Осы жылдың бес айында отандық иленген былғары мен ірі қара малдың терісінен жасалған былғары крастын сатудан түскен экспорттық түсім 2,4 млн долларға жетті. Бұл – өткен жылдың көрсеткішінен 73,3 пайызға жоғары.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты QazIndustry қазақстандық индустрия және экспорт орталығы мамандарының айтуынша, былғары илеу және өңдеу кәсіпорындары еліміздің 11 өңірінде орналасқан. Бұл саладағы кәсіпорындардың көбі Шымкент қаласында шоғырланған – 7 кәсіпорын.
Сондай-ақ өндірушілер Алматы, Қостанай, Жамбыл, Ақтөбе, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында және республикалық маңызы бар Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында да бар.
Бүгінгі таңда Қазақстанда былғары илеумен бір орта кәсіпорын (Алматы былғары зауыты – Almaty Tannery ЖШС) және 27 шағын кәсіпорын («КазИталКожа», Semey Tannery, «КазахЛидерМех», «Петропавл былғары зауыты», «Тараз Былғары зауыты», Turan Skin, «Кәмшат-Әсел» жауапкергілігі шектеулі серіктестері және басқалар) айналысады.
Ірі қара мал терісінен жасалған былғары өндірісінің көлемі 2021 жылдың 6 айында 54 млн шаршы дециметрді құрады. Көрсеткіш – өткен жылмен салыстырғанда 15,2 пайызға жоғары.
Ішкі нарықта отандық былғарыны аз мөлшерде аяқкиім өнімдерін (негізінен әскери және арнайы аяқкиім үшін) және былғарыдан жасалған тауарларды (сөмкелер, белдіктер) өндірушілер сатып алады. Қалғаны экспортталады.
Қазақстандық терінің негізгі сатып алушылары қатарында Қытай, Үндістан, Италия, Түркия, Украина және Испания секілді елдер бар.