Әлеуметтік желіде біреуді жабыла ғайбаттау, мәселенің анық-қанығын білмей жатып кісіге ауыр айып тағу, орынсыз ұрсып, зекіп тастау секілді әрекеттерге етіміз үйреніп барады. Экранның арғы жағында сол пікірлерді мұқият оқып, әрқайсысына мән беріп отыратын жандардың барын ұмытып кетіп жатамыз. Қоғамдағы кейбір мәселелер шегіне жетпей, шекемізге тимейтіні өкінішті-ақ...
Технологияның қарыштап дамуы арқылы қалыпты тіршілігіміз өзгеріп, жаңа онлайн кеңістікке бейімделе бастадық. Алайда Интернет қанша шексіз болғанымен, біздің әрекетіміздің шекарасын анықтайтын ережелер мен шарттар әлі қалыптаса қойған жоқ. Күнделікті өмірде қоғамда орныққан қандай құқықтық және моральдық ережелерге бағынсақ, дижиталға өткенде тура сол ұстанымдардан айнып кететініміз қалай? Бәлкім, көбіміз екі әлемді бөлек қарастырып, әлеуметтік желіні ережесіз алаң көретін болармыз. Дегенмен, сол кеңістікте жасалған әрекеттер үшін толық жауап беретінімізді әсте естен шығармау керек.
Соңғы күндері қазақ қоғамы әлеуметтік желідегі әдепсіздікті айтып, оның салдары мен себебіне үңіле бастады. Интернет дамығалы бері оның игілігін көріп қана қоймай, теріс әсерімен күресіп келеміз. Соның бірі осы – желіде біреуге тіл тигізіп, қоқан-лоққы көрсетіп, балағаттау болып отыр. Оны ағылшынша анықтамасымен кибербуллинг, дәлірек, кибербуллиң (ағылшынша дыбысталуы бойынша алуды жөн көрдік) деп атап жүрміз. Бұл – Батыс қоғамында бұрыннан көтеріліп, жан-жақты зерттеліп, адам құқығын қорғау мәселесінде алдыңғы қатарда тұрған тақырыптардың бірі. Желінің жойқын күшін білетін мамандар кибер қорлыққа төтеп беру мүмкін емес екенін айтып жүр.
Жалпы, өзінен әлсізге әлімжеттік көрсету жасөспірімдерге тән әрекет ретінде сипатталғанымен, жұмыс орнында бастығының, әріптесінің, отбасында жақын адамының қысымына төзіп жүргендер қаншама. Бірақ мәселе Интернетке кіру мүмкіндігі бар жас пен кәрінің арасындағы әдепсіздікте болып тұр. АҚШ ғалымдарының зерттеулерінің бірінде 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдердің 37 пайызы кемінде бір рет кибербуллиңнің зардабын тартқаны айтылған. Расымен, бұл жағымсыз әрекетпен әдетте дүниетанымы толық қалыптаспаған жастар бетпе-бет келіп жатады. Алайда бұл кибербуллиң ересектер арасында кездеспейді дегенді білдірмейді.
Ол үшін әлеуметтік желіде белсенді кез келген танымал адамның, әнші, саясаткер, спортшылардың жазбаларындағы пікірлерге көз жүгіртіп шығу жеткілікті. Сындарлы сын мен кибербуллиңнің арасы бір-ақ қадам. Тіпті пікір білдіріп отырған қолдаушы өзінің артық кеткенін сезбей қалуы да ғажап емес.
Бұл мәселені ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі халыққа Жолдауында көтергені мәлім.
«Бүкіл әлемдегі сияқты Қазақстанның азаматтары да интернеттегі ғайбаттаулардан қорғана алмай отыр. Бұдан ең алдымен балалар зардап шегуде. Олар интернет арқылы тараған қоқан-лоққының әсерінен қатты қиналады. Өкінішке қарай, соның салдарынан қайғылы жағдайға да ұшырап жатады. Азаматтарды, әсіресе, балаларды кибербуллингтен қорғау жөніндегі заңнамалық шараларды қабылдайтын кез келді», деп атап айтқан болатын Мемлекет басшысы.
Қоғамдағы өзекті мәселеге қатысты құқық қорғау органдарының пікірін білу үшін Ішкі істер министрлігіне хабарластық. Белгілі болғандай, қолданыстағы заңнамада кибербуллиң деген терминге анықтама берілмеген. Министрліктің Әкімшілік полиция қызметінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Лейла Алипбаева құқықбұзушылық болған жағдайда жауапты органға хабарласуға болатынын ескертті. Ал қылмыс болмаған жағдайда жауаптыны жазалау мүмкін емес. Сарапшы қазір Парламент депутаттары, Білім және ғылым министрлігі мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» заңға кибербуллиң түсінігін енгізуді ұсынып жатқанын айтып өтті. Лейла Алипбаева егер осы ұғым заңнамаға енген жағдайда әрі қарай кибербуллиңмен күреске қатысты арнайы бағдарламалар дайындауға болатынын жеткізді.
Ал М.С.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ-нің PhD докторы, заңгер Абай Абылайұлы заңнамаға кибербуллиң ұғымын енгізудің қажеті жоқ деп есептейді. Маман кибербуллиңге жататын қорқыту, балағаттау, біреудің ар-намысына тию секілді әрекеттер онсыз да қолданыстағы заңнама шеңберінде қаралған деп есептейді.
– Бұл – қоғамдағы күрделі мәселелердің бірі болып отыр. Қазақстан заңнамасында кибербуллиңге анықтама жоқ. Оның формасы әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан оны заң жүзінде енгізу оңай болмайды. Біріншіден, ондай әрекеттер деңгейіне байланысты Әкімшілік құқықбұзушылық немесе Қылмыстық кодекске енгізілген. Әрекеттің зардабы мен салдары ауыр болатын болса, Қылмыстық кодекс шеңберінде қаралады. Мәселен, «өлтіремін, мүлкіңе зиян келтіремін, отбасыңа қастандық жасаймын» деген қорқытулар Қылмыстық кодекске жатады. Жала жабу немесе адамның жеке басына қол сұғу мәселелері Әкімшілік құқықбұзушылық кодекстің шеңберінде қаралады. Сондықтан заңнамалық деңгейде кибербуллиң анықтамасын енгізуге қажеттілік жоқ деп есептеймін, – дейді заңгер.
Осындай жағымсыз жағдайға тап болған адам қалай әрекет етуі керек, әділетті қайдан іздейді деген сұрағымызға заңгер бірінші құқық қорғау органдарына жүгініп, қылмыстың бар-жоғын анықтап алу керек деп кеңес берді.
– Көп жағдайда адамдар қай әрекеттің заң бойынша жауапқа тартылатынын білмей жатады. Сол себепті, ең алдымен, құқық қорғау өкілінен кеңес алған жөн. Заңгерге жүгіну қалтаны қағуы мүмкін. Сол себепті полицияға барып, қылмыстың бар-жоғын анықтау керек. Қылмыс болған жағдайда өтініш беріп, сотқа жүгінуге болады, – дейді Абай Абылайұлы.
Сөзбен түйреп, біреуге запыранын төгіп кету секілді әрекеттердің еш залалы жоқ деп есептейтіндер қателеседі. «Келешек» психологиялық орталығының директоры Наталья Семененко кибербуллиңнің салдары зорлық-зомбылық құрбандарының жағдайымен бірдей болатынын жеткізді.
– Кибербуллиң салдарының әйелдер, ер адамдар мен жасөспірімдер үшін еш айырмашылығы жоқ. Дамыған елдерде ол заңнамалық деңгейде зорлық-зомбылыққа жатқызылады. Мысалы, бізде тұрмыстық зорлық-зомбылықпен қалай күрессе, өзге елдерде онлайн қысыммен де тура солай күреседі. Интернетте әдепсіз әрекеттердің құрбаны болған жандар өзге қылмыстардың құрбаны секілді сезімдерді бастан кешіреді. Олардың ішінде қорқыныш, өзіңді бағаламау, өзгелермен байланыс орната алмау, психосоматикалық ауруларға шалдығу бар. Тіпті қан қысымы көтеріліп, гипертонияға ұласады. «Менің жазбама теріс пікірлер айтылса ше?» деген қорқыныш басып тұрады, – дейді маман.
Көбіне әлеуметтік желіде танымал адамдарға жағымсыз сөз таныс емес адамдардан келеді. Ал одан бөлек, біз біле бермеймін әлеуметтік желіде аңду деген жағдай да көп кездеседі екен. Мәселен, бұрынғы жұбайлар немесе араздасқан жандар бір-бірін әлеуметтік желіде аңдып, ғайбат сөз айтып, жала жабатындары бар. Психолог желіде осындай қысымның бар екенін айтты.
– Кейде бұрынғы жұбайлары әлеуметтік желіде аңдып, күн көрсетпей жүр деген мәселемен келетіндер бар. Бұл да – кибербуллиңнің бір түрі. Желіде зәбір көріп, еркін өмір сүре алмаймын дейтіндер саны әлдеқайда артты. 10 жыл бұрын мұндай болмайтын. Басқа мәселемен келіп, бүгінгі жағдайын талдап, таразыға салғанда кезінде әлеуметтік желіде болған оқиғадан басталғаны анықталып жатады. Кибербуллиңнен қорғансыз екенімізді мойындау керек. Жоғарыда айтқанымдай, интернеттегі дискуссияның не қудалаудың салдары өмірде зорлық-зомбылық көргенмен бірдей, ең қорқыныштысы – суицидке итермелеуі әбден мүмкін, – дейді психолог Н.Семененко.
Мәселенің өзектілігін қоғамдағы күнделікті оқиғалардан көріп-біліп жүрміз. Осыған дейін жеке пікірін білдірген халық әртісін жерден алып, жерге салғандарды көрдік. Жауапкершілікті құқық қорғау органдарына артудан бөлек, қандай шаралар қолдануға болады деген сұраққа жауап іздедік. Бұл ретте Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Facebook парақшасында әлеуметтік желіде өзін өзі ұстау мәдениетін қалыптастыру үшін адамның жеке басына қол сұқпай, біреудің ар-ожданын ардақтау секілді қарапайым қадамдардан тұратын «Әлеуметтік желі кодексін» ұсынған екен.
Әрине, аталған мәселенің жоғары мінберден көтеріліп, талқыланып отырғаны бүгін ғана емес. Сол себепті мемлекеттік шешімдерді былай қойғанда, біз қоғам болып не істей аламыз деген мәселеге көңіл бөлгеніміз жөн секілді. Қалай болғанда да, әдеп сақтамай, ғайбат сөйлеп отырғандар – сіз бен біз, таныстарымыз бен жақындарымыз. Сол себепті сарапшылар ұсынған қарапайым қадамдарды айтып кетуді жөн көрдік. Ең алдымен, шабуылға ұшырағандардың психологиялық жай-күйіне бейжай қарамау маңызды. Осындай жағдайға куә болғандар, ең алдымен, әлеуметтік желіде кез келген хабарламаның зорлық-зомбылық сипаты барын хабарлай алады. Әлеуметтік желінің ақпараттық технологиясы шағым түскен әр жазба мен аккаунтты өзінше зерттеп, бұғаттауға дейін шара қолданады. Екіншіден, кибербуллиң сипатындағы әңгімеге араласып, қолдау білдіріп, оны біреуге жолдаудан аулақ болу керек. Үшіншіден, қысыр сөздің нысанасына алынған жәбірленуші жанға бір ауыз жылы сөз жазып кетуге болады. Кім біледі, дәл осы сөз сол адамның көңілін жұбатып, демеу болуы мүмкін. Одан бөлек, ішіңдегінің бәрін әлеуметтік желіде ақтарып тастауға болмас. Жазылған әр дүние ұмытылмай, мәңгілікке сақталатынын ұмытпаған жөн. Кейде әлеуметтік желіден үзіліс алуға да болады. Бұл – сарапшылардың берген қарапайым ұсынысы. Құлақ асып, орындау – әркімнің өз еркінде. Байқаусыз айтылған бірауыз сөз біреуді құтқарып не жоқ қылатыны санамызда жаңғырып тұрса, құба-құп.