• RUB:
    4.93
  • USD:
    523.17
  • EUR:
    550.06
Басты сайтқа өту
Саясат 03 Тамыз, 2021

Адам саудасына қарсы күрес күшейеді

713 рет
көрсетілді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов пен Халықаралық көші-қон ұйымының (ХКҰ) Қазақстандағы өкілдігінің басшысы, Орталық Азиядағы ХКҰ үйлестірушісі Зейнал Гаджиев Еңбек көші-қоны және адам саудасына қарсы күрес мәселелері жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Құжатқа тараптардың онлайн келіссөздерінің қорытындысы бойынша қол қойылды, оның барысында өзара іс-қимылдың негізгі мәселелері талқыланды.

Еңбек және халықты әлеу­мет­­тік қорғау министрі Серік Шәп­кенов 30 шілдеде атап өтіле­тін Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күнінің маңызын, Қазақ­станның Халықаралық көші-қон ұйымымен қарым-қаты­насы сындарлы және өзара тиім­ді ын­тымақтастық арнасында да­мып келе жатқанын атап өтті.

Ведомство басшысы өз сөзін­де мүдделі мемлекеттік орын­дар­дың адам саудасына қар­сы іс-қимыл жөніндегі өзара іс-қи­мылын үйлестіру үшін Қазақ­станда құрамына ХКҰ өкілдері кіретін тиісті ведомствоаралық комиссия жұмыс істейтінін мәлімдеді.

«Биыл 24 ақпанда Үкімет адам саудасына байланысты қыл­мыстың алдын алу, болдырмау және оған қарсы күрес жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекітті. Осы жоспардың бір тармағын іске асыру шеңберінде «Қазақстан Республикасында адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасын әзірлеу туралы мәселе қаралуда. Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі тұжырымдамасының жоба­сына адам саудасының құр­бандарына арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуді көздейтін бап енгізілген», деді С.Шәпкенов.

Сонымен қатар министр көші-қон саласындағы, атап айт­қанда Қазақстанның Көші-қон саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасын әзірлеудегі ынтымақ­тас­тығы үшін ХКҰ тарапына алғысын білдірді.

«Осы жылы 19 шілдеде Мем­лекет басшысы «Қазақстан Рес­пуб­ликасының мемлекеттік бас­қару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Жар­лыққа қол қойды, оның шең­берінде 2022 жылғы 1 қаңтар­дан бастап Еңбек және халық­ты әлеуметтік қорғау министр­лігіне Ішкі істер министрлі­гінің халықтың көші-қоны саласын­дағы, сондай-ақ босқындар мәсе­лелері жөніндегі 22 функция­сы мен өкілеттігін беру көзделген. Осы Жарлықты іске асыру мақ­са­тын­да министрлік жанынан көші-қон саласындағы жеке ко­ми­тет құру жайы қаралуда», деді ол.

С.Шәпкенов 1998 жылдан қолданыстағы келісімді алмастыратын ҚР Үкіметі мен Халықаралық көші-қон ұйымы арасындағы ынтымақтастық туралы жаңа келісім Халықаралық шарттар жасасудың 2021 жылға арналған жоспарына енгізілгенін хабарлады. Қазіргі уақытта келісім жобасы мемлекеттік органдарда келісілуде.

Өз кезегінде Зейнал Гаджиев ел Үкіметіне ынтымақтастық үшін алғысын білдірді, сондай-ақ ХКҰ тарапынан Қазақстанға көші-қон және адам саудасына қарсы іс-қимыл мәселелерін шешуде алдағы уақытта да қажетті көмек көрсетуге дайын екенін білдірді.

«Өзара күш-жігерімізбен ынтымақтастығымызды жаңа са­па­лы деңгейге шығара алаты­ны­мызға сенімдімін», деді Халық­ара­лық көші-қон ұйымының Қазақ­стандағы өкілдігінің басшысы.

Тараптар жасасқан меморандум ақпарат алмасуды; еңбек көші-қоны және адам саудасына қарсы күрес салаларында түрлі іс-шаралар өткізуді; көші-қон саясатының стратегиясын қалыптастыру мәселелері бойынша кеңесуді; өзара қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша ғылыми зерттеулер жүргізуді көздейді. Тиісті меморандум халықаралық шарт болып табылмайды және тараптардың ешқайсысы үшін қандай да бір құқықтық және қаржылық міндеттемелер жүктемейді.