Алматы облысындағы GATE CITY серіктес қала жобасы қолға алынғаны біраз жыл болған-ды. Осы уақытқа дейін қағаз жүзінде қалып келген бастамаға былтырдан бері жан біткендей еді. Ал күні кеше «ақылды қаланың» аумағында құрылыс жұмыстары басталатын болып, оған облыс әкімдігі мен BI Group холдингінің өкілдері арнайы құжатқа қол қойды.
Кездесуде осы құрылыс мәселесіне қатысты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Екіжақты келісім кезінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов GATE CITY аумағындағы тұрғын үй кешендері құрылысының жобасы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жүзеге асырылатынын айтты. Тұрғын үйлермен қатар мұнда барлық қажетті әлеуметтік нысандар да тұрғызылады.
– GATE CITY Алматы – Өскемен республикалық жолының бойында Алматы-Қапшағай учаскесінде орналасады. Жобаның басты мақсаты – заманауи құрылымдық «ақылды қала» құру, бизнесті дамытуға, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік жасау, Алматы мегаполисінің маңынан жаңа «ақылды қала» салу. Жобаны облыс әкімі ерекше бақылауға алып отыр, – дейді Лаззат Тұрлашев.
Жобаның бас иесі «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы таратқан ақпаратқа қарағанда, бұған корпороция мен құрылыс холдингі өкілдерімен бірнеше мәрте кездесулер өткізіліп, жер учаскелерін бөлу, жобаның экономикалық және техникалық негіздемелері жайлы талқылаулар болған.
– Бұл меморандум бірлескен жұмыстың басталғанын айғақтайды. Енді жобалау, эскиздер дайындау жұмыстары басталады. Учаскеде 100 гектардан астам жерге 590 мың шаршы метр тұрғын үй, үш мектеп, бірнеше балабақша, дәрігерлік амбулатория және басқа да нысандар салу жоспарланған. Сол сияқты саябақтар мен скверлер де жасалады, – деді BI Development Almaty компаниясының бас директоры Айдос Мұқатаев.
Жалпы, Іле ауданы аумағында орналасатын GATE CITY серіктес қаласы инфрақұрылымы дамыған, қаржы-іскерлік, білім және ғылыми-медициналық орталық, өнеркәсіптік және сауда-логистикалық хаб болады деп жоспарланып отыр.