Ресейдің әйгілі түрколог ғалымы Д.Д.Васильевтің «Графический фонд памятников тюркской рунической письменности азиятского ареала» (Издательство «Наука». Москва, 1983) еңбегі түркітілдес халықтардың тілдері мен тарихын және олардың жазу мәдениетін зерттеуде таптырмайтын дерек көзі болып саналады. Бұл құнды еңбегін жазбас бұрын ғалым ұзақ жылдар бойы экспедицияларға шығып, байырғы түркі руникалық жазу үлгілерінің нұсқаларымен көзбе-көз танысып, олардың көшірмелерін жасаудың нәтижесінде Енисей өзенінің бойындағы руникалық жазу ескерткіштерінің корпусын толық қалыптастырғанын айта кеткен абзал.
Д.Д.Васильевтің пікірінше, руникалық жазу үлгілерінің қай халыққа тиесілі екені туралы алғашқы болжамдар XVIII ғасырда басталған. Өйткені дәл сол дәуірде Ресей императоры Петр Бірінші Сібірге экспедиция аттандырып, Батыс ғылымында құпия аталған жазу үлгілері туралы мәлімет жината бастаған. 1722 жылы Сібірде жүргізілген экспедицияға императордың өзі тағайындаған Д.Г.Мессершмидт есімді неміс ғалымы жетекшілік етеді. Бұл экспедицияның жұмысына ол бұрынғы швед армиясының офицері Филипп Иоган Страленбергті де қатыстырады. Ол Полтава түбіндегі орыс-швед соғысында тұтқындалып, Ресей билігі оны Сібірдегі Тобол қаласына жер аударады. 13 жыл тұтқында жүргенімен, Страленберг аталған аймақта өте қомақты этнографиялық және картографиялық материал жинап алып, оларды Оңтүстік-Шығыс Азияның картасын жасауға тиімді пайдаланады және Мессершмидт экспедициясына үлкен үлес қосады.
Мессершмидт өз күнделігінде Енисей бойындағы құлпытастарда бәдізделген руникалық жазу үлгілерінің Солтүстік-Батыс Еуропадағы кельт/гот графикасымен туыстығы бар деген болжам жасайды.
Д.Д.Васильевтің пікірінше, бұл болжамды британдық профессор Т.Байер де (Professor Theophilus Siegfried Bayer) (Bayer Th.S.Vetus inscriptio prusica. Commentarii Academiiae Scientiarum Imp.Petropolitanae. Petropoli,1927.), неміс ғалымы П.С.Паллас та (Pallas P.S.Neye Nordliche beltrage zur physikalischen und geographischen Erd-und Volkerschraibungen. T.5. St.-Pbg., 1573.) қолдаған. Алайда Д.Г.Мессершмидт секілді олардың екеуі де жазулардың түркілік тегінен мүлде бейхабар болған.
1818 жылы Г.И.Спасский Сібірдегі руникалық жазулардың атласын жарыққа шығарады. Онымен танысқан В.Гумбольдт пен Ф.И.Круг сынды академиктер өз қызығушылықтарын бірден білдіреді. Соңырақ академик Ф.И.Круг атласты латын тіліне аударып жариялайды. Сөйтіп, Орхон-Енисей жазуларымен ендігі жерде шығыстанушы ғалымдар да таныса бастайды. Бірақ өкінішке қарай, олар бұл жазу үлгілерін ескі славян жазуларына жатқызуға тырысады. Алайда шындық қап түбінде жатпайды емес пе, кейін венгр ғалымы А.Вамбери мен орыс ғалымы А.А.Шифнер Сібірдегі руникалық жазулардың сібірлік түркі халықтарының тамғаларымен ұқсас екендігін жариялайды. Бұл көзқарасты Н.Г.Малицкий мен Н.А.Аристов та қолдап шығады. Кейін Сібірдегі Орхон өзені бойындағы руникалық жазуларды Н.М.Ядринцев пен В.В.Радлов та, сол сияқты этнограф, археолог әрі географ Д.А.Клеменц те зерттей бастайды. Ол ғалымдар құлпытастардың бетіне бәдізделген руникалық жазулардың қасынан қытайша жазылған мәліметті анықтап, Орхон жазбаларының түпкі тегі көктүріктерге тән екендігін айқындайды.
Байырғы түркі руникалық жазулары тек Сібір мен Моңғолия жерінде ғана емес, Қазақстан территориясында да, атап айтқанда, Талас, Іле, Сырдария, Ертіс және Жайық өзендерінің бойында да жиі кездеседі. Бұған қоса, ондай жазулар солтүстік Еуропада, әсіресе, Дания, Швеция және Норвегия мемлекеттерінің территорияларында да көптеп кездеседі. Сондықтан да болар, Данияның ұлы лингвист әрі тарихшы ғалымы Вильгельм Томсенді орыс ғалымы Н.Ядринцевтің 1889 жылы Моңғолияға жасаған экспедициясының нәтижелері өте қатты қызықтырады. Себебі Н.Ядринцев Моңғол жеріндегі Кошо-Цайдам сайында орналасқан Эрдин-цзу монастырының маңынан екі құлпытас бетіне бәдізделген руникалық жазулармен қатар, Қытай жазбаларында да кезігеді. Сол құлпытастардан ғалымдар 40 жолға жуық руникалық жазуды көшіріп алып, Ресейге қайта оралған соң, олардың көшірмесін іргелі ғалымдарға таратып жібереді. Ал Вильгельм Томсен болса, олардың сырын ашуға бірден кірісіп кетеді де, Орхон-Енисей жазуларының астарлы сырын түбегейлі ашып береді. Ол әлгі жазулардың фонетикалық мәнін де айқындайды. Өзі ашқан ғылыми жаңалықтарының нәтижелерін ол 1893 жылы Дания Корольдігінің ғылым академиясына баяндайды. Бұл жаңалығын ол сәл ертерек академик В.В.Радловқа да айтып берген. Ал Радлов болса, Вилгельм Томсенге сілтеме жасай отырып, 1894 жылы руникалық жазулардың толық тәржімесін ұсынады. Сонымен қатар В.В.Радлов жоғарыдағы екі құлпытастың Білге қаған мен оның туған бауыры Күлтегінге бағышталғанын да анықтайды.
Одан кейінгі жылдары байырғы түркі жазуларын зерттеп-зерделеуге орыс ғалымдары С.Е.Малов, С.Г.Кляшторный жән В.А.Левшин те өз үлестерін қосады. Соның нәтижесінде Орхон-Енисей жазуларының ешбір талассыз түркі халықтарына тән жазу жүйесі екендігі түбегейлі дәлелденеді. Қазақ ғалымдарының ішінен бұл саланы зерттеуге қомақты атсалысқан белгілі ғалымдар – Ғ.Айдаров (Айдаров Ғ., Құрышжанов Ә., Томанов М. Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі. Алматы. Мектеп, 1971.), М.Жолдасбеков (Жолдасбеков М. Көне түрк жазба ескерткіштері. Халықаралық түркі академиясы, 2017.) және Қ.Сартқожа (Сарткожаулы К. Генезис древнетюрксого рунического письма, 2012.).
Осы орайда «Кейбір Еуропалық ғалымдар неліктен көне түркі руникалық жазуларының түпкі тегін скандинавиялық немесе славян жазуларынан тараған деген негізсіз болжам жасаған?» деген сұрақ туындауы заңды. Оған жауап іздеп көрсек, мына жайттарды аңғарамыз.
Біріншіден, скандинавиялық викингтердің руникалық жазулары мен ескі түркі руникалық жазуларының ұқсастығы тайға таңба басқандай менмұндалап тұр. Ол ол ма, байырғы викингтердің руникалық әліппесі мен Орхон-Енисей әліппесі де бір-бірінен айнымайды. Бұған көз жеткізу үшін интернетте тұрған екі әліппенің руникалық таңбаларын бір-бірімен салыстырсақ жеткілікті. Олардың таңбаларының сыртқы бейнелері ғана емес, 24 таңбаға теңелетін әліппелері де бірдей. Бірақ солай екен деп, олар көктүріктерге батыстан келді деуге мүлде қисын жоқ. Өйткені ескі түркі руникалық жазу үлгісінің түркілік тегін құлпытастардағы қытайша бәдізделген мәліметтер де айғақтады емес пе?!
Екіншіден, ескі түркі руникалық жазу үлгілерінің негізін славяндардан іздеудің астарында Сталин заманының империялық саясаты жатқаны күмән тудырмайды. Мұның дәлелі Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін түркология саласында ғылыми зерттеу жұмыстарын кілт тоқтатқан Сталин жарлығынан да анық көрінеді. Сол жарлыққа қол қойылған сәттен бастап, Вильгельм Томсен мен Радловқа сілтеме жасаған түрколог ғалымдардың жаппай бастары алына бастады, ал өлім құрығынан аман қалғандары каторгаға айдалды. Ол ол ма, Орхон және Енисей өзенінің бойындағы көктүріктердің көсемдеріне қойылған тас мүсіндердің бастары да тұтастай қағылып тасталған болатын. Бұл тарихи шындықты бүгінде күллі әлем ғалымдары біледі.
Көріп отырғанымыздай, жоғарыдағы екі әліппенің бір-бірінен ешбір айырмашылығы жоқ. Ендеше, бұл әліппені Батыс әлемінің өзі де кезінде Азия кіндігіндегі көктүріктердің жазу мәдениетінен алғаны дау туғызбаса керек. Сондай-ақ Д. Д. Васильевтің монографиясында келтірілген нақты деректерге қарағанда, көне түркі руникалық жазулары тек құлпытастарда ғана кездеспейді. Олардың қолданылу аясы өте кең болған, яғни қарапайым халық ол жазу үлгісін кеңінен пайдаланған сыңайлы. Себебі ол жазулар халықтың күнделікті пайдаланып жүрген бұйымдарының, атап айтқанда, белдіктің айылдарына, жылқы әбзелдеріне, сақина, жүзік, білезіктердің қырларына немесе басқа бұйымдардың беттеріне де бәдізделген (Васильев Д.Д.Графический фонд памятников тюркской рунической письменности азиятского ареала. Издательство «Наука». Москва, 1983. 10-14 беттер.).
Викинг кемелерінің Гобустан петроглифтеріндегі іздері
Адам баласы жылқыны қолға үйретпес бұрын алдымен өзен-көлдерді – ескекпен қозғалатын қайықтармен, одан соң желкенді кемелермен теңіздер мен мұхиттарды бағындырған сыңайлы. Бұлай топшылауға толық негіз бар. Өйткені осыдан сәл бұрын мұның нақты дәлелдерін байырғы скандинавиялық викингтердің қолданған алуан түрлі қайықтары мен кемелерінен байқасақ, екінші дәлелін енді міне, есте жоқ ескі замандарда байырғы адамдардың жартастарға бәдіздеген кеме бейнелерінен де көріп отырмыз. Мәселен, Норвегияның жиһангез ғалымы Тур Хейердал Кавказға жасаған төрт сапарының бірінде Әзербайжан астанасы Бакуден алпыс шақырым жерде орналасқан Гобустан петроглифтерінің арасынан байырғы кемелердің тасқа бәдізделген бейнелерін көзі шалып, шектен тыс таңғалған. Өйткені петроглифтерде бейнеленген кемелер байырғы викингтердің күнбасты кемелерінен айнымайтын еді. Міне, сондықтан да біз төменде Гобустан жартастарында бәдізделген кемелердің фотобейнелерін олардың авторларының ағылшын тілінде тіркелген сілтемелерімен қоса беріп отырмыз. Петроглифтердің арасында викинг дәуіріндегі жүк таситын кемелермен қатар, алыс теңіз сапарларына лайықты ұзын, сүйір, әрі жүрдек кемелердің де бейнелері кездеседі. Оларды зерттеген ғалымдар мұндай кеме бейнелерінің мезолит дәуірінде, дәлірек айтқанда, осыдан 15000 жыл бұрын немесе біздің заманға дейінгі оныншы және сегізінші ғасырлар арасында бәдізделгенін анықтаған. Тур Хейердал үшін бұл кемелер туралы ақпарат таптырмайтын олжаға айналған-ды. Себебі ол ұсынған гипотеза бойынша, викингтердің құдайы немесе олардың ең байырғы қолбасшысы Один о баста Скандинавияға Кавказ бен Каспий маңайынан аттанған-тын. Төмендегі петроглифтерге сүйене отырып, Тур Хейердал әлем өркениеті байырғы Мысыр, Месопотамия немесе Үндістан мәдениеттерінен әлдеқайда бұрын жер бетіне теңіздер арқылы таралған деген батыл байламға келген-тін. 1999 жылы Әзербайжанға жасаған үшіші сапарынан кейін Тур Хейердал Гобустандағы петроглифтерде бейнелеген кемелер әлемдегі ең байырғы кемелер және адамзаттың ұлы көші Кавказ маңайынан басталған деген тоқтамға келеді.
Айтса-айтқандай-ақ, кемелердің жартасқа бәдізделген бейнелері әлемнің әртүрлі аймақтарында ұшырасатын өнер туындылары болып саналады. Ал Кавказ аймағында ондай бейнелер тек Гобустанда ғана кездеседі. Оларды жіті зерттеу барысында ғалымдар Гобустан мәдениетінің мыңдаған ғасырлық тарихы бар деген түйін жасайды. Сонымен қатар ғалымдар Гобустандағы кемелердің бейнелерін үш топқа бөледі. Бірінші топқа екіден алтыға дейін адам сиятын ең байырғы қайықтарды, екінші топқа діни астары бар күнбасты кемелерді, үшінші топқа көлденең төсемі бар үлгіні жатқызады. Қалай болғанда да, Гобустан петроглифтері тас дәуіріндегі мәдени дамудың бірнеше мың жылдарға созылғанынан хабар береді. Мәселен, ондағы жер қыртысының ортаңғы қабатынан табылған үңгір артефактілері біздің заманға дейінгі VIII және VII ғасырларға тән болса, Акселератор Масс-спектрометрия (Accelerator Mass-Spectrometry) әдісімен жасалған сараптама олардың жасының 14 500 жылға тең екенін көрсетеді. Өз кезегінде бізге бұл көрсеткіш Гобустанда бәдізделген кемелердің жасын б.з.д. X-XIII ғасырлармен белгілеуге мүмкіндік береді.
Гобустандағы күнбасты кемелердің бейнелерінен Күнге табынған діни наным-сенімдердің астары байқалады.
Әділ АХМЕТОВ,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері,
Халықаралық
Жоғары мектеп ғылым академиясының академигі
Суреттерде:Орхон бойындағы Күлтегін ескерткіші. Орхон музейі, Хархорин, Моңғолия. Бұл күнде бұл ескерткіштің көшірме нұсқасы елордадағы Еуразия университетінде тұр; Гобустан петроглифтері