Испандықтар әркім жәрмеңкені өзінің тапқан затына қарап бағалайды деседі. Жөн сөз! Біздің тарих базарынан тапқан қазынамыз санаулы болса да, салмағы ауыр. Сондықтан көсіле сөйлеуге болады. Ақын Қадыр Мырза Әлі айтпақшы: «Біздің тарих бұл да бір қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақтағы». Сол парағы жұқа оқулықта бабалар аманатын арқалаған құндылық бар. Жерден табылған ескі бұйымның естелігі – ел руханиятының азығы. Мәселен, ғұрыптық шамдалды алып қараңызшы!
Ғұрыптық шамдал ж.с.д. І мыңжылдыққа жатады. 1979 жылы Алматының оңтүстік өңіріндегі Кіші Алматы өзенінің сол жағалауындағы «ашық аспан астындағы ғибадатханадан» табылған.
Дөңгелек табақша өрнектелген конус тәрізді тұғырдан тұрады. Оның басты мағынасы – табақ ретінде қызмет атқаруында. Оның шетінде зебулердің мүсіндік фигуралары орналасқан. Мұнда сиырлардың (бұқалардың) тұмсығы сәл сыртқа бұрылып, төмен және сол жаққа қаратылған.
Салт аттылардың екі мүсіні ыдыстың беткі бөлігінде орналасқан және тек біреуі ғана сақталған. Олар бір-біріне қарама-қарсы жақта кері бұрылып тұр. Салт аттылардың қолында М тәрізді керілген садақтар бар. Жалпы алғанда, барлық композиция мәнді мәнерге толы, сонымен қатар жайылған жануарлардың қатып қалған бейнесі арқылы ыждағаттылықпен күту сәтін көрсетеді.
Бұл сахна нені меңзейді? Әлбетте, әлемнің барлық жағын қорғайтын салт атты (дұрысы, қос салт атты) – әлемдік таудың шыңы болған Митра Күн құдайының бейнесі. Митра – ең кең мүмкіндіктерге ие, бұл жағдайда жайылымдардың иесі, жердің жоғарғы қорғаушысы, ғарыш тәртібін қорғаушы рөлінде бола алады.
Алайда сюжет басқа да түсініктер беруі мүмкін. Шамда Митра құдайы бейнеленген. Ол жындармен найзағайдың көмегімен шайқасып, жебемен қара бұлттарды жарып, жындармен және қараңғылықпен өшірілген өмір шамшырағын жағуда. Сондай-ақ аспан сәулесіне жерге нәр беретін жаңбырлы бұлттарды бейнелейтін сиыр табынын өріске шығаруда. Осылайша қыс пен түнек кері шегініп, көктем келеді. Ал жарық сиырлардың бейнесінде көрсетілген. Ұлттық музейде орналасқан ұлттық бұйымның сыртқы сипаты мен ішкі астары осындай.