• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 15 Тамыз, 2021

FinTech: Компаниялардың аяқ алысы қандай?

373 рет
көрсетілді

«Астана» халықаралық қаржы орталығының технологиялар хабы ішкі нарықтың дамуына қатысты жүргізілген зерттеудің қорытындысын жариялады. Онда FinTech бағытында жұмыс істейтін компаниялар туралы нақты деректер ұсынылған әрі саланың әлеуеті барынша анық көрсетілген.

Зерттеу тобы саладағы толық кар­ти­наға көз жеткізу үшін FinTech-стар­таптардың негізін қалаған кәсіпкерлер арасында сауалдама жүргізген. Олар өз тәжірибесі, нарығы, инвестиция тарту және өзге ойыншылармен қарым-қатынас орнату туралы сұрақтарға жауап берген.

– Қазақстанда FinTech-стартаптар­дың экожүйесі дамудың бастапқы сатысында тұр. Алайда қазірдің өзінде нарықтың әлеуеті жоғары екенін атап өтуге болады. Демек даму үшін негізгі алғышарт бар. Біздің зерттеу көрсеткендей, FinTech-стартаптардың орташа жасы 1-3 жылға дейінгі аралықты құрайды. Олардың үштен бірі алғашқы сату сатысында тұр. Компаниялардың 40 пайызының кірісі өсіп келеді. Ойыншылардың 16 пайызы жаңа нарықтарға бейімделіп, көкжиегін кеңейтуде. Жобалардың 9 пайызы енді-енді жетілу үстінде, – дейді АХҚО Tech Hub құзыреттілік орталығының басшысы Айнұр Жантөрина.

Қаржылық технологиялардың көп та­ралған түрінің қатарында төлемдер, аударымдар, мобильдік әмияндар (20 пайыз) және қаржылық бағдарламалық қамтамасыз ету бағыты (18 пайыз) бар. Сонымен қатар стартаптардың 15 па­йызы электронды саудамен, 11 пайызы жинақ және инвестициямен, 10 пайызы несие берумен айналысады. Сақтанды­ру саласындағы жобалардың үлесі – 4 пайыз.

Бұл салаға негізінен кәсіпкерлік тұр­ғысынан жетілген адамдар келеді. Сон­дықтан FinTech-стартаптардың негізін қалаған адамдардың орташа жасы 25-40 жасты құрайды. Олардың көбі ІТ немесе бизнесті басқару салаларында жоғары білім алған. Мұндай жобаларды жүзеге асыруға ер адамдар белсене кіріседі екен. Олардың дені Нұр-Сұлтан (49 пайыз) және Алматы (44 пайыз) қалаларында тұрады. FinTech-стартаптардың негізін қалаған әйелдердің үлесі – 18 пайыз.

Сауалдамаға қатысқан кәсіпкерлердің 18 пайызы үшін FinTech-стартап – негізгі қызмет, ал 18 пайызы үшін әдепкі жалдамалы жұмыс. Респонденттердің 31 пайызында бірнеше стартаптың бары анықталды. Атап өтерлігі, сауалдамаға қатысқандардың 14 пайызы жоғары білім алуда немесе штаттан тыс жұмыс істейді.

Отандық FinTech-стартаптардың не­гізгі нарығы – Қазақстан. Олардың 49 пайызы ішкі нарыққа негізделген. Одан кейінгі орында ТМД нарығы тұр. Өз жобаларын жүзеге асыратындардың 22 па­йызы аталған нарықтан орын алуға ниет­ті. Сонымен қатар FinTech-стартаптар­­дың 12 пайызы Азия нарығына, 10 пайызы Еуропаға және 7 пайызы АҚШ нарығы­на жол тапқан. Бұл ретте кәсіпкерлердің ­ 72 пайызы халық­аралық нарыққа шығуды көздеп отыр.

FinTech-стартаптарды жүзеге асыратын ұжымдардағы адам саны аса көп емес. Мәселен, сауалдама сұрақтарына жауап берген кәсіпкерлердің 8 пайызы жобамен жалғыз өзі айналысады екен. 18 пайызында 2-4 адам еңбек етеді. FinTech-стартаптардың 28 пайызында 5 адамнан жұмыс істесе, 18 пайызы командада 7-10 адам бар деп жауап берген. Тек 15 пайызының штаты ғана 20 адамнан көп.

FinTech-стартаптардың 70 пайы­зы кәсіпкерлердің өз қаражатына негіз­делген. Жобалардың 21 пайызын бұл са­лаға қатысы жоқ инвесторлар қаржы­ландырып отыр. 7 пайызы мемлекеттік гранттар арқылы іске қосылған.

Қазақстандық FinTech-стартаптардың негізін қалаушылар қаржы институттарымен ынтымақтастықтың басым моделі ретінде банктерді таңдаған. Банктерді әріптестікке тартқан жобалардың үлесі – 42 пайыз.

Кәсіпкерлердің 21 пайызы «Банк – қаржыландыру көзі» нұсқасын таңдаған. Ал 9 пайызы заңгерлік және техникалық тұрғыдан тәлім алуға дайын екендерін атап өткен. Компаниялардың 9 пайызы банктерді клиент ретінде көргісі келеді. Респонденттердің 9 пайызы қаржы институттарымен әріптестік орнатуға мүдделі емес.

FinTech-стартаптарының 32 пайызы үшін табыс табудың негізгі моделі – тран­­закциялық кіріс. Отандық компа­ния­лардың 29 пайызы тікелей сатылымдарды жүзеге асырады. Жазылымдар арқылы табыс табатындардың үлесі – 27 пайыз. Компаниялардың 12 пайызы жарнамадан табыс түсіреді.

FinTech-стартаптардың жартысына жуығы (41 пайыз) пандемия мен эконо­микалық дағдарыста бизнес үшін тиім­ді жаңа мүмкіндіктер барын байқап, соны өз пай­даларына жаратқан. Бұл ретте кәсіп­керлердің 23 пайызы өнімді нарықтағы жаңа жағдайларға бейімдей бастағанын, ал 8 пайызы жобаның өзектілігіне бай­ланысты инвесторлар тарапынан қызы­ғушылықтың күрт өскенін атап өткен. Сонымен қатар кәсіпкерлердің 13 пайы­зының сатылымы күрт төмендесе, ал 11 пайызы нарықтағы қызметті тоқтату туралы айтылып жүр.

Кәсіпкерлердің үштен бірі ақшаның жетіспеушілігі мен қаржыландыруда­ғы шектеулерді саладағы негізгі проблема санайды. Елдегі реттеу мен бюро­кра­тия компаниялардың 25 пайызына үл­кен сынақ тудырған. Сондай-ақ сауалдамаға қатысқандардың 15 пайызы бәсекелестіктің бәсеңдігін, 11 пайызы салада сапалы кадрлардың жоқтығын алға тартқан. Кәсіпкерлердің 10 пайызы инфрақұрылым жайын тілге тиек етіпті.

Стартаптардың негізін қалаушылар қаржыландыруды (21 пайыз), халық­аралық нарықтарға шығуды (19 па­йыз), сапалы команда құруды (19 пайыз), корпорациялармен және банктермен серіктестік орнатуды (16 пайыз), сондай-ақ салық заңнамасындағы өзгерістерді (8 пайыз) бизнестің дамуына оң әсер ететін негізгі факторлар санайды.

Зерттеу барысында АХҚО техноло­гиялар хабы 15 әлеуетті отандық FinTech-стартаптардың қызметіне талдау жаса­ған. Олар – Biometric, Boollo.safe, Bueno!, Lending Star, Mobile Finance Service, Monetika, Paloma 365, Рахмет, reKassa, Sagi, Senim, Tabys, Tayyab, Tuvis және Verigram.

Еске сала кетейік, АХҚО қаржы тех­но­логиялары саласындағы жаңа өнім­дер мен қызметтерді әзірлеушілерге әр­­дайым көмек қолын созып келеді. Сон­дай демеудің бірі – акселерация­лық және инкубациялық бағдарламалар­ды ұсыну. Яғни стартаптар менторлар­мен тығыз жұмыс істеп, қажетті құзыреттер­ді да­мытуға мүмкіндік алады. Бұл ретте Орта­лық Азия мен ТМД-дан келетін стар­таптар үшін инвестициялар тарту әрі мәмілелерді жүзеге асыру бойынша мүмкіндіктерді кеңейтуге ықпал ете­­тін корпоративтік инновацияларды дамыту және венчурлік капитал үлкен қолдауға ие. Осылайша, АХҚО реттеуші элементті, стартаптарды қолдауды, инвес­тициялар тартуға көмек көрсетуді және корпорацияларға FinTech-шешімдерді енгізуді қамтитын кешенді экожүйені құру үстінде.