Петропавл қаласындағы Култышевтер отбасында жуырда 17-інші сәби өмірге келді. Мұндай ерекше жаңалық кез келген адамды елең еткізері сөзсіз.
Алдымен 17 баланың әкесі Павел Култышевтің өзі туралы айта кетер болсақ, ол – он саусағынан өнер тамған жан. Дәнекерлеушіліктің барлық түрін, соның ішінде темір қақпалар жасауды, қоршаулар қоюды, автомашиналар жөндеуді және басқа да неше түрлі өнерді меңгерген еңбекқор адам. 2000 жылдары сатып алған үйін де өз қолымен кеңейтіп, көп жанның тұруына лайықтап алыпты. Өзі сегіз бала тәрбиелеген көпбалалы отбасында дүниеге келген екен. Әйелі Татьянамен екеуі шіркеуде танысыпты. Екеуі де дін жолына берілген жандар көрінеді. 2000 жылы үйленгендерінде Павел 22-де, Татьяна 19-да болып, келесі жылы тұңғыштары өмірге келген.
Қай діннің болсын «Құдай берген баланы шектемеу керек» деген уағызы бар. Бірақ көпбалалы болу – Құдай жолы дегенді ешқандай дін айтпайды, Жаратқан көпбалалы болудың міндетін адамның мойнына жүктемеген. Ол тек пенденің өзінің мүмкіншілігінен туындайтын әрекет.
Ал кеңестік насихат көпбалалы болуды кеңінен насихаттады. Өйткені адам санының көп болғаны елдің қорғаныс қабілетін, жұмыс күші ресурсын арттыратын еді. Әлеуметтік тұрғыдан қолдауға болмашы бірдеңе берсе де соны қатты жарнамалап, оның үстіне көпбалалы аналарға деген моральдық ынталандыру шараларын да үйіп-төгіп жататын.
Қазақстан да көпбалалы аналарға құрмет көрсетеді. 1993 жылдан бері 7 және одан көп бала туғандарға «Алтын алқа», 6 бала туғандарға «Күміс алқа» тағылады, 6,4 АЕК көлемінде жәрдемақы беріледі және кейбір салықтардан босатылады. Жалпы, кезектен тыс өздерінің жеңілдетілген кезегімен үй беріледі.
Әрине, 10-12 балаға дейін өмірге әкеліп, оларды қоғамның толыққанды азаматтары етіп тәрбиелеген аналарға бас иесің. Солардың арқасында халқымыздың демографиялық ахуалы түзеліп, саны көштен қалмай келеді. Бірақ қазір шектен шығып, баланы сонша көп туып, өсірудің толып жатқан проблемалары барын да ұмытпаған жөн. Алдымен мұндай отбасыдағы балалардың бәріне ананың мейірімі жете бермейді. Кейбір психологтер осыдан балалардың бойында өкпелегіш, қызғаншақ, қатігез мінездердің ептеп қалыптасатынын айтады. Ананың назары түспеген бала бөлектеніп, өздігінен жетімсіреп те қалатын көрінеді. Әрине, мұндай мінез барлық халықтың отбасына тән емес. Тумысынан бауырмал, жылы жүректі болып келетін қазақ балалары тіпті көпбалалы отбасында туса да өзін мұқтаждық көргенге санамай барынша мейірімді, жасынан ата-анасы мен аға-інілеріне, апа-сіңлілеріне деген қамқорлығы қалыптасады. Ал өзімшіл, басқалардан артық болуды табиғатынан ойлайтын ортада туған көпбаланың кейбірі барынша қатігез де болады.
Қазіргі талапқа сай баласын дамытуға көпбалалы ананың мүмкіншілігі де, уақыты да бола бермейді. Әр баланың жеке мүддесі мен қызығушылық танытатын әлеміне қол жеткізуге де мүмкіншілік жоқ. Көпбалаға күнделікті нанын табуды алдымен ойлайтын ата-ана баланың жеке мүддесіне тоқталуға қолы да тимейді. Рас, үлкендері кішілеріне қамқорлық жасап, ойнатып, уатып, күлдіріп, тіпті бағып та отырар-ау. Алайда сәбидің бойындағы өнерге, білімге, соның ішінде әнге, биге, музыкаға, спортқа және басқаға деген бейімін балалар ұштай алар ма? Әрине, біз шектен тыс көп балалы болу қажетсіз демейміз. Бірақ 7-8-ден асып кетсе баланың даму мүмкіншілігін тудыру оңай емес екенін айтқымыз келеді. Ал сәбидің өздігінен «дамуына» басынан еркіндік беретін отбасылардың балалары арасынан өнер-білім емес, көбінесе теріс жолға түсушіліктер орын алатынын да өмірде жиі көріп жүрміз.
Біз жоғарыда Павел Култышевтің тіршілік әрекетін ауызға тегін алған жоқпыз. Егер ол соншама жанды асырау үшін күндіз-түні тынбай қара жұмыс істейтін жан емес, бизнесі өркендеп, қалыпты арнаға түсіп тұрған табысты, іскер адам болса – бәлки ол балаларын осы заманның талаптарына сәйкес дамытуға да күші жетер еді. Бірақ ол қарапайым тіршіліктің адамы. Соған қарамастан П.Култышевтің өзі: «Бұрын көпбалалы отбасылар қалыпты жағдай болатын, ал қазір бәрі бір-екі баладан ғана өсіреді. Ал біз қазір ата-аналарымыз бен аталарымыздан жақсы өмір сүреміз ғой. Сондықтан мұндай бақыттан бас тартуға бола ма?», дейді.
Бұрын балалардың көптігі қолмен істейтін қара жұмыстарды еңсеруге керек-ті. Ол кезде тек дене күшінің дамуы ғана алдыңғы орында тұратын. Ал компьютерге шұқшиятын, толып жатқан үйірмелерге, бассейнге, спортқа жетелейтін бүгінгі заманның талабы мүлде басқа емес пе?
Әрине, біз Култышев отбасының 10 ұлы мен 7 қызына бақыт тілейміз, бәрі де аман өсіп еліміздің лайықты азаматтары болсын.
Солтүстік Қазақстан облысы