• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 13 Тамыз, 2021

Жемшөп өндіруге жете мән беру қажет

651 рет
көрсетілді

Құрғақшылық салдарынан биыл еліміздің мал шаруашылығы саласында күрделі жағдай қалыптасқаны белгілі. Әсіресе Маңғыстау мен Қызылорда облыстарындағы ахуал алаңдатып отыр. Өкінішке қарай, басқа өңірлерде де құрғақшылықтың теріс әсері байқалмай қалған жоқ.

Салада неліктен мұндай жағ­дай қалыптасты? Тығырықтан шығар жол қандай? Көпшілікті алаң­дат­қан сауалдарға Ауыл шаруа­шы­лығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашө­кеев жауап берді. Оның пікірінше, тиісті жемшөп базасын қалып­тастырмай мал шаруашылығын дамыту мүмкін емес. Ал негізгі олқылық осы жерден кеткен.

– Жемшөп базасын дамытпай мал шаруашылығын ілгерілету – үл­кен тәуекел әрі негізсіз қадам. Жаһандық жылынудың салдары­нан климаттың өзгеріп жатқа­ны баршаға аян. Сондықтан құрғақ­шылық секілді тосын оқиғалардың кез келген уақытта орын алуы ықтимал. Тиісінше, бұған ерекше мән беріп, алдын ала дайындалу ке­рек. Өкінішке қарай, биылғы жағ­­дай біздің бұған мүлдем да­йын­­дал­мағанымызды көрсетті, – деді Е.Қарашөкеев Орталық ком­му­ни­кациялар қызметінің брифин­гінде.

Министрдің міндетін атқа­рушы елімізде жыл сайын малдың жемшөбі тиісті нормадан екі есе аз өндірілетінін алға тартты. Мұны ғалымдар талайдан бері айтып та жүр. Мәселен, жемшөптің шамамен 70 пайызы негізінен табиғи шабындықтардан, жайылымдардан жиналады. Ал мұндағы өнімділік ауа райына тікелей байланысты. Бұл өз кезегінде жеке үй шаруашылықтарындағы мал өнімділігінің төмендеуіне алып келеді. Сондай-ақ бізде ауыспалы егістіктегі жемшөп дақылдарының үлесі 15 пайызды құрап отыр. Бұл ғылым ұсынған көрсеткіштен екі есе төмен.

Е.Қарашөкеев елдің назарын аударған Маңғыстау облысын мысалға келтірді. Оның айтуынша, еліміз тәуелсіздік алғанға дейін мұнда 732 мың басқа жуық мал болған. Төрт түлік үшін жалпы ұзындығы шамамен 260 шақырым болатын 3 400 шахталық әрі құбырлы құдық, 43 тоған мен су құбыры салынған. Олардың бәрі ойдағыдай жұмыс істеді. Қазір өңірде 840 мың басқа жуық мал бар. Оның жалпы саны 15 пайызға өскен. Алайда құдықтардың саны 2 500-ге қысқарған. Дегенмен 2014-2020 жылдар аралығында шамамен 400 құдық пен ұңғыма салынып, қалпына келтірілді. Жайылымдардың өнімділігін арттыру қиынға түскен.

– Саладағы жемшөп базасына қатысты мәселені шешу үшін ауа райының әсеріне қарамай-ақ, саланың тұрақты дамуына кепілдік беретін жүйелі шараларды қабылдау керек. Алдымен егіншілікті әртараптандыру маңызды. Ол үшін жерді пайдаланушылар ғылымға негізделген ауыспалы егістікті қатаң сақтауы қажет. Өкінішке қарай, біздің елде осы жағдайға мән берілмей келеді. Жер учаскесін жалдау шартында ауыспалы егістік заңдылығын сақтау міндеттемесі көрсетілсе де, бұл талап қағаз күйінде ғана қалып отыр. Бұл – бір. Екіншіден, жемшөп дақылдары егілетін суармалы жерлердің көлемін арттыру керек. Климаттың өзгеруі су ресурстарының тапшылығына алып келді. Салдарынан суармалы жерлердің көлемі соңғы 30 жылда 1,5 млн гектарға дейін қысқарды. Мұндай жағдайларда заманауи үнемдеу технология­ларына көшу, ылғалды көп қажет ететін дақылдардың алаңын қысқарту, су ресурстарының жаңа көздерін іздеу маңызды, – деді Е.Қарашөкеев.

Жемшөп дақылдары тұқы­мының өндірісін дамыту да назар аударарлық мәселе. Өкі­нішке қарай, бұл бағытта тек 57 шаруашылық қана тіркелген. Олардың өзі толық қуаттылықпен жұмыс істемейді.