• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 13 Тамыз, 2021

Малдың тоқтығы – уайымның жоқтығы

208 рет
көрсетілді

Биылғы жаз еліміздің бірқатар өңіріндегі жаға ұстатар қуаңшылығымен есте қалады. Жаздың екі айында жерге тамшы тамбай, құба дала тақырға айналып, малмен күн көріп отырған жергілікті халықты айтарлықтай тығырыққа тіреді. Мұны Маңғыстау облысындағы қалыптасқан жағдайдан естіп-біліп отырмыз...

 Жаңбырдан бөлек, бұл құр­ғақ­­­шылық дала өрті сияқты апат­­­­тарға да ұрындырды. Мә­се­лен, шілде айының басын­дағы Ұлы­тау ауданында болған алапат өрт­тің өзі табиғи апаттың алдында біздің қандай қорғансыз һәм қау­қар­сыз екенімізді көрсетті.

Міне, осылай қалыптасқан жағдайды саралай келіп, биыл Қарағанды облысында қысқы мал азығын дайындау жұмыстарына ерекше мән берілді. Соның арқасында бүгінде өңір бойынша жоспарланған межедегі жем-шөптің 80%-ы жиналып алынды.

Бұл туралы онлайн режі­мін­дегі кеңесте мәлімдеген об­лыстық ауылшаруашылық бас­қармасы басшысының мінде­тін атқарушы Сырым Бошпанов аталған меженің еліміз бойынша төртінші көрсеткіш екенін атап өтті.

– Бүгінде жоспардағы меже 2,3 млн тонна болса, 1 млн 860 мың тонна ірі жем дайындалды. Оның ішінде 292,2 мың тоннасы – көпжылдық шөп. Бұл –белгіленген көлемнің 80%-­ы. ­Бұдан бөлек 6,5 мың тонна пішендеме, 1,5 мың тонна сүрлем дайындалды, – деді ол.

Биылғы мал азығын дайын­дау науқаны барысында жер­гі­­лікті атқарушы билік тара­пы­­нан қолдау молынан бол­ды. Мы­салы, шөп шабу жұ­мыс­та­­рына қосымша 3 мың тонна ар­зандатылған дизель отыны бө­лінді. Сонымен қатар шөп дайындаушылармен арада 40%-дан аса мал шоғырланған жеке қосалқы шаруашылықтар үшін шөп бағасының көтерілуіне жол бермеу туралы меморандумдарға қол қойылады. Ал жалпы, мал азығын дайындау науқанына облыс көлемінде 30 мыңға жуық техника жұмылдырылған екен.

Аталған онлайн кеңесте Ұлытау ауданындағы табиғи өрт­терден зардап шеккен шаруа қожалықтарына қандай кө­мек түрлерінің көрсетілгені де сөз болды. Өртенген ша­бын­дық жерлер үшін өтемақы ретінде тараптардың келісімі бойынша босалқы жерлерден және фермерлердің пайдаланылмайтын жерлерінен алаңдар бөлінетіні айтылды. Өрт кезінде қаза болған мал үшін фермер 17 млн теңгеге жуық қаражат алады. Қазіргі уақытта бұл мәселелерді жедел түрде шешу үшін өңірлік штабтар жұмыс істеп жатыр екен.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек ағымдағы жұмыстардың жоспар бойынша жүргізіліп жатқанын атап өтті.

– Мал азығын дайындау, егін орағы бойынша көптеген шаруашылықта алға жылжу бар. Жаңбырдың салдарынан үш аудан­дағы жұмыс қарқыны шабандап қалып еді, қазір жағдай оңалды. Олар жиын-терім жұ­мыс­тарын уақытында аяқтай алады деген сенім бар, – деген өңір басшысы туындаған мәсе­лелердің жедел түрде шеші­ліп жатқанына ризашылық білдірді.

Маңғыстау демекші, Қара­ғанды облысының белсенді азаматтары «Қиындықта ел бірге!» атты қайырымдылық жобасына атсалысып, қуаңшылықтан зардап шеккен өңірге шілде айының аяғының өзінде 7 мың тюк шөпті теміржол арқылы жөнелтті. Бұл көмек алдағы уақытта да жал­ға­сын табады дегенді айтады қарағандылық қайырымды жандар.

 

Қарағанды облысы