Көлік және коммуникация министрлігі “ҚазГерСтрой” Қазақстан-Германия холдингінің базасында “Жол жамылғысын жасау мен күтіп ұстаудағы заманауи технологиялар” тақырыбында кеңейтілген ғылыми-техникалық семинар-кеңес өткізді. Семинар кеңестің жұмысына жол құрылысының барлық тарамдарын қамтитын көлік ведомствосы мен ұйымдарының басшылары мен мамандары қатысты. Айталық, автомобиль жолдары комитетінің облыстық департаменттері, “Облжоллаборатория” ММ мен олардың өңірлік құрылымдары, “Астана, Алматы қаласы жолаушы көлігі мен автомобиль жолдары басқармасы” ММ, “Госэкспертиза” РМК, жобалық және мердігерлік ұйымдар, Қазақстанның барлық өңірлерінен ғалымдар мен тәжірибелі мамандар қатысты.
Кеңесті ашқан автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Замир Сағынов кездесудің жол құрылысына жаңа инновациялық технологияларды енгізуге арналып отырғандығын атап өтті. Бұдан тыс, семинар саладағы көкейкесті мәселелерді талқылаудың, шетелдік әріптестердің тәжірибесін зерттеудің және мәселелерді шешудің ең тиімді жолдарын анықтаудың жаңа бір мүмкіндігін ашып отыр. Кейінгі жылдары автожол саласына айрықша көңіл бөліне бастағанын, қаржыландыру көлемі жыл сайын көбейіп келе жатқандығын атау ләзім. Ағымдағы жылы жалпы қолданыстағы автожолдардың дамуына 240,3 млрд. теңге, соның ішінде “Жол картасы” бойынша 29,2 млрд. теңге қарастырылған. Жергілікті желіні қоса алғанда, жөндеу жұмыстарымен 5 мың шақырымнан астам автожолдарды қамту жоспарланған. 2010 жылы жергілікті автожол желілерін дамытуға 37,3 млрд. теңге қарастырылып, соның аясында 1410 км. жолдарды жөндеу жоспарланған. Сонымен қатар, жол-құрылыс материалдарын өндіруші салалар да қарқынды дами бастаған. Бүгінгі күнге жол құрылысында пайдаланатын материалдардың 86 пайызы қазақстандық, оның ішінде қоршаулар, жарық беру бағандары, лак-бояу және геосинтетикалық материалдар бар.
Оң факторлармен қатар келеңсіз факторлар да жоқ емес. Олар жол жөндеу сапасының төмендігі, жобалау-сметалық құжаттарды әзірлеудегі қателіктер, жұмыс технологиясын бұзу, жол кәсіпорындарының жарақтану деңгейінің жеткіліксіздігі болып отыр. Жобалық шешімдерге инновациялық технологияларды енгізу, жол жүру қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігі деңгейін қамтамасыз ету, ұзақ мерзімділік пен жол құрылымының жөндеу жұмыстарының аралық мерзімін ұзарту бойынша жұмыстар толық көлемде жүргізіліп отырған жоқ.
Аталмыш семинар жоғарыда айтқан мәселелерді жоюдың ең тиімді шешімдерін іздестіру алаңына айналды. Жиын соңында оған қатысушылар материалдардың сапасын бақылаудың ең жаңа құрылғыларымен танысып, жол саласын одан әрі дамытудың негізгі бағыттарын белгіледі.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.