АҚШ президенті Барак Обама арнайы қызмет өкілеттілігін қайта қарастырып, оған кейбір шектеулер қоюды ұйғарды. Бұл туралы 24.kz хабарлады.
АҚШ-тың әділет министрлігі алдында ондаған адам ұлттық қауіпсіздік агенттігінің тыңшылық әрекеттеріне шек қоюды талап етіп, наразылық акциясын ұйымдастырған болатын. Азаматтардың жоғалған сенімін қайтару мақсатында мемлекет басшысы бұл мәселе бойынша біраз түзету енгізуді жөн көрген секілді. Осы орайда, Барак Обама ұлттық қаіпсіздік агенттігі реформасының негізгі ережелерін жария етті. Атап айтқанда, президент АҚШ-пен достық қарым-қатынастағы мемлекет басшыларын бақылауға тыйым салып отыр. Сондай-ақ құжаттағы негізгі өзгерістердің бірі телефон тыңшылығына қатысты болды. Мәселен, арнайы қызмет өкілдері қарапайым азаматтардың телефонын тыңдамас бұрын енді сот жарлығын алып отыратын болды. Дегенмен, көпшіліктің ойынша, бұл тек сөз жүзінде ғана іске аспақ. Олар арнайы қызметтің тыңшылық әрекеті жуық арада тыйылмайды деп үрейленуде.
«Барлау қызметі өзге елдер билігінің мақсат-ниеттері жайлы ақпарат жинап отыруын жалғастырады. Бірақ, бізбен тығыз қызмет ететін мемлекеттердің билігі мен басшылары ол үшін алаңдамаса болады. АҚШ оларға серіктес ретінде қарап, сенім білдіреді», – дейді Барак Обама.
Айдар Өрісбаев.
Дереккөз: 24.kz
Фото: Mk.ru