жылдары баспа бетін көрген кітаптары тұр.

«Ә.Нұрпейісов шығарма­шы­­лығы және әлемдік әдеби үде­ріс» тақырыбындағы халық­ара­лық онлайн конференция жа­зушы атындағы зал­да өтті. Атап өтерлік жайт – жүзге жа­қын­даған көрнекті жа­зу­шы Әбді­жәміл Нұрпейісов Нұр-Сұлтанда өткен айтулы іс-шараға онлайн қатысты. Сондай-ақ Мыр­затай Жолдасбеков, Дулат Иса­беков, Смағұл Елубай, Ак­бар Мә­житұлы қатарлы отандық жә­не ше­телдік қаламгерлер де кон­­фе­рен­цияға онлайн қатысып, пі­кір­­лерін білдірді.

Конференцияда Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Ра­йымқұлова ірі суреткердің шы­ғармашылығы, атап айтқанда, «Қан мен тер», «Соңғы парыз» ро­мандары қазақ әдебиетінің табысы екенін баяндап, кезінде осы шығармалары үшін алған марапаттарын да көпшіліктің есіне салды. «Қан мен тер» романының негізінде кино түсірілгенін, дәл сол шығарманың Арал өңіріне әлемнің назарын аудартқан ерекше туынды болғанын айтты. Ол сондай-ақ қаламгер атындағы оқу залын ашу барысында жетекшілік жасаған ғалым Мырзатай Жол­дас­бековке, қаржылай қолдау көр­сет­кен Исламбек Салжановқа және Ұлттық академиялық кітапха­на­ның директоры Үмітхан Мұ­ңал­баеваға алғысын жеткізді.

Жазушылар одағының төр­­ағасы Ұлықбек Есдәулет қа­лам­гердің әр сөзінің салмағы қор­­ға­сындай ауыр екенін, сек­сеуілдің тамырындай тереңнен тамыр тартып, оқиғалары иірі­міне тар­тып әкететінін, оның әр кейіп­кері оқырманмен тірі адамдай кез­десетінін айтты. Оның шы­ғар­маларын тек өз елімізде емес, алыс-жақын шет елдерде қан­шама буын ұрпақтың оқып тәлім алғанын жеткізген ақын Әбдіжәміл Нұрпейісов шы­ғар­маларының өзегінде тарих ал­дын­дағы жауапкершілік, ұлт мүд­десіне адалдық, ел мен жер тағ­дыры үшін күрес бар екенін баян­дады. Оның өз шығармаларын өзі жетпіс жылдан бері түзеп-күзеп келе жатқан аса талғампаз стилист екенін де атап өтіп, бұл тұрғыда үлкен қаламгерден үйренетін ерекше үлгінің бірі сол екенін де жеткізді.

 Жиында басқа да қонақтар Әбдіжәміл Нұрпейісов шы­ғар­ма­шылығына қатысты пі­кір­лерін бөлісіп, оның шығар­ма­шылығының ерекшелігін әң­гіме арқауына айналдырды. Олар­дың қатарында Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты, жазушы Әлібек Асқаров, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов. Қазақстан Республикасының Ресей ынты­мақ­тастығы өкілдігінің басшысы Константин Воробьев, «Либерти» баспасының негізін қалаушы Илья Левков, белгілі Ресей жазушы, аудармашы Анатолий Ким болды.