«Пандемия сабақтары» біраз мәселенің бетін ашып бергендей. Карантиннің кезінде көп педагог қашықтан оқытуға дайын болмады. Компьютерлік дағдыларды игермегеннің кесірінен қиындықтар туды. Осыған орай білім беретін қауымға жаңа курс тегін оқытыла бастады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
Шілденің 2-сінен басталған «Педагогтердің цифрлы құзыреттілігін дамыту» онлайн-курсы my.edu.kz платформасында асинхронды режімде өтіп жатыр. Курс мектеп, колледж педагогтеріне, сондай-ақ педагогикалық жоғары оқу орындары мен колледж студенттеріне арналған. Педагогтерге арналған тегін цифрлы курстарды «Өрлеу» біліктілікті арттырудың ұлттық орталығы әзірлеп шықты.
«Өрлеу» біліктілікті арттырудың ұлттық орталығының Басқарма төрағасы Әсел Мұхаметжанова алдымен орталықтың тарихы мен қазіргі әлеуетіне аз-кем тоқталды.
– «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы 2012 жылы педагогтердің біліктілігін арттыру мақсатында құрылды. 9 жыл ішінде «Өрлеу» орталығында 623 482 педагог оқытудан өтті. «Өрлеу» өңірлердегі филиалдар желісі арқылы педагогтердің үздіксіз кәсіби дамуын қамтамасыз етеді. Барлығы республика бойынша 17 педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты жұмыс істейді. Филиалдар, өз кезегінде, 572 базалық орта білім беру ұйымдарымен ынтымақтастық орнатқан. «Өрлеу» орталығы 25 шетелдік жоғары оқу орындарымен, орталықтармен және халықаралық ұйымдармен бірлескен жобаларды жүзеге асырады. Орталықтың 300-ден аса қызметкері Ұлыбритания, Франция, Аустралия, Оңтүстік Корея, Сингапур, АҚШ, Португалия, Испанияда білім алған, – деді Ә.Мұхаметжанова.
Осыдан соң орталық басшысы жаңа басталған курсқа қатысты ақпаратқа кезек берді. Оның айтуынша, курстың оқу жылы басталар алдында өткізілуі кездейсоқ емес. Осы курсты әзірлемес бұрын, 2020 жылдың қараша айында жүргізілген мониторинг мәліметтері зерттелген. Сауалдама республиканың 7 мыңға жуық ауылдық және қалалық мектебінің 300 мыңнан аса педагогін қамтыды. Нәтижесінде, ауылдағы әр төртінші, қаладағы әр бесінші мұғалім ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (АКТ) құзыретінің деңгейін арттыруды қажет ететіні белгілі болды.
– «Өрлеу» орталығы курс авторларымен бірлесіп мұғалімдер мен болашақ мұғалімдер бағдарламаны бітіргеннен кейін сабақты жобалап, оның нысандарын, әдістері мен мазмұнын, АКТ негізінде бағалауды таңдайтындай етіп әзірледі. Курстың ішінде видео-педагогика тақырыбы бар. Оны Еуропалық білім беру қорының сарапшылары жасады. Ыңғайлы болу үшін порталда қазақ және орыс тілдерінде бейнепедагогика бойынша нұсқаулық орналастырылған. Microsoft, Bilim Media Group, Kundelik өздерінің пайдалы ресурстары туралы бейне дәрістер дайындады. Біз Ұлттық білім беру деректер базасын пайдалану бойынша таныстыру және оқыту роликтерін қостық. Мұғалімдер мен студенттер edu.kz платформасында асинхронды білім ала алады, яғни өз қарқынымен өтуге арналған, себебі барлық модуль жазылған. Сіз кез келген уақытта жаттығуды тоқтатып, ыңғайлы уақытта қайта жалғастыра аласыз. Сіздер курсты платформада 31 қазанға дейін, яғни үш айға дейін өте аласыз. Бұл курсты аттестаттаудан өту үшін пайдалануға болмайтынын ескерткім келеді, – деді Ә.Мұхаметжанова.