• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 30 Шілде, 2021

Құрылысқа құрғақ уәде жүрмейді

259 рет
көрсетілді

Қазіргі кезде Жамбыл өңірінде құрылыс қарқын алды десек те, аталған салаға қатысты бірнеше олқылық анықталып отыр. Аймақтағы аудандар мен ауылдарда салынып жатқан түрлі нысандардағы жөндеу мен құрылыс жұмыстарының орындалу барысы көңіл көншітпейді.

Басы жақсы басталған құры­лыстың орта тұсына келгенде мерзімінен кешігуі, сол мақсатқа бөлінген қаржының игерілмеуі әрі жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеудегі олқылықтардың орын алуы сияқты келеңсіздіктер де кедергі келтіруде. Мұның бар­лығы да жұмысты дер ке­зінде жүргізе алмаған мер­дігер компаниялардың сал­ғырт­­­­тығынан болып отыр. Осы мәселеге орай, Жамбыл об­лы­сының әкімі Бердібек Сапар­баев талай уақыттан бері тиісті бас­шыларды сынға алып келе жатқанымен, одан шығып жатқан нәтиже де шамалы болып тұр.

Жалпы, Жамбылда құрылыс саласына жақсы көңіл бөлінуде. Заманауи талапқа сай нысандар салу жөнінен де өңірде жақсы бастамалар көтеріліп, іске асуда. Бірақ соңы сынға апарып соғатын құрылыс нысандары бүгінде көп. Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаевтың айтуынша, өңірдегі 207 жобаға 67,6 млрд теңге бөлінген. Бұл ретте биыл 150 нысанды пайдалануға беру жоспарлануда екен. Аталған нысандардың қатарында 76 көп қабатты тұрғын үй, 24 мектеп пен колледж, 10 денсаулық сақтау, 11 спорт және 6 мәдениет нысаны бар. Бұл – бірқатар саланы қамтыған қарқынды құрылыс. Сол сияқты «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 131 нысан, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша 23 нысан, «Ауыл – ел бесігі» бойынша 17 нысан және басқа да даму бағдарламалары бойын­ша 35 нысанның құрылысы жүргізілуде.

Сонымен қатар құрылыс бас­қармасы тапсырыс беруші ретінде құны 66,7 млрд теңге болатын 43 жобаның құрылысын жүзеге асыруда. Бұл мақсатта биыл 29,1 млрд теңгені игеру көзделген. Осы жылы жалпы құны 22 млрд теңгені құрайтын 26 білім беру нысаны салынуда. Нақты айтқанда, оның ішінде 19 мектеп құрылысы, 5 қосымша құрылыс, колледж ғи­мараты және мектепті абаттандыру бойынша бір жоба бар екен. Ағымдағы жылы ай­мақ­та 14 нысанды тапсыру жос­пар­ланған болса, осы күнге дейін бір нысан пайдалануға беріліпті. Атап айтсақ, Тараз қаласындағы «Мейірім» мектеп-интернатының жапсарлас құры­лысы аяқталған.

«Ал облыс орталығындағы №2 мектептің құрылысы баяу орындалуда. Сондай-ақ Шу ауданы Шу қаласындағы Айша бибі және Ы.Алтынсарин, Қор­дай ауданындағы «Арал» орта мектептерінің сметалық құ­ны қайта есептелуде. Жобалау­шы­лардың қателігі салдарынан Бай­зақ ауданы, Шахан және Сеңкібай ауылдарындағы мектеп құрылысына қатысты бірқатар қиындық та туындауда. 2019 жылы басталған Байзақ ауданы Сарыкемер ауылындағы №3 колледж ғимаратына жапсарлас нысанның құрылысы 90 пайызға аяқталған. Жобалық-сметалық құжаттамаға түзету­лер енгізіліп, сараптама қоры­тын­дысы алынды», дейді Е.Орын­баев.

Әбден құрылыс жұ­мыс­тары басталып кеткен соң ғана жобалық-сметалық құжат­та­маларға өзгерістердің енгізіліп жатуы құптарлық емес. Бұл – құ­рылыс қарқынына әрі сапасына кедергі келтіретін келеңсіздіктің бірі. Тиісті мердігерлер кезінде уә­дені үйіп-төгіп бергенімен, бү­гінде белгіленген меже үдесінен шыға алмай отыр екен. Енді құ­рылыс саласына құрғақ уәденің жүрмейтінін уақыт көрсетуде. Мәселен, екі айдан бері өңірдегі №22 мектептің құрылысы тоқтап тұр. Ал Қордай ауданындағы Күнбатыс-2 массивінде мектеп­тің құрылысы кестеден қалып қой­ған. Сол секілді Тараз қала­сының «Шалғай Қарасу» мас­сивіндегі 600 орындық мектеп­ке әлі күнге дейін электр жарығы тартылмаған. Ал жаңа оқу жы­лының басталуына бір ай ғана уақыт қалды. Уақыттың тығыз­дығы артып, мерзімнің таянғаны үдей түскен уақытта асығыс жүр­гізілген құрылыстың сапасы болмайтыны тағы анық.

Жалпы, Жамбыл облысында жыл басынан бері құрылыс нормалары мен сапа талаптарын бұзғаны үшін 10 мердігер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға жалпы көлемі 3,8 млн теңге айыппұл салыныпты. Ал айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартыл­ғанымен де, тоқтап тұр­ған құрылыстың жыл­жып, кешіккен құрылыстың уақы­тымен қайта жүріп кеткені ша­малы. Өзгесін айтпағанда, өңір­дегі бірқатар білім беру ошақ­­тары құрылысының өзі қа­шан аяқталатыны белгісіз болып тұр.

 

Жамбыл облысы