Қарағанды облысындағы осыдан 4 жыл бұрын ашылып, уақыт өте келе тоқтап қалған металлургиялық кремний өндіретін зауыт қайта іске қосылатын болды. Бұл туралы «Қазақстан» телеарнасы хабарлады.
Бұл өндірісті қалпына келтіру үшін «Қазақстанның инвестициялық қоры» мен «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясы» АҚ арасында келісім-шарт жасалды. Соңғы аталған компания алғашқы кезеңде 1,5 млрд. теңге бөлетін болды. Осы қаржы зауыт еңбеккерлерінің жалақы қарызын өтеуге және өндірістегі мүлікті сақтап қалуға жұмсалатын болады.
«Арнайы бизнес-жоспар құрамыз. Соның негізінде кәсіпорынды қалыпқа келтіру, техникалық аудит жүргізу жұмыстарын жүргіземіз. Содан кейін жұмысшыларды жинай бастаймыз. Мұның барлығына кем дегенде 6 ай уақыт кетеді», - дейді «Тау-Кен Темір» ЖШС директоры Ербол Иманқұлов.
«Силициум Қазақстан» зауыты еліміздегі «30 корпоративті көшбасшы» бағдарламасына енгізілген бірегей кәсіпорын болатын. Алайда, 2010 жылы іске қосылғанымен, екі жылдан соң жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Себебі, компания басшылығы менеджментті дұрыс үйлестіре алмады. Сонымен бірге, Қазақстан даму банкіне қайтарылмаған несие түріндегі берешегі де бар. Зауытта жұмыс істеген 400 адамның тек 35-і қалған.
«Қарағандылықтар - нағыз еңбек адамы. Қиын жағдайларға қашан да түсіністікпен қарайды. Кәсіпорын жұмысының тұралап қалғанын жасырмаймын. Бірақ, халық сенді, күтті. Ешқайсысы далада қалған жоқ, басқа жерлерге еңбекке тарттық. Енді кәсіпорын жұмысы жолға қойылған соң барлығы қайтадан өз жұмыстарына оралады», - деді облыс әкімі Бауыржан Әбдішев.
Зауытты іске қосу үшін жаңа басқарушы компанияға 6 ай уақыт берілді. Кәсіпорын жұмысы жанданған сәтте, қос пештен айына 50 мың тонна кремний өндіру мүмкін болатынына мамандар сенім білдіріп отыр.
Данияр Түймебай.
Дереккөз: «Қазақстан» телеарнасы
Фото: «Қазақстан» телеарнасы.