Жалпақ елге жаман індет шеңгелін салғалы адамдардың бір-біріне деген қамқорлығы күшейіп келеді. Ізгі ниет індеттің жүгін жеңілдетіп, сенімді арттырып, ертеңгі күнге деген үміт отын лаулатып тұр.
Көп көңілін демдейтін көп-көрім жанашырлық туралы құлақтанған қауым өздері де қарап отырмай, қолда барымен бөлісіп, бірін-бірі қиын шақта қолтығынан демеп, бірліктің тінін бекемдей түскен. Аудандағы барлық ауылдық округте жағдайға түсіністікпен қарап, көпбалалы отбасылар мен жалғызілікті жандарға демеу болуда. Атымтай жомарттардың ақ ниетінен туындаған жүрек тебірентер қамқорлықтың шапағатына бөленгендер өздерінің ешуақытта иықтарына түскен қиындықты жалғыз көтермейтінін сезініп, еңсесін тіктей түскен. Негізінде бірін-бірі қолдап, көп болып жұмылып жатқан жұмысты әрбір ауылдық округтегі жастармен жұмыс істейтін мамандар ұйымдастырып отыр. Олар аудан тұрғындарына мыңдаған бетперде таратты, азық-түлік себеттерін тарту етті. Індеттен қалай қорғануға болатынын түсіндірді. Бұл жұмыс әлі де жалғасып жатыр.
Сандықтаулық еріктілер қауіптің қаншалықты зор екенін жетелеріне жеткізе отырып, сақтық шараларын бұлжытпай орындаудың қажет екенін қаперге салатын мыңдаған ақпараттық парақша таратқан. Вакцина алудың қаншалықты маңызды екенін ел ішінде тәптіштеп түсіндіруде.
Өткен жылы ауданда жан жадыратар жақсылық істер Волонтер жылына байланысты ұйымдастырылған марафонмен басталды. Ондағы басты мақсат – ерікті болу әркімнің қолынан келетінін айта отырып, жалпақ жұртты жақсы істерге жұмылдыру. Жыл бойы қолы ашық, пейілі кең еріктілер әрбір ауылдық округтегі тұрғындардың хал-ахуалын көздерінен таса еткен жоқ. Алдымен қамқорлықты қажет ететін отбасылардың тізімі жасалды. Бұл тізімге қариялар, мүмкіндігі шектеулі адамдар енгізілді.
Қамқорлық аясында, әсіресе медициналық бағыттағы шаруалар пысықталып, кем-кетігі толтырылып, қатерлі індетпен күресетін қауқар нықтала түсті. Бұл шаруаның барлығы ел бірлігіне арналып отырғанын екпін түсіріп айта кеткен ләзім. Туған топырақтың мерейі де ұмыт қалған жоқ. Мәселен, еріктілер қатерлі індет буып тұрған кезде де ауыл-аймақты абаттандырып, санитарлық тазалықты мінсіз етуді қолға алды. «Туған жер» бағдарламасы бойынша аудандағы іскер жандар ауыл-аймақтың ахуалына жанашырлықпен қарап, демеушілік көмек көрсете бастады.
Сөзіміз жалаң болмауы үшін «Байдалы» серіктестігінің басшысы Марат Оразалиннің атқарып отырған қыруар шаруасы туралы айта кеткеніміз орынды. Өткен жылы серіктестік жұмысшысы Иван Поперчактың отбасына көлемі 190 шаршы метрді құрайтын бес бөлмелі үй салып берді. Әдемі шатырмен көмкеріліп, көзтартарлықтай етіп қапталған еңселі үй алыстан менмұндалайды. Шаруашылық есебінен мешіт, наубайхана салып, жылу қазандығын іске қосып, фельдшерлік-акушерлік пунктті жабдықтап, мектеп оқушыларының барлық жағдайын жасауда. Былтыр «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы келген 7 мұғалімді құрқылтайдың ұясындай жып-жылы, жайлы баспанамен қамтамасыз етіпті. Кәдімгі екі қабатты, еңселі үй. Орталықтандырылған жылу арқылы жылытылады. Фельдшерлік-акушерлік пунктті де қамқорлығына алған. Серіктестік сыйға тартқан аппараттар – медицина саласындағы ең соңғы үлгідегі құралдар. Тіпті ауыл түгіл, аудан орталығынан да табыла бермеуі әбден мүмкін. Таяуда анализ жасайтын америкалық аппаратураларды 13 млн теңгеге алып берген.
– ФАП ауылдық округтегі Веселое, Жыланды, Барақпай, Новоселовка ауылдарының тұрғындарына, шамамен алғанда 1,5 мың адамға қызмет көрсетеді. Серіктестік әперген ЭхоКГ аппаратын орнатып алдық. Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларынан білікті мамандар келіп, қалай жұмыс істейтінін көрсетіп берді. Гемотологиялық анализатор, биохимиялық аппарат арқылы барлық талдауды жасай аламыз. Ауыл тұрғындары анализ үшін аудан немесе облыс орталығына бармайтын болды, – дейді дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты Жібек Оразалина.
Өткен жылы серіктестік су жаңа жедел жәрдем көлігін сыйға тартқан. Ауыл тұрғындарының басы ауырып, балтыры сыздай қалса, аудан, облысқа жеткізуге қажетті жанар-жағармай серіктестіктің мойнында. Биыл кеңшардың бұрынғы кеңсесін сатып алған. Енді оған толығымен жөндеу жұмысын жүргізіп, ауылдағы емдеу мекемесіне бермекші. Сол кезде станционар да жұмыс істейтін болады. Ол ғимаратқа учаскелік инспектор, пошта орналаспақ.
Ауыл мектебіндегі 124 оқушы серіктестік есебінен ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Аспазы да серіктестік есебінен жалақы алады. Оқушыларға қажетті спорттық құрал-жабдықтар түгел. Хоккей командасын жұтындырып киіндіріп қойған. Екі жыл бұрын шағын футболға арналған сапалы, жасанды жамылғысы бар спорт алаңын салып беріпті. «Мектепке жол» акциясы аясында 1-сыныпқа баратын барлық бала оқу құралдарымен, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балалары мен мүмкіндігі шектеулі оқушылар толық киім-кешекпен қамтамасыз етіледі.
«Сандықтау астық» серіктестігінің басшысы Атлан Докаев Бірлік ауылдық округінің тұрғындарына әрқайсысы елу кило болатын 241 қап ұнды тегін таратып берген. Балкашин ауылдық округіне 256, Жамбыл ауылдық округіне 30 қап ұнды сыйға тартқан. «СХП 1 май» серіктестігінің басшысы Магомед-Сали Абуев зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға елу килолық 100 қап ұн жеткізіп беріп, қамқорлық көрсетіп отыр. «Свободное» және «Максимовское» серіктестіктерінің басшылары әкелі-балалы Александр Закусиловтер зейнеткерлерге, Ауған соғысының ардагерлеріне ұзын-ырғасы алпысқа таяу адамға тегін ұн таратып, өсімдік майын үлестірген. Максимовка ауылының бұрынғы тұрғыны Николай Мещеряков зейнеткерлерге азық-түлік себеттерін сыйлаған.
Міне, осылайша адамдар бір-біріне қайырымдылық жасап, қанаттандыруда. Бұрынғының «елде болса ерніңе тиеді» дейтін сөзі рас-ау шіркін. Ел ішіндегі берекенің бесігін тербетіп, аялап тұрған да жомарт жүректі жандардың жұмыла атқарып отырған шаруасы.
Ақмола облысы,
Сандықтау ауданы