• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Тамыз, 2021

Атамекен оқушылары мектеп сұрайды

984 рет
көрсетілді

Жаңа оқу жылы жақындаған сайын Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданына қарасты Атамекен ауылының тұрғындары дабыл қағу үстінде. Алғашқы қоңырауға санаулы күн қалғанда ауылдағы апат жағдайындағы мектеп ғимаратында құлып тұр.

 

Жайық өзені жағасында орналасқан бұрынғы казак станицасы – Антоново соңғы жарты ғасырда Атамекенге айналып, әбден қазақыланып, тек көбейіп, көркейіп келеді. Ауыл мектебі бала санына байланыс­ты басында бастауыш болса, 1989 жылдан орталау мектепке айналған. Ал 2017 жылдан бері жалпы орта білім беретін мектеп дәрежесіне көтерілген.

Мектептің қазіргі корпусы 1965 жылы салынған көрінеді. Кәдімгі саз балшыққа шөп-шалам қосып илеп, саман тастан қалаған ғимарат қой. Оның өзі тарлық еткен соң 1989 жылы ауыл халқы өздері тас басып, қарлығаштың ұясындай етіп қалап, мектептің екінші корпусын көтеріпті. Міне, біріне – 56, екіншісіне 32 жыл болған осы ғимаратта жыл сайын Махамбет Өтемісұлы атындағы мектептің жүзден аса ұл-қызы оқып келеді...

Әлі де оқи берер ме еді? Соңғы он шақты жылдан бері ғимараттың төбесі тесіліп, іргесі мүжіліп, жаңбырда су кетіп, берекесі кетті. Іргетасы отырып, ырсиып жан-жаққа кетіп бара жатқан мектептің кәрі қабырғаларын мұғалімдер іші-сыртынан ағашпен тіреп тоқтатып тұрғанына да біраз жыл болды. «Бұл енді мүгедек шалға балдақ беріп жұмысқа жібергенмен бірдей ғой», деп шарасыздан күледі олар.

Мектептің санитарлық ахуалын тексеретін арнайы мекемелер осы кезге дейін «талапқа сай келмейтін» кемшіліктерді тізіп, сан мәрте айыппұл да салыпты. Ал биыл «Бұл ғимаратта бала оқытуға мүлдем болмайды!» деп үзілді-кесілді шешім шығарыпты.

Әділін айтсақ, шынында да мұндай жерде білім алуға болмайды. ХХІ ғасырда спорт залы, әжетханасы жоқ, ортағасырлық деңгейдегі құжырада бала оқыту деген масқара ғой.

«Мектеп ғимараты аса қа­уіп­ті жағдайда тұр. Ғимарат құласа, балаларымыз астында қалып қоя ма деп қорқамыз. Мұндай мектепте білім алуына қарсымыз. Бүгінгі дамыған заманда балаларымыз көгілдір экраннан, ғаламтордан керемет заманауи, жарық, кең мектепті көріп, сондай ғимаратты армандайды. Тәуелсіз Қазақстанның әрбір оқушысы және біздің де балаларымыз сондай мектепке лайықты деп ойлаймыз», дейді ата-аналар. Орынды ғой.

Ең өкініштісі, мектеп ғима­ратының осындай жағдайы бір күнде, аяқ астынан болған төтенше жағдай емес. Жүйелі іс, жоспарлы жұмыс болса, көне ғимараттың ресурсы түгесілген тұста жаңасы салынып, өмір өз ағысымен жүре беруі керек еді. Аудан, облыс басшыларының, сала жетекшілерінің мүлдем жүйесіз іс-әрекетінен ел ертеңі – оқушылар зардап шегіп отыр.

Қараңыз, Атамекен ауылы – Атырау-Орал тасжолы бойында орналасқан, 120 отбасы, алты жүздей халқы бар ауыл. Көгілдір отыны, таза суы, электр желісі тартылған, малын бағып, бау-бақшасын салып отырған ел. Танымал Тайпақ қарбызы осы ауылда өседі. Ауыл тұрғындарының 60%-ы бау-бақша өсірумен айналысады. Соңғы үш жылда ауылда жаңадан 10 үй салыныпты. Биылғы қымбатшылыққа қарамастан 7 үйдің құрылысы жүріп жатыр екен. Жеке тұрғын үй құрылысы – «болашағы бар ауыл ма?» деген сауалға «ия!» деп жауап беретін нағыз индикатор. Тұрғындарының басым көпшілігі жастар болғандықтан, ауылда шілдехана да көп. Яғни бұл ауылдан халық көшіп кетіп, мектеп қаңырап қалады деген қауіп жоқ. Керісінше, басқа жақтан көшіп келушілер бар. Ауылда клуб, кітапхана, фельдшерлік пункт секілді әлеу­меттік нысандары жұмыс істеп тұр. «Жерұйық» өлкетану музейі күрделі жөндеуден өтті. Мектеп жанындағы шағын орталықта 40 шақты бүлдіршін тәрбиеленуде. Биыл бірінші сыныпқа 16 оқушы барғалы отыр екен. Жалпы, мектепте 110 оқушы бар. Осындай ауылда 1965 жылы салынған, тоз-тозы шыққан мектепті ауыстырмау қылмыс емес пе?!

Обалы не керек, жоғарыдан «Атамекенде жаңа мектеп салынады» деп 10-15 жылдан бері уәде беріліп келе жатыр. Тіпті жаңа ғимараттың жобалық-сметалық құжаттамасы да жа­салған. Алайда ол сараптамадан өтпей, кері қайтарылған. Жоба жасаған мекеме ол ше­шіммен келіспей, сотқа берген. Осылай созылып, жылдан жылға өткен. Ақжайық ауданында әкім ауысқан сайын осы мәселені шешпек болып кіріседі. Бірақ нәтиже шамалы. Тіпті облыс басшылары бұрынғы Алтай Көлгінов те, қазіргі Ғали Есқалиев те мектептің мүшкіл хәлін көзімен көрген.

Ақжайық ауданының әкі­мі Қалияр Айтмұхамбетов бұл қызметіне 2018 жылдың со­ңында тағайындалған.

– Атамекеннің мектебі – қазір біздің ауданда ғана емес, бүкіл Батыс Қазақстан облысы бойынша ең бірінші назарда тұрған мәселе. Біз оны жасырып отырған жоқпыз. Облыс басшысына да көрсетіп, мән-жайды түсіндірдік. Қазір жаңа мектеп ғимаратының орны белгіленген. Жобалық-сметалық құжатын жаңадан жасатып жатырмыз. Меніңше, бұл мәселені шешудің екі жолы бар. Біріншісі – типтік үлгідегі жобамен жаңа ғимарат салу. Екіншісі – шағын ауылдарға арналған модульдік мектеп жобасы. Модульдік мектептің бір артықшылығы – құрастырмалы қалыптар арқылы тез көтеруге болады. Біз екеуіне де дайынбыз. Бірақ өзіңіз де білесіз, қазір білім саласы, мектеп мәселесі аудан­нан тыс, облыстық деңгейде ше­ші­леді ғой, – дейді Қалияр Шадиярұлы.

Ауыл тұрғындары шілде айында Батыс Қазақстан облы­сының әкімі Ғали Есқа­лиевке, облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаеваға, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы жетекшісі Мұрат Мұқаевқа ұжымдық хат жолдап, тағы да мектеп мә­се­лесін көтерді. Әзірге жауапсыз. Осы мәселеге орай өңір басшысына «Егемен Қазақстан» газеті тілшісі де хат жолдаған. Жауап күтіп отырмыз.

Атамекен ауылындағы мек­­­­тептің жағдайымен біз де жақ­сы таныспыз. Мектептің мүшкіл хәлі облыстық, рес­публикалық бұқаралық ақпарат құралдарында бірнеше мәрте көтерілді. Ауыл халқы талай жылдан бері жоғарыдан беріліп келген жалған уәдеге әбден тойған сияқты. «Биыл жаңа ғимараттың құрылысы басталмаса, балаларымызды мектепке бермейміз», деп отыр.

Міне, қыркүйек те қыр астына келіп қалды. Өткен жылы пандемияның кесірінен қиындық көріп, көп нәрсе жоғалтқан білім саласы болатын. Биылғы оқу жылына ерекше көңіл бөліп, жоғалтқанның орнын толтыру қажеттігін Мемлекет басшысынан бастап тапсырып жатыр. Бірақ бұл тапсырма Атамекен ауылының Махамбет атындағы мектебінде орындалмайтыны анық болып тұр...

«Жаңа оқу жылының бас­талуына бір ай ғана уақыт қалды. Бұл мәселе қалай ше­шіледі? Атамекен ауылында тез көтерілетін модульдік мектеп ғимараты тұрғызыла ма? Мұндай жоспар бар ма? Қаражат бөліне ме? Құрылыс қашан бас­талады?» деген сауалды біз облыс басшысына, облыстық білім басқармасы басшысына қойдық. Алайда бұл сауалға әлі күнге мардымды жа­уап жоқ. Ал Ақжайық ауданының әкімі Қалияр Айтмұхамбетов пен аудандық білім бөлімінің басшысы Біржан Сабыровпен сөйлескенімізде, «мектеп са­лынғанға дейін ауылдағы ша­ғын орталық, клуб, музей ғимараттарын уақытша мектеп ретінде пайдалануға тура келетін шығар...» деген әңгімені айтты. Бұл әрине, мәселені шешудің жолы емес. Музей тақырыбына келесі мақаламызда арнайы тоқталмақпыз.

Батыс Қазақстан облысында 2021-2022 оқу жылы қарсаңында апат жағдайында тұрған 7 мектеп, үш ауысымда оқитын 5 мектеп бар екені хабарланып жатыр. Облыс бойынша 388 педагог маман жетіспейді. Оқушы контингенті азайып, талапқа сай келмеуіне байланысты Қазталов ауданындағы Ащысай, Бестерек, Аққурай бастауыш мектептері, Теректі ауданындағы Қоныссай, Шыңғырлау ауданындағы Ұры­сай, Жаңақала ауданындағы Плантация бастауыш мек­теп­тері жабылатыны хабарланып жатыр. Дәл осындай себеппен Ақжайық ауданында И.Тайманов атындағы не­гізгі мектеп, Қадырқұл не­гіз­гі мектебі және Теректі ауда­нындағы Қызылжар негізгі мек­тебі бастауыш мектеп болып қалған. Аталған мектептердің біразы шекаралық аудандарға тиесілі. Шалғай ауыл мектептері сол ауылды сақтап тұрған не­гізгі қазық екенін бұрын да айтқанбыз. Бұл цифрлардың тасасында жұмыссыз қалатын қанша мұғалімнің, амалсыз басқа жерден білім іздейтін қанша баланың тағдыры тұр.