Кез келген мемлекеттің беделі, абыройы – оның спорттағы, әсіресе футболдағы жетістігімен тығыз байланысты екендігін қазіргі ақпараттар легінен-ақ анық аңғаруға болады. Сондықтан дүние жүзінің көптеген мемлекеті, әсіресе футболды жан-жақты дамытуға ерекше көңіл бөледі. Ал біздің еліміздегі футболдың тыныс-тіршілігі қандай?
Өткен ғасырдың 80-жылдары Қазақ КСР Ғылым Академиясының Философия және құқық институтында қызметтес болған, ұлты чешен азаматы, марқұм Шарпадин Чинхоев бірде маған тіке қарап: «қазақтар әнді жақсы айтады, бірақ футболды нашар ойнайды», деп мысқылдай күлгені намысыма тікенектей қадалған еді. Қашанда сәлемі түзу, сыпайы да әдепті адамның мұндай шындықты бетке басқаны ма, әлде намыстарыңды оят дегені ме? Не болса да жауап оның ішінде кетті. Былай қарасаңыз, айтып отырғаны дұрыс. Мәселен, сол кезеңдерде ән кеңістігінде Роза Бағланова, Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегеновалардың жұлдыздары жарқыраса, олардың ізін ала Ескендір Хасанғалиев, Әлібек Дінішев, Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева мен «Дос-Мұқасан» тобы өнер төріне шыға бастаған еді. Ал футболға келсек, кезінде Кеңес Одағы бойынша республикамыздың бетке ұстар жалғыз «Қайрат» командасының құрамында әуелде Тимур Сегізбаев бастаған бірең-саран ғана қазақ болатын, ал өзгелері басқа ұлт өкілдерінен құралған еді. Әріптесім «Қайраттың» құрамында бірнеше чешен ұлтының футболшылары ойнайды деген меңзеген болуы керек (В.Талгаев, Ю.Шадиев, В.Масудов және т.б.). Ал сонда, стадиондағы жанкүйерлердің 90 пайызы өзіміздің қаракөздеріміз еді. Олар ойынды тамашалап, жан-тәнімен қиқу салғанымен, өз іні-бауырларын футбол мектебіне беруге аса құмартпағаны шындық.
Міне, футболға деген жанай қызығушылық пен істің нақтылы межеге жету алшақтығы қайда жатқанын аңғару қиын емес. Бұған қоса, Алматының «Қайратының» бұрынғы бапкері серб Златко Крмпотич (2001 – 2002) «жалпы қазақтардың тума табиғатына сай футбол ойнауға қабілеттері жоқ» деген пікір айтқан. Әрине, бұл біздің ұлтты негізсіз кемсіту, жалған нәсілшілдік түсінік, тіпті қылмыстық сипаты бар жала деуге де болады. Қандай саланы алсаңыз да, қазақтар ешкімнен кем емес. Кем болмайды да. Барлық жетістіктер – жіті тәрбиеге, мақсатын айқындаған пенденің ынта-жігеріне, оның білікті дәрежедегі үздік үлгілерге сай қалыптасуына тікелей байланысты дүниелер. Жер бетіндегі ұлттардың негізгі бітім табиғатында, тума қабілетінде айтарлықтай айырмашылық жоқ, тек ол өзгешелік сырт түсі мен пішінінде ғана байқалады. Әйткенмен, әрқилы себептерге байланысты, қазірдің өзінде, еліміздің ұлттық футбол құрама командасы FIFA рейтингінде 209 мүше-елдерінің арасында 124-орында ғана тұрақтап тұр. Оның өзінде ұлттық өкілдерінен футбол құрама командасы өзге ұлт және легионерлерден құралатынын ескере кеткен жөн.
Әрине аталған серб бапкерінің жөнсіз жаласына жауап ретінде айтарымыз мол. Адамзаттың алуан тірлігінің қай саласында болсын, оның ішінде спорттың да шырқау биігіне көтерілген халқымыздың дарынды түлектері айтарлықтай болған, болады да! Дарынды түлектеріміздің футболда да келешегі мол болары сөзсіз ақиқат. Бірақ... Жер жүзінде футбол аса кең таралып, миллиондаған жанкүйерлердің жанына жақындығын ескеріп, футбол мәселесін басты тақырыпқа арқау етелік.
Сергей Котляровтың футбол ойынына арналып жазылған «Үшкір бұрыштары бар футбол добы» кітабынан тақырыбымыздың астарлы ойын айқындайтын бір көріністі атап өтейік. Автор жас футболшылар Ғани Бегалиев пен Нариман Бегалиндердің аса дарын иелері екендігін сипаттай келе, бірде өзінің әкесі «Қайраттың» бас бапкері В.А.Котляров Ғаниға допты ауада қақпақылдау (жонгилирование) жаттығуын орындауды жүктейді. Сәлден соң оның маңайына жиналған «Қайрат» командасының футболшылары жас футболшының өнерінің соншалықты биіктігіне таң-тамаша болады, өйткені ол допты сан қилы қимылдармен бір сағатқа жуық жерге түсірмей тұрған. Бапкер қайта оралып, Ғаниға енді жеткілікті дегенше, ол допты жерге түсірмепті. Автор Ғани мен Нариманның футболда жарқыраған келешегі барлығы ешкімге күмән тудырмаса керек деп атап өткен. Дегенмен... Өкінішке қарай, сол кітаптан алынған мына цитата талай сырдың бетін ашады: «Бұл екі баланың футболдағы келешегі жоқ болатын, өйткені олардың өмірдегі бағдарлы мақсаттары спорттан әлдеқайда алшақ еді».
Сондықтан ән мен музыканы, сықақ пен ойын-сауық бағдарламалары көтерілген дәрежеде спортқа да көңіл бөлінді. Жас спортшылардың, әсіресе футболшылардың жетістіктері теледидар арқылы кең насихатталса, оларды моральдық-материалдық тұрғыдан ынталандырса, қазақи қауым болып қошеметтеп қолдаса, алдағы уақытта спорт, футбол салаларында үлкен әлемдік жетістіктерге жетеріміз даусыз. Оларға өз ісіне жан-тәнімен берілген аса білікті бапкерлер қажет. Жалпы, республика бойынша селекциялық (іріктеу) жұмыстары жақсы жолға қойылса, ауылдағы дарынды жасөспірімдерді қаладағы спорт мектептеріне тартса, үлкен игілікті іс болар еді. Ағайын-туыс, қауым болып ол дарынды балалардың таңдауын қолдап, батасын беріп аттандырса, алдағы жеңісті күндерге үміт артуға болар еді. Ең бастысы, жасөспірімдер тәуекелге үлкен үміт етіп, бет алғанда, оларға ананың берген құдіретті қуаты мен қайратты күші мол ақ батасы негізгі арқауы болатыны айқын. Ағылшын жазушысы Ульям Теккерей: «Ана – кішкентай балалардың жүрегіндегі және аузына алатын Құдай есімі» деп бекер айтпаған. Бұны ересектер де жадында ұстағандары жөн.
Нақыпбек СӘДУАҚАСТЕГІ,
заңгер-құқықтанушы, публицист