Жаңаөзендегі «Астана» шағын ауданында осыдан бес жыл бұрын пайдалануға берілген жылыжай қазір жылына 50-60 мың тонна өнім беріп отырған шаруашылық көзіне айналған. Жағдайын жасасаң, жылыжай жылына екі рет өнім береді. Күзде қызарып қызанақ піссе, ерте көктемде қияр жиып алуға болады.
Жылыжай иесі Ғайболла Қабылұлының айтуынша, бір түп қызанақ тоқсан күннің айналасында толықтай піседі екен. Жалпы, жылыжайда көкөністің төрт мыңдай түбі отырғызылған. 24 сотық аумаққа 9 мың түп қияр егіліпті.
«Ең аз дегенде 50-60 мың тоннадай өнім береді деп отырмыз. Күтімге байланысты. Жақсылап қарай алсақ, жақсы өнім береді. Қаңтар-ақпан айында бірінші лек егілсе, екінші легі шілде айының ортасында жаңадан отырғызылады. Піскен өнімді бір күн тастап теріп отырамыз және арнайы пакетке саламыз. Бәсекелестік бар. Өнімдерді ірі сауда нүктелеріне көтерме бағамен бір-ақ сатамын», дейді кәсіпкер.
Бір ғана жылыжайдың өзінде бес-алты азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жылыжай иесі жұмыс ауқымын кеңейте түссем дейді. Әрине ол үшін мемлекет ұсынып отырған бағдарламаларды да пайдаланып көрген абзал. Бұл ретте осыдан 11 жыл бұрын қолға алынған «Агробизнес – 2020» бағдарламасын айтсақ болады. Бағдарлама аясында субсидиялау бойынша жылыжайдың әр гектарына бөлінген қаржыға тыңайтқыштар, тұқым алуға мүмкіндік бар. Сөйтіп шығынның орнын толтырып, табыстың көлемін арттыра алады. Әлбетте тынымсыз еңбексіз ештеңе де өнбейді. Соны жақсы түсінген Ғайболла Қабылұлы және оның командасы шүмектеп тер төгіп, қара жерге тасталған тұқым түйнек болып бой көтеріп, өнім болып жайқалғанша еңбектерін бір сәтке де тоқтатпайды.
Биыл жазда өнім тапшылығы кезінде баға қымбаттап, халықтың күнделікті ас-ауқатына араластырар көкөніс таппай қиналып кеткені ел есінде. Ал осындай жылыжайлардың көбеюі және оларға берілер көмектің де арта түсуі отандық өнім мен нарықты қолдау болмақ. Қазақстан нарығын сырттан емес, өзіміздің отандық өніммен қамтамасыз етуге бағытталған жаңаөзендік кәсіпкердің әрекеті өз жемісін береді және өзгелерге үлгі болады деген сенім басым.
«Егемен-ақпарат»