• RUB:
    4.98
  • USD:
    495.95
  • EUR:
    524.37
Басты сайтқа өту
Қазақстан 15 Тамыз, 2021

Белгілі демограф өмірден озды

1657 рет
көрсетілді

Күні кеше 14 тамызда Қазақстанның еңбек сіңірген демограф-статистигі Ерболат Мұсабек 76 жасқа қараған шағында өмірден озды. Бұл туралы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Е.Мұсабек 1946  жылы  Жамбыл облысының  Шоқпар  станциясында  дүниеге  келген. 1970  жылы  Абай  атындағы  Қазақ  педагогика  институтын  математика  мамандығы  бойынша  үздік бітірген. Еңбек  жолын  1963  жылы  Қазақ  темір  жолы №34  жол  бөлімінде  темір  жол  жұмысшысы  болып бастаған.  25  жылдан  астам  уақыт  Қазақ  КСР Мемжоспар  комитетінің  Есептеу  орталығында қызмет  істеді. Халық  шаруашылығын  жетілдіруді жоспарлау жұмыстарына сіңірген қомақты үлесі үшін 1977 жылы «Халық шаруашылығын жоспарлау үздігі» деген белгісімен марапатталған.

Ерболат  Нығыманұлы  мемлекеттік  статистика  органдарында  1997  жылдан  бастап  жұмыс  істеді. 1971  жылдан  бері демографиялық зерттеулермен, әр түрлі демографиялық  есептеулердің  бағдарламалық  жасақтамасын  әзірлеумен  және  оны  жүргізумен айналысты. Ол  талай  халықаралық  семинарлар мен  жобаларға  қатысты.  20-дан  астам жарияланымы  бар. Келушілер  әдісі бойынша  «Халық  көші-қоны»,  «Жанбасылық  халық тіркелімі»  кешендерін  жасап,  жетілдіріп,  әкімшілік-аумақтық  нысандар  жіктеуішін  құрастырып,  оны ведомстволық,  кейін  мемлекеттік және ұлттық жіктеуіш ретінде қолданысқа енгізді. 

Сонымен қатар  Қазақстандағы  алғашқы мульти-индикаторлық  кластерлік  зерттеуді  (МИКЗ) басқарып,  бұл  зерттеудің  деректер  базасын құрастырды  және  кейінгі  МИКЗ-лерді  жүргізуге, қорытындыларын шығаруға белсене атсалысты. 2009 жылы Ұлттық халық санағының қорытындысын шығару кезінде аянбай еңбек  етті. Сондай-ақ Е.Мұсабек елімізде екі рет жарық көрген «Қазақстанның  Этнодемографиялық жылнамалығының»  авторы.  2009  жылы Қырғызстандағы  Халық  санағының  кеңесшісі  қызметін атқарды. 2007-2011 жылдары  Қазақстанның  демографтар қауымдастығының президенті боды.

Мемлекетке сіңірген еңбегі, белсенді қоғамдық қызметі  және  елдің  әлеуметтік-экономикалық дамуына  қосқан  үлесі  үшін  2005  және 2016 жылы екі мәрте  Қазақстан Президентінің «Құрмет» грамотасымен  марапатталды. 

Жоғары кәсібилігі және Қазақстанның мемлекеттік статистикасын жетілдіруге қосқан зор үлесі үшін 2005 жылы «Қазақстан статистикасының үздігі» атағы және «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісі берілді. 2011 жылы «Құрмет» орденімен және «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медалімен, 2014 жылы «Еңбек Ардагері» медалімен және «Статистика үздігі» төсбелгісімен, 2015 жылы «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» мерейтойлық медалімен, 2016 жылы «ЮНИСЕФ-ке 70 жыл» мерейтойлық медалімен, 2021 жылы 75 жылдық мерейтойына алғыс хаттармен марапатталған.

Ерболат Нығыманұлы Қазақстанның белгілі демографы, еңбек сіңірген қайраткері, өз ісінің шебері және талантты адам еді. Оның барлық еңбегі Қазақстанның демографиянсын дамытуға және қалыптастыруға бағытталды және оның жұмыстары ТМД елдерінде де кеңінен танымал болды. 

«Ерболат Нығыманұлының демографиялық ғылым мен демографиялық талдаудың дамуына қосқан үлесі баға жетпес. Марқұмның жарқын бейнесі біздің есімізде мәңгі сақталады! Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы марқұмның әріптестеріне, туған-туыстарына, жақындарына қайғырып көңіл айтады», деді Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов.