• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 04 Тамыз, 2021

Германия: Саяси дода қыза бастады

638 рет
көрсетілді

Күз жақындаған сайын Германияда саяси бәсеке қыза түсті. Қыркүйек­тің 26-сы күні елде жалпы сайлау өтіп, жаңа канц­лердің кім болатыны анықталады. «Бұл ән бұ­рынғы әннен өзгерек» демек­ші, биылғы сайлау шы­нында да ерекше.

Өйткені немістердің «Анасы» атанып, елді 16 жыл басқарған Ангела Меркель сайлауға қатыс­пайды. Сондықтан шығар, сайлау мерзімі жақындаған сайын Германияның тізгінін кім ұстай­тыны қарт құрлықты қызық­тырып отыр.

Жалпы, Германиядағы Пар­ламент сайлауы басқа елдерден өзгеше. Таяуда енгізілген жаңа жү­йе бойынша электорат бір бюллетень арқылы екі дауыс беру құқығына ие. Әуелі жергілікті өкіл­ді сайласа, екіншісі арқылы үкі­метті құратын партияға дауыс береді. Бірінші дауыс беру арқылы аймақтардан сайланған 299 үміткер Бундестаг депутаты атанады.

Электораттың екінші дауысы­мен сайланған партияның үлесі арқылы Парламенттің қалған мүшелері анықталады. Мысалы, бір партияға халықтың 30 пайызы екінші дауысын берсе, онда сол партияның үкіметтегі орын саны 30 пайызға тең болуға тиіс. Сондықтан әр сайлауда Бун­дестаг мүшелерінің саны өзге­ріп отырады. (Қазіргі 19-шы Парла­ментте 709 депутат бар).

Сайлау аяқталғаннан кейін бір айдың ішінде үкімет мүшелерінің жасырын дауыс беруі арқылы жаңа канцлер анықталады. Бәрі сәтті өтсе, Германия президенті оны тағайындау жөнінде жарлық шығарады. Осылайша, жаңа канцлер қызметіне кіріседі.

Әрине, Бундесканцлер ғана емес, бүкіл Еуропаның канцлері саналатын Ангела Меркельдің орнын басу қиын. Бұған дейінгі сайлауларда Меркельдің Хрис­тиан-демократиялық одағы (CDU) оқ бойы озып келетін. Нә­ти­жесінде, Парламетте көп орын­­ға ие болатын. Бұған Мер­кел­ь­дің беделін қосыңыз. Сон­дықтан канцлерді анықтау неміс қоғамына қиынға түспеген еді. Енді бәрі өзгермек.

Соңғы сауалдамаға сүйенсек, Христиан-демократиялық ода­ғының бәсі әлі де жоғары. Рес­пон­денттердің 27 пайызы осы пар­тия­­ны қолдайтынын жеткізген. Әйтсе де, CDU-ға Жасылдар пар­тиясы басты қарсылас атануы әбден мүмкін. Тамыздағы сауал­дамада олар 19 пайыздық қол­дауға ие болды. Бір қызығы, мамыр айындағы сауалда­ма­да Grüne рекордтық нәтижеге қол жеткізіп, танымалдығы Хрис­тиан-демократиялық ода­ғы­­нан асып кеткен-ді. Өткен пар­ламенттік сайлаудан кейін Жасылдарды қолдағандар саны 8 пайызға жетпегенін ескерсек, 4 жыл ішінде олар үлкен жетіс­тікке қол жеткізді.

Сондай-ақ Социал-демо­кра­тиялық партия (CDP) да Пар­ла­менттен көп орын алудан үміт­тенеді. Тамыздағы сауалдама­ға қа­тысқандардың 18 пайызы атал­ған партияны қолдайтынын айтқан. Оның үстіне, CDP атынан саяси додаға түсіп жатқан Олаф Шольцтің халық арасында беделі жоғары. Қазіргі таңда ол Германияның вице-канц­лері, қаржы министрі қызметін атқарады.

Сауалдамаға сүйенсек, оны халықтың 22 пайызы қолдайды. Бірақ Германияда канцлер тіке­лей сайлау арқылы емес, дауыс беру нәтижесінде көп орын ие­лен­ген партия тарапынан анық­талатынын ескерсек, Шольц мыр­заның Бундестагтың тізгінін қолына ұстауы екіталай.

Былтыр Ангела Меркель мер­зімі біткен соң қайта сайлау­ға түспейтінін мәлімдеген соң ел ішінде жаңа канцлерге үміт­кер­лерді болжау қызған еді. Тіпті CDU партиясының ішінде де Меркельдің ізбасарын анықтау қызу талқыға түсті. Ангела ха­ным­ның өзі Германияның ең хал­қы көп өңірі – Солтүстік Рин-Вестфалия премьер-министрі қызметін атқарған Армин Лашет­ті дұрыс көрді.

Ақыры биылғы қаңтарда Христиан-демократиялық одағы пар­тияішілік сайлау өткізіп, көш­басшысын тағайындады. Бұл бәсекеде Лашеттің асығы алшы­сынан түсті. Сөйтіп ол партия аты­нан канцлерлік бәсекеге қа­ты­са­тын болып шешім қабыл­данды.

Дегенмен Лашет мырзаның ел ішіндегі беделі жоғары емес. Коронавирус індеті жаппай та­рағанға дейін ол туралы ел ішін­де жылы пікір қалыптасқан-тұғын. Бірақ пандемия бәрін өз­гертіп кетті. Мәселен, Солтүс­тік Рин-Вестфалия өңірі вирустан қатты зардап шекті. Аймақта дертке шалдыққандар саны күн санап артып жатқан кезде Лашет локдаун енгізуге асыққан жоқ.

Оның үстіне, алғашқылардың бірі болып карантиндік шектеу шараларын жеңілдетуге кіріс­ті. Осылайша, әп-сәтте тұрғын­дардың наразылығына ұшырады.  Сарапшылардың пайымдауынша, Лашеттің коронавирусқа жол бермеу жөніндегі әрекеттері оның көшбасшылық қабілетіне нұқсан келтірді.

Биылғы шілдеде Еуропада су тасқыны болып, біраз ел зардап ше­гіп, мыңдаған адам қайтыс бол­ғаны белгілі. Германияда шамамен 177 адам қаза тапты. Осы оқи­ғадан кейін президент Франк-Вальтер Штайнмайер бастаған би­лік өкілдері су тасқынынан зар­дап шеккен өңірлерге барған-ды.

Көңіл күйі жоқ президент жур­налистерге сұхбат беріп жат­қанда артқы жағында Ла­шет­тің әріптесімен әзілдесіп, кү­ліп тұрғаны бейнежазбаға тү­сіп қалды. Содан кейін неміс­тер оны сынға алып, ел қайғы­рып жат­­қанда күлгенін айыптады. Көп ұзамай-ақ Лашет кеші­рім сұра­ған. Бірақ қайғыдан қабыр­ғасы қайыс­қан халыққа бұл әсер ете қой­ған жоқ.

Сарапшылардың айтуынша, Лашет елдегі саясатқа жаңа леп әкелуді көздемейді, сондай-ақ 16 жылға созылған Меркельдің центристік ұстанымы мен оның сәл солшыл бағытқа бейімделген көзқарасын бұзу да ойында жоқ.

Сыртқы саясатта да Лашеттің ұстанымы қазіргі үкіметтің жос­парынан өзгеруі неғайбыл. Са­рап­шылар канцлер ретінде Ла­шет­тің «Солтүстік ағын-2» құ­бы­рына тыйым салып, Ресейге тікелей қарсы шықпайтынын айтып отыр. Бұл құрылыс Польша мен Ук­раинаны айналып өтіп, Ре­сей­дің газын тікелей елге әкеліп,  Гер­манияның Кремльге энерге­ти­калық тәуелділігін арттырады. Сондай-ақ Германия байланыс саласындағы 5G технологиясын қолдануда қытайлықтармен қатынасын да бұзбайды.

Лашеттің Еуропадағы ұста­нымы да сабақтастықты жал­ғас­­тыруды көздейді. Соңғы са­уал­дамаға сүйенсек, Лашетті қолдай­тындар саны 13 пайызды құ­рап отыр. Осылайша, бір ай ішін­де оны қолдайтындар саны күрт азайған. Сөйтіп Лашет Жа­сылдар партиясының жетекшісі Анналена Бербокпен теңесті.

Кейінгі кезде ел ішінде Grüne-нің беделі артып келеді. Бұған партияда жасалған ре­формалар үлкен әсер етті. Бер­тін­ге дейін партия Verbotspartei (тыйым салушы партия) ретінде қарастырылған. Енді Жасылдар немістерді өмір салтынан бас тартуға шақырмайды. Керісінше, өркендеудің жаңа белестерін бағындыруға уәде берді.

Мәселен, партия Германия эко­номикасын бәсекеге қабілетті ету үшін жасыл индустриялық сая­сат ұстанбақ. Неміс автомобиль өнеркәсібін сақтап қалудың жал­ғыз жолы көміртегі газын шы­ғар­майтын автомобильдерге басымдық беру екенін мойындады.

Сондай-ақ партия Германия­ның Қытай экспорты мен Ресей­ден келетін көмірсутектер им­пор­­тына тәуелділігін азайтып, жо­­ғары технологиялық стартап­тар мен бұлтты есептеу инф­ра­құ­ры­лымын қолдау бағдарла­ма­ларына инвестиция салғысы келеді.

Бұдан бөлек көші-қонға қа­тыс­ты да соны ұстаным ұсынып отыр. Босқындар дағдарысы ке­зін­де прогресшіл адамдардың пі­кі­­рін елеусіз қалдыру үлкен қа­те­лік деп есептейді партия өкілдері.

Еуропаға қатысты Жасылдар Мер­кельдің «Найн, Найн, Найн» (Жоқ, жоқ, жоқ) саясаты­нан бас тартып, өзара қарым-қаты­насқа белсенді араласпақ. Жа­қында Frankfurter Allgemeine Sonntagszeitung газетіне берген сұхбатында Баербок Германия бүкіл Еуропамен үйлескен жағ­дайда ғана күшті сыртқы саясат жүргізе алатынын атап өтті.

Анналена ханым тәуелсіз, өз құндылықтарына сәйкес әре­кет ететін Еуропалық одақ құру­ға көмектескісі келеді. Соның ішін­­де Қытаймен қарым-қа­ты­нас­қа да көзқарасы басқа­ша. Қыс­­қасы, осындай реформа­лар­дың ар­қасында Grüne-нің беделі артты.

Дәл қазір қыркүйектегі сайлауда кімнің бәсі жоғары болатынын дөп басып айту қиын. Сайлау қорытындысы бойынша Христиан-демократиялық партиясы мен Жасылдар ортақ мә­мілеге келіп, коалиция құруы ық­тимал. Егер Лашет бастаған CDU партиясы бұған қол жет­кізіп, Бундестагта көпшілік дауыс­қа ие болмаса, канцлерлік орын­тақ­пен қоштасуы әбден мүмкін.

Мұндай жағдайда Жасылдар партиясы, Социал-демократтар пар­тиясы және Еркін демократ­тар (FDP) тізе қосып, Пар­ла­ментте көпшілікті құрауы ық­ти­мал. Қорыта айтқанда, Герма­ния­да сайлау бәсекесі қызып тұр. Әлі алда бір ай мерзім бар. Осы уа­қыт­та электораттың көңіл күйі кез келген тарапқа өзгеруі мүмкін.

Қазақстан үшін Германия – сенімді серіктес. Мәселен, бір кездері қазақ топырағында 300 мыңға жуық неміс мекен еткен болатын. Сонымен қатар 2020 жылға дейінгі өңірлерді дамытудың бағдарламасын іске асыру барысында елімізге Гер­ма­ниядан көптеген инвести­ция тартылды. Соңғы 10 жыл­да Қа­зақстанға немістер құйған қар­жының көлемі 200 мил­лиард долларды құраған. Сон­дық­­тан Германиядағы сайлау мен Бундестагтың ұстанатын бағыты Қазақстан үшін әрқашан маңызды.