ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің тапсырысы бойынша Еңбек ресурстарын дамыту орталығы Қазақстан бойынша 2050 жылға дейін ұзақ мерзімді демографиялық болжам дайындады, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Сарапшылар статистикалық деректер мен модельдеу негізінде 2030 жылға қарай жұмыс күшінің саны 9,7 миллион адамға жетеді, 2040 жылы бұл көрсеткіш 10,7 миллионды құрайды, ал 2050 жылға қарай жұмыс күші 11,4 миллионға дейін өседі деп есептейді», деп жазады ҚР ЕХӘҚМ баспасөз қызметі.
Болжамның негізгі сценарийі бойынша 2030 жылға қарай ел халқы шамамен 20,7 миллион адамды құрайды, 2040 жылға қарай бұл көрсеткіш 22,9 миллион адамға дейін, ал 2050 жылға қарай 25,5 миллион адамға дейін өседі деп күтілуде.
«Болжамға сәйкес, 2030 жылға қарай туудың жоғары деңгейі мен халықтың қартаюына байланысты жұмыс күшінің халыққа пайыздық қатынасы 46,7%-ға дейін төмендейді. Бұл экономикалық белсенді халыққа жүктеме артады дегенді білдіреді», дейді МДМ болжамдау департаментінің директоры Дмитрий Шумеков.
Тұрғындар санының ең көп өсуі Республикалық маңызы бар қалаларда күтіледі: Нұр-Сұлтан - 2,7 есе (1,9 миллионға), Алматы - 1,8 есе (1,6 миллионға) және Шымкент - 2,4 есе (1,5 миллионға).
Бұдан басқа, Маңғыстау облысының халқы екі есеге (1,4 миллион адамға дейін), 500 мыңға - Түркістан (2,5 миллионға дейін), 700 мыңға - Алматы (2,8 миллионға дейін) өседі.
Ағымдағы туу, өлім-жітім және көші-қон коэффициенттері кезінде Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Ақмола облыстарында халық санының біртіндеп төмендеуі байқалатын болады. Алайда, егер көрсетілген өңірлерде туудың жиынтық коэффициенті уақыт өте келе айтарлықтай өссе және эмиграция төмендесе, аталған өңірлердің халық саны тұрақтануы мүмкін.
Жалпы, 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді демографиялық болжам мынадай бағыттар бойынша жасалды: халықтың жалпы саны, халықтың жас құрамы, 2050 жылға қарай сценарийлер бойынша жас құрамындағы айырмашылықтар, өңірлік сәйкессіздіктер, өңірлер бойынша халық саны, демографиялық динамика, жұмыс күшінің саны, жұмыс күшінің құрылымы мен орташа жасы, оның өңірлік сәйкессіздіктері, өңірлер бойынша бөлу.
Бұдан басқа, бұдан әрі 2021 жылғы демографиялық көрсеткіштердің нақты өзгерістері негізінде (халық санағын ескере отырып) осы болжамға түзету жүргізу жоспарлануда.
«Болжам төрт құрамдас бөліктің негізінде құрылған: халықтың бастапқы нақты саны, туу, өлім-жітім және халықтың көші-қон қозғалысы», деп түсіндірді Дмитрий Шумеков.