Тоғыз жолдың торабында орналасқан Қазақстан үшін контейнерлік тасымалдың маңызы жоғары. Алайда бұл салада шешімін таппаған мәселелер жетерлік. Мәселен, Қытаймен арадағы байланыстың жайы жағдайды қиындатып отыр.
Дегенмен «Қазақстан темір жолы» ҰК» басқарма төрағасының бірінші орынбасары Қанат Әлмағамбетов жағдай реттеледі деп сендірді. Оның айтуынша, жыл соңына дейін Қытай тарапы екі вагон аударғыш орнатпақ. Бұл өз кезегінде жүктерді жылдам өткізуге мүмкіндік береді. Оның ішінде Қазақстаннан Аспанасты еліне жеткізілетін кен мен концентраттардың жүрісін ширатпақ.
– Қытайлықтар осы жылдың мамырында Алашанькоу стансасында екі вагон аударғыштың құрылысын бастады. Ондағы мақсаттың бірі – біздің тарапымыздан жөнелтілетін кен мен концентраттарды жылдамдатып қабылдап алу. Вагон аударғыштардың салынуы жүкті түсіріп-тиеуді жылдамдатады. Екі вагон аударғыш та жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде, – деді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қанат Әлмағамбетов.
Белгілі болғандай, Қытай тарапы алғаш рет қазақстандық контейнерлерді вагондарға қайта тиеуге рұқсат беріп отыр. Бұған дейін біздің елге мұндай мүмкіндік берілмеген екен. Өйткені артық жүктемені қабылдаушы тарап реттестіруі керек-тін.
Бұдан бөлек, қытайлықтар концентраттар мен шекемтастарды тиеу үшін ашық контейнерлерді Қазақстан тарапына беруге ниетті. Қазірдің өзінде сынақ үшін концентраттардың партиясын контейнермен жіберуге қам жасалады. Түптеп келгенде мұның барлығы жүкті беру процесін айтарлықтай тездетеді. Дәл осындай жұмыс астық экспорттаушылармен де жүргізіліп жатыр. Олар да астықтың контейнермен жөнелтілуіне бейілді.
– Қытай жабық вагондарға тиелген азық-түлікті қабылдауды тоқтатқан болатын. Олар бұл шешімді коронавирус індетімен байланыстырды, – деді Қ.Әлмағамбетов.
Биыл Қазақстан-Қытай бағытына 25 млн тонна жүк тасымалдау жоспарланған. Былтыр көрсеткіш 21 млн тоннадан астам жүкті құраған. Транзиттік жүктердің өту жылдамдығы мен көлемін жақсарту үшін «Қазақстан темір жолы» «Достық» стансасы мен 19-шы разъездің аралығындағы екінші жолдардың құрылысын бастады.
– Бұл – «Достық» стансасының алдындағы алғашқы станса. Аралығы – 25 шақырым. Ең тар жерлердің бірі. Осының салдарынан «Достық» стансасына кіру де, одан пойыздарды алып шығу да қиындық тудырады. Сондықтан «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы өз қаражатына 19-шы разъезді жаңғыртып қана қоймай, жолдардың құрылысын да бастап кетті. Мұнда қосымша үш жол салынады. Олар контейнерлік тасымалға қойылатын талаптарға сәйкес ұзартылатын болады, деп нақтылады басқарма төрағасының бірінші орынбасары.
Қанат Әлмағамбетовтің айтуынша, екінші жолдарды биыл салып, келер жылдың басында автобұғаттауды іске қосу жопарлануда. Яғни дабыл беру құралдары арқылы аталған учаскеден өтетін пойыздардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге назар аударылуда.
– Келер жылдан бастап Балқаш – Саяқ учаскесіндегі тар жерлерге қатысты мәселелерді реттеуге кіріспек ойымыз бар. Алайда мұның бәрі бюджеттен қаржы бөлінгенде ғана жүзеге асырылады. Егер қаржы бөлінсе, онда бірден «Достықтан» «Мойынты» стансасына дейінгі аралықтағы 833 шақырымдық екінші жолдарға тендер жариялаймыз. Ал қаржы қарастырылмаса, онда компания өз қаражаты есебінен стансалардың өткізу қабілетін жақсарту үшін қос жолды ендірмелердің құрылысын жалғастыруға мәжбүр болады. Бұл негізгі жоба саналады, – деді ол.
Сонымен қатар транзит кезінде ұзын контейнерлік пойыздарды өткізуге қатысты қиындықтар туындайды. Қ.Әлмағамбетовтің пікірінше, биыл 10 бөлек пункт құру жоспарланған. Ұзын құрамды контейнерлік пойыздарды өткізу үшін стансалардың қабылдау-жөнелту жолдарын ұзарту жұмыстары басталып та кетіпті. Яғни бір локомотивпен контейнерлерден және фитингтік платформалардан тұратын контейнерлік пойызды сүйретуге мүмкіндік туады. Ал қазіргі уақытта оларды екі пойызбен сүйретуге тура келіп отыр.
Осылайша, стансаның өткізу, тасымалдау қабілетін арттыру көзделуде. Алдағы екі-үш жылда қабылдау-жөнелту жолы бар 40 стансада дәл осындай жұмысты жүргізу жоспарланып отыр. Мұның барлығы транзиттік контейнерлік жүктерді тасымалдау тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Тайжановтың айтуынша, Қазақстанның транзиттік хаб ретінде қалыптасуы бірқатар жобаны жүзеге асырумен қатар жүрді. Атап айтқанда, орталық өңірлерді батысқа қосу – Жезқазған-Бейнеу, Алматы-Шу учаскесінің өткізу қабілетін ұлғайту – екінші жолдардың құрылысы, қажетті порт және терминал инфрақұрылымын құру – Ақтау, Құрық порттары, Қорғас құрғақ порты, Боржақты-Ерсай, сауда-логистикалық орталықтар секілді жобалар салаға серпін берді.
Аталған жобаларды жүзеге асырудың нәтижесінде транзиттік тасымалдардың қазіргі көлемі 2016 жылғы көрсеткіштен 3,6 есе асып түсті. Дағдарыс дендеген 2020 жылы транзиттік қатынастағы контейнерлік тасымалдар 876 мың ЖФЭ-ні, яғни жиырма футтық эквивалентті құрады. Өсім 2019 жылмен салыстырғанда 32 пайызға тең.
– 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында темір жол көлігімен тасымалдау көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 36 пайыздық өсім көрсетіп, 800 мыңнан астам жиырма футтық эквивалентті құрады. Оның ішінде транзиттік контейнерлік тасымалдар көлемі 44 пайызға ұлғайып, 530 мыңнан астам ЖФЭ құрады. Осы жылдың соңына дейінгі жоспар шамамен бір миллион жиырма футтық эквивалентке тең болды. 2025 жылға дейін бұл көрсеткіш 1 660 мың жиырма футтық эквивалентке дейін өсуі тиіс, – дейді Жәнібек Тайжанов.
Бүгінде Қазақстанның фитингтік платформа паркі шамамен 8 мың бірлікті құрайды. Бұл ретте басқа елдерден тартылған платформаларды ескерген күннің өзінде нарықтың қажеттілігі қазіргі парктен бірнеше есе асып түседі. Осыған орай Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі платформалар паркін жаңарту үшін операторларды ынталандыру жұмысын жүргізуде.
Мәселен, 2016 жылдан бастап вагондар мен платформаларды сатып алуға несие беру кезінде сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау құралы енгізілді. Осылайша, мемлекеттік қолдау аясында 5 мыңнан астам жүк вагоны сатып алынды. Оның 3,5 мыңы – фитингтік платформа. Бұл бағыттағы жұмыс «Қуатты өңірлер – қуатты экономика» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін жалғасатын болады.
Ж.Тайжановтың пікірінше, Қазақстанның ұлттық мүддесі қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған бес халықаралық көлік дәлізі шеңберінде қарастырылуда.
Бірінші – Қытай мен Батыс Еуропаны байланыстыратын «Солтүстік дәліз».
Екінші – «Оңтүстік дәліз». Бұл Түркия, Иран, Орталық Азия елдері, Қазақстан арқылы Оңтүстік-Шығыс Еуропа – Қытай – Оңтүстік-Шығыс Азияға жол ашады.
Үшінші – «Орталық Азия дәлізі». Бұл дәліз Орталық Азия– Ресей – Еуроодақ елдерін қамтиды.
Төртінші – «ТРАСЕКА дәлізі» – Қытай – Қазақстан – Кавказ – Түркия – Румыния – Украина.
Бесінші – Ресей Федерациясын, Қазақстанды, Иранды, Парсы шығанағы елдерін, Үндістанды жалғайтын «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізі.
Тасымалдардың ең көп көлемі «Орталық Азия» мен «Оңтүстік» дәліздеріне тиесілі. «Солтүстік дәліз» бойынша контейнерлік тасымалдың өскені байқалып отыр.