• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Тамыз, 2021

Көпір жағалаған көпшілік Қостөбе ауылы интернетке қашан қосылады?

440 рет
көрсетілді

Толғауы тоқсан тіршілікте түйіні тарқамаған мәселе әлі де көп. Әсіресе, ауыл­ды жерлердегі ахуал жыл санап жақсарып келеді дегенімізбен, мұнда әлі де болса шешімін күткен дүниелер жетерлік. Ит арқасы қиянда дерліктей алыс­та болса бір сәрі, қаланың тап іргесінде тұрып өркениет көшіне ілесе алмай отырған ауылдар да бар.

Мәселен, Жамбыл ауданына қарасты Қостөбе ауылы Тараз қаласынан он шақты шақырым қашықтықта ғана орналасқан. Яғни «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық күрежолдың батыс жақ бетіндегі шағын ауыл. Көлқайнар ауылдық округінің құрамына Тастөбе, Көлқайнар, Жамбыл, Еңбек ауылдарымен қатар, осы Қостөбе ауылы да кіреді. Ал Қостөбе ауылында бүгінде 79 аула бар болса, сонда 425 халық тұрады. Жергілікті жұртшылық негізінен мал бағу, сауда жасау сияқты қарапайым кәсіп көзімен күнелтеді.

Жалпы, Қостөбе – Жамбыл облы­сын­дағы мәселесі күрделі ауыл­дар­дың бірі. Олай дейтініміз, облыс орталығы Тараз қаласынан шығатын шайынды су Қостөбе ауылының маңына қарай ағып барады. Ауыл маңында шайынды су жиналатын арнайы орын бар. Ал күн ыстықта да, жел тұрған кезде де бұл ауылдың маңайымен жүрудің өзі қиын. Қолқаны қапқан күлімсі иіс, жағымсыз әсер бірден білінеді. Әрине, шағын ауылдағы күрделі мәселе – бір бұл ғана емес. Мәселен, ауылдағы интернет мәселесі талай жылдан бері тұрғындар тарапынан көтеріліп келе жатса да, әлі күнге дейін оң шешімі табылмапты. Қазіргідей бүкіл тірлігіңнің бәрі интернетке байланып тұрған уақытта, бұл тіпті қиын.

Ең қиыны – әсіресе балалар онлайн сабақ кезінде көпір жағалап кеткен. Себебі интернет «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің бойынан ғана жақсы ұстайды екен. Содан сабақ кезінде ауылдың бар баласы бір-бір телефонды құшақтап, сол көпірді жағалап жүргені. Ал балалардың ата-аналары, жалпы, ауыл тұрғындары автокөлік әрі де, бері де жүйткіп жатқан үлкен жолдың бойында балалар бірдеңеге ұрынып қалмаса деп жанын шүберекке түйіп отырады.

«Ауылдағы күрделі мәсе­ле­нің бірі – жайылым жердің жоқтығы. Есік алдындағы азын-аулақ малына қарап отырған қарапайым халық үшін бұл – күрделі мәселе. Одан кейін ин­тернеттің жоқтығы да – үлкен мәселе. Қалаға жақын орна­лас­қан ауыл болсақ та, бұл мә­селе әлі шешілмей келеді», дей­ді ауыл тұрғыны Жапар Бозымбеков.

Сондай-ақ ауыл тұрғыны Әзімхан Жұ­мабаев та интернет мәселесінің өзек­тілігін, оның жоқтығы мұға­лім­дердің жұмысына да, бала­лардың сабағына да кедер­гі келтіріп отырғанын жет­кіз­ді. Жалпы алғанда, қос­тө­бе­лік жұрт­шылықтың бүгінгі жа­най­қайы осы интернет мә­се­лесі болып отыр. Ал мұндай күрделі мәселені шешуге келгенде әкімдер де әлсіздік танытып отыр екен.

Түрлі деңгейдегі әулие­ата­лық әкім­дер есеп бергенде, ауыл түгіл, сол ауыл­дың әрбір кө­ше­сін­дегі мәселеге дейін шешімін тауып жатқанын айтады. Мұн­дай көрсеткішке көпшілік, әри­не, алғыс білдіреді. Бірақ шын­дығында олай емес екенін осындай мәселелер көрсетіп береді. Қоғамда әлі де көп мәселенің күрделі күйінде қа­лып келе жатқанын осындай жағдайлардан көруге болады. Мәселен, тиісті басшылар жыл сайын өңір ауылдарын интернетпен қамту мақ­сатында жұмыстар жүргізіліп келе жат­қа­нын айтады. Дегенмен облыс орта­лы­ғына ең жақын деген ауылдың ахуалы осындай болып тұрғанда, шал­ғай­дағы шағын ауылдардың жайын айтпаса да болады.

Қостөбе ауылында тек интернет қана емес, байланыстың да нашар екенін ауылға барған­да көрдік. Ұялы телефон ар­қы­лы тілдесу мүмкін емес. Бұл ретте Көлқайнар ауылдық округі­нің әкімі Асылбек Қона­ров тұрғындардың ұйымдас­ты­руымен қазіргі кезде интернет мәселесін шешудің жолын қарастырып жатқанын жет­кізді. Шынында да, интернет мәселесі биыл шешілмесе, жаңа оқу жылында көпшіліктің тағы да көпір жағалап кету қаупі бар. Интернеттің зары өткен тұрғындар: «Артта қалған ауыл бол­дық, бізге ешкім көңіл бөлмейді», деп күйінеді.