• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 16 Тамыз, 2021

Қазақстандағы инвестиция: Мұнайдан бастап сирек кездесетін металдардың бәрі қызықтырады

304 рет
көрсетілді

Қазақстанға саяхаттағанда Сингапур туралы ойламау мүмкін емес. Бүкіл жағынан әртүрлі. Бірақ екеуі де – постколониялық көшбасшылардың қажырлы еңбегі. Ерекше көзқарасы бар ерекше адамдар. Сонымен қатар егер инвестор ретінде қаржы салатын жер іздесеңіз, Орталық Азияда көркейіп келе жатқан жарқын болашақтың бір бөлігіне айналғыңыз келетіні сөзсіз.

Сингапурдың бұрынғы премьер-министрі, марқұм Ли Куан Ю Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін кедей қаланы британдықтардан қайтарып алып, оны экономикалық сүйреуші күшке, қала-мемлекетке айналдырды. Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев теңізге шыға алмайтын, кеңестік Ресейдің қатыгез қысымына ұшырап, қолжаулығына айналған елді басқарып, оны Кеңес Одағы құрамында болған Орталық Азия республикаларының ішіндегі ең табысты елге айналдырды. «Азиялық жолбарыстар экономикасы» секілді теңдессіз қазынаға ұқсас нәрсе.

Назарбаев билікке Ұлы Далаға тараған елдің коммунистік билеу­шілерінің бірі ретінде келді. Бүгінгі Қазақстан – үлкен кенептің алдында отырып, өз елінің болашағы жөніндегі көзқарасын суретке салған осы адамның туындысы.

1991 жылы Кеңес Одағы ыды­раған кезде Назарбаев Қазақстан Ком­партиясы Орталық Комитетінің бірін­ші хатшылығынан Қазақстан Рес­публикасының Тұңғыш Президенті қызметіне дейін атқарды. Елдегі жағдай өте қиын еді. Кеңестік Ресей бұл аумақты ойға келмейтін нәрсеге пайдаланды. Адамдарды Гулаг түрмелеріне қамады, ядролық сынақтар өткізіп, ядролық қалдықтарды төкті. Бұған қоса, ғарыштық зондтар ұшырылды.

Кеңес Одағында Қазақстан ластау­шы, қауіпті немесе адамгершілікке жат әрекеттерге арналған деп есептелді. Қазақтардың үштен бір бөлігі 1930 жылдары ауыл шаруашылығын аяусыз ұжымдастыру кезінде кеңес коммунистерінің кесірінен аштықтан өлді. Себебі көшпенділерді малдарын тастап, отырықшылануға мәжбүрледі. Қазақ мәдениеті мен тіліне тыйым салынды, этностық орыс халқы жалпы халықтың 50 пайызына жетті.

Бүгінде тамыры түркі қазақтар халықтың 70 пайызын құрайды, олардың мәдениеті мен тілі басым. Кей орыстар, украиндар мен немістер елден кетіп қалған. Бірақ одан да маңыздысы мынада. Қазақтар өз елдеріне Қытайдан, Ресейден және көрші елдерден оралды. Қазақ диаспорасы қалпына келді.

1991 жылы тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Ал елорда – Нұр-Сұлтандағы (бұрынғы Астана) қазіргі заманауи көрініс елдің экономикалық дамуға, шетелдік инвестициялар мен тәжірибеге деген қажеттілігін білдіріп тұрғандай.

Батыс компанияларының «тасқыны»

Американың ірі қайраткерлері бастаған батыс компаниялары алдымен мұнай-газ секторына, содан кейін басқа да көптеген салаларға инвестиция сала бас­тады. Олардың қатарында теміржолға және баламалы энергияға қызығушылық танытқан GE компаниясынан бастап, инженерлік гигант Fluor мен PepsiCo және Procter & Gamble секілді тұтыну тауарларын шығаратын компанияларға дейін бар. Тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 2020 жылы 161 миллиард долларды құрады. Соның 30 миллиард доллары АҚШ-қа тиесілі.

Теңізге шыға алмайтын ірі мемлекет, әлемдегі тоғызыншы территория, үш уақыт белдеуін құрайтын және 19 миллион халқы бар елді Назарбаев мұнай мен газдың арқасында өзгертті. Экономикалық қарқын жалғасып жатыр.

Ішкі жалпы өнім көлемі өскен кезең де (10 пайыздан астам) және баяулаған жылдар да (өсім негізінен 4,5 пайыз) кездесті. Қазақстан үкіметі мұнайға тәуелділіктен құтылуға бел байлап, шикізат экспортынан бас тартып, экономиканы әртараптандыруға ден қойды. Қазақстанда өндіріс көлемі ұлғайып, қосымша құн жоғарыламақ.

Дүниежүзілік банк Қазақстанды бизнеске қолайлы 150 елдің ішінде 25-орынға орналастырып, бизнес ортасы жеңіл мемлекет ретінде қарастырады. Ел өзін бизнеске қолайлы етуге және орталық жоспарлаудағы әлсіз жақтарды жөндеуге тырысады деп айтуға толық негіз бар.

2019 жылдың наурызында Назарбаев отставкаға кетті. Конституцияға сәйкес, Сингапур мен Қытайда жұмыс істеген дипломат Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттің міндетін атқарушы болды. Ол 2019 жылғы маусымдағы сайлауда 71 пайыз дауыспен жеңіске жетті.

Көшпелі халық кеңестік мемлекетке айналып, қорлық пен қиындыққа тап келгенімен, кейінірек заманауи, болашаққа нық қадам басқан ел атануы АҚШ пен Еуро­падан оралған студенттердің арқасында тез жүзеге асты.

Олар – посткоммунистік Қазақстанның жаңа басқару элитасын тәрбиелеу үшін басталған «Болашақ» бағдарламасының түлектері. Олар қазақтардың жаңа ортасын құрайды. Студенттер өздерімен бірге Батыстың іскерлік тәжірибесін әкелді. Сондай-ақ олар ағылшын тілінде сөйлейді.

Қазақстанды бақылаушылар осынау жас менеджерлер инвесторларға есікті одан да кеңірек ашады деп күтеді. Өйткені көптеген секторларда жасырын қазына бар.

Байлықтың молдығы

Мұнай мен газ ресурстарынан кейін (Қазақстан тәулігіне 1,5 миллион баррель мұнай өндіреді және газ көлемі артады) уран басымдыққа ие. Қазақстан әлемдегі уран өндіруші ірі ел саналады және қоры бойынша Аустралиядан кейін екінші орында тұр. Елде көмірдің орасан мол қоры бар. Оны электр энергиясын өндіруге жұмсайды. Басқа ресурстар қатарында боксит, хром, мыс, темір, вольфрам, қорғасын, мырыш бар.

Тегіс қазақ даласы – жел энергия­сын өндіруге таптырмас мүмкіндік. Бәлкім, әлемдегі ең үлкен алқап шығар. Осындай газ өнеркәсібі бар елде жел энергиясына негізделген сутегі өнеркәсібін неге дамытпасқа? Оның қазба байлығының құрамында жел қондырғылары мен заман­ауи электроникаға қажет сирек кездесетін металдар бар.

Қазақтар көліктік инфрақұрылымды жақсартуға талпынып жатыр. Теңізге шыға алмайтын елден тауарларды тасу, баға бәсекелестігін сақтау үшін заманауи автомобиль жолдары, темір жолдар, әуежайлар мен құбырлар қажет. Ұлы Жібек жолы Қазақстан арқылы өтті. Осы орайда, мемлекет тағы да Орталық Азиядағы ең үлкен желі болуды көздейді. Ал оның кең-байтақ жері Қытай мен Еуразия нарығына  органикалық азық-түлікті көп мөлшерде бере алады. Tyson Foods тауық пен сиыр етін өндіруге инвес­тиция салмақ.

Қазақстанның өркендеуі үшін білікті дипломатия қажет, ал қазақтар өздерінің дипломатиялық қабілетімен мақтанады. Елдің бірнеше эмоциялы көршісі бар. Қазақстан солтүстікте және солтүстік-батыста Ресеймен, шығыста Қытаймен, оңтүстікте Қырғызстанмен, Өзбекстанмен және Түрікменстанмен шектеседі.

Жақсы көршілік дағдыларына сүйене отырып, қазақстандықтар Ирландия, Швейцария және Финляндия сияқты дау­ларды бейбіт жолмен шешуге оңтайлы алаң ұсынатын елдердің шағын тобына қосылудан үміттенеді.

Әлеуметтік тұрақтылық туралы бірнеше сөз айтсам. Кейде мұнай кен орындарында наразылықтар мен сайлауға қатысты шерулер өтті. Елде, негізінен, мұсылмандар тұрады. Діни әртүрлілікке жол беріледі, тіпті оны қолдайды. Мен Нұр-Сұлтандағы ғибадат орындарында рим-католик епископымен, бас раввинмен және протестанттық пастормен сөйлестім.

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – қаржылық қызметтердің жылдам дамып келе жатқан орталығы. Ол Дубай үлгісіне сүйенеді, қаржы мен технология секторы, жасыл қаржы орталығы мен исламдық қаржы орталығымен мақтана алады. АХҚО Лондон биржасымен бірге финтек және уран компанияларының IPO-сына қатысады.

Алайда АХҚО елдің құқықтық жүйесі әлі де халықаралық стандарттарға сәйкес келмейтінін мойындап, Англия мен Уэльстің отставкадағы Бас судьялары мен істерді жүргізетін – дауларды шешетін, азаматтық істерді қарастыратын, арбитражды басқаратын ағылшын судьяларының көмегімен ағылшынның жалпы құқығын қолданады.

Шамасы, ерік бар жерде әрдайым шешім бар.

 

Левеллин КИНГ,

Forbes журналы