• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 10 Тамыз, 2021

Бірлескен жұмыс нәтижеге жетелейді

267 рет
көрсетілді

Түрікменстанда өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының III Консуль­тативтік кездесуі өңірлік ынтымақтастықтың жаңа деңгейге көтерілген кезімен тұспа-тұс келді. Қазақстан тәуелсіздік жылдары өз стратегиясында Орталық Азия мемлекеттерімен ынтымақтастықты тереңдету бағытын ұстанып келеді.

 Еліміздің барлық стратегиялық құжа­тында Орталық Азия байланысына қатыс­ты бағыт бекітілген. Сол себепті ел Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кезек­ті кездесуіне дайындықпен, бірқатар ұсыныс­пен барғаны анық.

Қазіргі уақытта Орталық Азия елдері екіжақты және өңірлік күн тәртібіндегі не­гізгі мәселелерді шешуге батыл қадам жасап отыр. Алдыңғы кездесулердің күн тәр­­тібін ескере отырып, аймақтық ынтымақ­тас­тық­тың нақты жол картасын даярлау туралы ай­туға болады. Транзит, сауда, энер­ге­ти­ка мәселелерімен қатар, су, экология, кли­мат­тың өзгеруі мәселелері басты на­зарда бол­ды. Биылғы жылы Ауған­стан­дағы ахуал­дың шиеленісуімен қатар, коро­на­ви­рус­тық инфекцияға қарсы іс-қимыл мәсе­ле­­лерін қоса алғанда, өңірлік және халық­ара­лық қа­уіп­сіздік мәселелері күн тәртібіне қойылды.

Өңір елдері үшін өзекті мәселелердің бірі – су мәселесін реттеу болып қала береді. Қар­қынды ауылшаруашылық, өнеркәсіптік қыз­метке, трансшекаралық бассейндер айма­ғында халықтың көптеп қоныстануына бай­лан­ысты су тұтынудың өсуімен қатар, кли­мат­тың өзгеруі, мұздықтардың еруі секіл­ді бірқатар шиеленіскен жағдай әлеу­мет­тік-экономикалық мәселелерді ушық­ты­ра түседі. Сондықтан тараптардың су мәсе­ле­­лерін реттеудегі ымыраны көздейтін және өзара қолайлы тәсілдері – жалғыз тиімді жол екені анық. Барлық тараптың саяси ерік-жі­герінің болуы осы саладағы мәселелерді ашық және жедел көтеруге, өзара талқылауға мүм­кіндік береді. Бұл күрделі проблеманың эко­­ло­гиялық, әлеуметтік, экономикалық ма­­ңызы бар. Қазіргі кезеңде Қазақстан Ор­та­­лық Азияның Мемлекетаралық су-энер­гети­ка­лық консорциумын құруды, сон­дай-ақ «Сырдария» және «Әмудария» бас­сейндік су шаруашылығы бірлестіктерін кү­шейтуді ұсынады. Бұдан басқа, Орталық Азия­ның барлық елі мен халықаралық әріп­тес­тер­дің қолдауымен Арал теңізінің солтүс­тік бө­лігін қалпына келтіру жобасын аяқтау қажет.

Өңір елдерінің күн тәртібінде көлік тран­зитінің әлеуетін арттыру мәселесі де маңызды болып отыр. Аймақ мемлекет­терінде көлік саласындағы ынты­мақтас­тық­ты нығайту тауарлар мен қызметтердің еркін қозғалысына ықпалын тигізетініне, әлеуметтік-экономикалық қатынастарды дамы­тудың маңызды құралы ретінде әрекет ететініне және сайып келгенде, халы­қтың өмір сүру жағдайы мен сапасын жақ­сар­татыны туралы түсінік артты. Сарапшы­лардың бағалауы бойынша, Орталық Азия елдерінің шекарадан өту рәсімдерінің жетілдірілмеуіне байланысты халықаралық бағыттар бойынша тауарларды жеткізуге қажетті барлық уақыттың 40 пайызы осы­ған жұмсалады. Орталық Азия елдері ішін­дегі және арасындағы көлік байланысын жақсарту өңірлік елдердің ішкі жалпы өнімінің 15 пайызға ұлғаюына мүмкіндік беретін болады. Мемлекеттер аумағы ар­қылы ха­лықаралық көлік дәліздері, сон­дай-ақ Орталық Азия елдерінің Ресеймен, ЕО-мен, ҚХР-мен, Үндістанмен, Түркиямен, Ауғанстанмен, Иранмен сауда байланысы түрлі өңірлік дәліздер өтетіні белгілі. Өңірдің көліктік байланысын күшейту мақсатында Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуға Орталық Азияның барлық елінің қатысуына мүдделі.

Сауда-экономикалық салада да маңыз­ды өзгерістерді көре аламыз. Өзара тиімді негізде перспективасы өте жоғары жоба­лар жүзеге асырылуда. Соңғы ірі бастама­лар­дың қа­тарында Қазақстан мен Өзбек­стан ше­­ка­расында «Орталық Азия» халық­­ара­лық сау­да-экономикалық ынты­мақ­тас­тық орта­лы­ғын құру бар. Бұл – аймақ­тық деңгейде бола­шағы зор жоба. Ол бүкіл өңірдегі сауда-эконо­ми­калық байла­ныс­тардың дамуына серпін беріп, өңірара­лық инфрақұрылымдық және сауда жоба­ларының ілгерілеуіне сеп болады.

Осылайша, бірлескен және жүйелі жұ­мыс арқылы ұлттық мүдделерді қорғау және алға жылжыту оңайырақ әрі тиімдірек болмақ. Тиісінше, Орталық Азияның өңірлік маңызын күшейту – бұл ұлттық ұстанымды күшейтумен тең.

 

Санат КӨШКІМБАЕВ,

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары