Еліміздегі кәсіпкерлер Ashyq жобасына белсене қосылып жатыр. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының хабарлауынша, өңірдегі филиалдарда бизнесмендерге QR-код алып беруге көмектесетін пункттер ашылды.
Бұған дейін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Цифрлық даму министрлігі бірлесіп, Ashyq қосымшасын InfoKazakhstan.kz сайтында тіркеу рәсімін жеңілдеткен еді. Өтінімдер оңайлатылған алгоритм бойынша қабылданады. Егер бұрын өтінімді өңдеуге 7 күнге дейін уақыт кетсе, бүгінде жүйе автоматтандырылған және QR-кодты алуға екі сағаттан артық уақыт кетпейді. Әрі бұл жұмыстардың бәрі тегін.
Кеше өңірлік кәсіпкерлер палатасының мамандары қарағандылық кәсіпкерлерге көмектесті. «Қаланың үлкен базарларының бірінде 77 жалға алушы өтінім берді, олардың 22-сі QR-код алған. Қарағанды облысындағы көмек көрсету пунктері бүгінде өңірдің 18 ауданында және ірі қалаларында жұмыс істейді. Жалға алушылар өте белсенді, барлығы қосылғысы келеді. Қазірдің өзінде 100-ге жуық өтінім келіп түсті», – деді базар әкімшілігінің өкілі Ирина Мишанова.
QR-кодты алуға өтінім берген кәсіпкерлердің бірі Лидия Чернышова «Самал» базарында сөмке мен баскиім сатады. Ол бұған дейін өтінім бергісі келген, бірақ өздігінен жасай алмапты. Лидия Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының көмек көрсету пунктін ашқаны жақсы мүмкіндік екенін айтып отыр.
Ал Алматыда апта басынан бері Ashyq жобасына қосылу үшін 2 мың жаңа өтінім келіп түскен. Осыған байланысты Алматы қаласының Кәсіпкерлер палатасында да бизнес субъектілеріне көмек көрсету пункті ашылды.
«Егер маусымның басындағы жағдай бойынша Алматы қаласында барлығы 1 700 қатысушы болса, бүгінгі күні олардың саны шамамен 3 000 объектіні құрайды» делінген Палатаның берген ақпаратында.
Соңғы статистикаға сүйенсек, Қазақстан бойынша бүгінде 21,9 мың бизнес субъектісі Ashyq жобасына қосылған. Егер кәсіпкерлер тарапынан Ashyq жобасына қосылуға қатысты сұрақ туындаса, Өңірлік кәсіпкерлер палатасына немесе бизнес нысаны орналасқан мекенжай бойынша ӨКП филиалдарына хабарласып, ақпарат алған жөн. Ал көмек көрсету пунктерінің мекенжайын білу үшін «1432» бірыңғай нөміріне хабарласуға болады.